"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


«ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТЫ ЖОҒАРЫ»

Сенбі, 09 Қыркүйек 2017 13:53
«ЖАСТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТЫ ЖОҒАРЫ»

 

Н.Назарбаев: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелiк қабiлетiмен айқындалады. Сондықтан, әрбiр қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлiк сауаттылық, шет тiлдерiн бiлу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркiмнiң алға басуына сөзсiз қажеттi алғышарттардың санатында.

 

Сол себептi, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тiлде бiлiм беру», «Мәдени және конфессияаралық келiсiм» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы».

Атақты Бернард Шоудың «Жастық шақ – әсем зат, оны жастардың оңды-солды шашуы қылмыс» деген сөзi бар. Мемлекет үшiн жастардың өмiрi, құқығы, қызығушылығы, арманы қашан да маңызды рөлге ие. Себебi, олар болашақтың бастауы. Бүгiнгi бiздiң сұхбаттасымыз облыстық жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқармасы әкiмшiлiк-ұйымдастыру бөлiмiнiң бас маманы – Нұржан АСАНОВ.

 

– Нұржан Нартажыұлы, оқырмандарымызға алдымен өзiңiздiң еңбек жолыңызды таныстырып өтсеңiз...

Мен 2002 жылы Қазақ гуманитарлық заң институтын заңтану мамандығы бойынша бiтiргенмiн. Сол жылы әскерге аттанып, Отан алдындағы борышымды өтедiм. Араға бiр жыл салып Мақтаарал аудандық сотында судья көмекшiсi болып қызмет атқардым. 2004–2005 жылдары Мақтаарал аудандық iшкi iстер басқармасында тергеушiнiң көмекшiсi және ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлiмiнiң инспекторы болдым. 2005 жылы Шымкент қаласының Абай ауданы әкiмдiгiнде бас маман болып мемлекеттiк қызметке араласа бастадым.

Ең алғаш жастар өмiрiне араласа бастауым 2009 жылмен тұспа-тұс келедi. Сол жылы ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi Балалардың құқықтарын қорғау комитетiнiң, Оңтүстiк Қазақстан облысы балалардың құқықтарын қорғау департаментiнiң қорғаншылық және балаларға көмек көрсету бөлiмiнiң бас маманы болып тағайындалдым. Осы салада төккен терiм мен еңбегiм бағаланып аталмыш бөлiмнiң бастығы қызметiне көтерiлдiм.

Ал, 2014–2015 жылдары облыстық бiлiм басқармасының қамқоршылық және қорғаншылық бөлiмiнiң бас маманы болып қызмет еттiм. 2016 жылдың наурыз айынан берi Оңтүстiк Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелерi жөнiндегi басқармасы әкiмшiлiк-ұйымдастыру бөлiмiнiң бас маманы қызметiн атқарудамын.

– Байқасақ негiзiнен жасөспiрiмдер мен жастардың құқығы, олардың арасындағы қылмыстың алдын алу жолында еңбек еткен екенсiз...

– Ия, облыстағы жастар өмiрiне ерте араласуымның өзi менi шыңдады десем болады. Мемлекеттiк қызметке 24 жасымда келдiм. Сол кезден бастап балалардың, жастардың құқықбұзушылығы бойынша қызмет атқардым. Кентау қаласындағы қиын балаларды түзету мекемесiнде кураторлық қызметте болдым. Мұның бәрi менiң тәжiрибемнiң толысуына көп септiгiн тигiздi.

Бүгiнгi Қазақстанның жастары құқықтық сауаттылыққа көп көңiл бөле бастады. Осыдан 10 жыл бұрынғы жастар мен қазiргi жастарды салыстыру қиын. Түнгi көше рейдтерiне көптеп шығамыз. Өз құқығын бiлiп, бәрiн заңды жолмен шешуге ұмтылатын жастардың қарасы көбейгенi қуантады.

Бiр жағынан бұл ата-аналардың жауапкершiлiгiнiң артқандығының белгiсi. Түнгi сағат 11-ден кейiн кәмелетке толмаған балаларды көшеден кездестiру қиын. Себебi, заң қатал. Яғни мемлекетiмiздiң саясаты өз жемiсiн бере бастады деген сөз. Елбасымыздың сөздерi iс жүзiнде жүзеге асып жатыр деп толықтай айта аламын.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында өзектi мәселелер қозғалған. Атап айтқанда, ұлттық сананы жаңғырту ерекше маңызға ие. Рухани жаңғыру үшiн ұлттық менталитет пен ұлттық кодтың сақталуына айрықша мән беруiмiз қажет. Егер ұлттық менталитет әрбiр ұлттың өзiндiк бiтiм-болмысы болса, ал, ұлттық код – рухани сананың алтын өзегi болуға тиiстi. Сондықтан да Елбасы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай бiлу» деп орынды атап көрсеттi. Мiне, осы мәселелер жастардың өмiрiне әсер етiп, тың серпiлiс әкелерi даусыз.

Сұхбаттасқан Ерболат Айнабеков, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper