"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


«СIЗДЕР ЖЕҢIМПАЗ ХАЛЫҚСЫЗДАР» ауғанстандық студент Ассамблея мүшелерiне осылай дедi

Бейсенбі, 25 Мамыр 2017 12:24
«СIЗДЕР ЖЕҢIМПАЗ ХАЛЫҚСЫЗДАР» ауғанстандық студент Ассамблея мүшелерiне осылай дедi

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

«Бiз күн сайын кешке Аллаға сиынып, жанымызды шүберекке түйiп жатамыз. «Ертеңгi күндi көремiз бе, жоқ па» деген үрей маза бермейдi. Таң шуағын көрген сайын басымыздың амандығына қуанып, шүкiршiлiк етемiз. Өйткенi, бiздiң елде қай жерде бомба жарылатынын, қашан атыс басталып кететiнiн бiлмейсiң. Ал, Қазақстанда тыныштық пен бейбiтшiлiк орнаған. Сол үшiн Сiздер бақыттысыздар! Менiң өмiрден түйгенiм, жеңiс деген соғыстағы жеңiс емес екен, ынтымақ пен бейбiтшiлiктi сақтап қалу – нағыз жеңiс. Демек, Сiздер жеңiмпаз халықсыздар!»

 

Оңтүстiк Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мерекелiк ХХ сессиясында сөз сөйлеген Ясир Рашид осылай дедi. Ол – Түркiстан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң студентi. Ясир өзiне уақыт талабына сай бiлiм алуға жағдай жасаған Қазақстан мен оның Президентi Н.Назарбаевқа ризашылығын бiлдiрдi. Арманы бiлiктi маман болып, Ауғанстанның бейбiтшiлiгi мен гүлденуiне үлес қосу екенiн жеткiздi. Сессияға қатысқан облыс әкiмi, облыстық ҚХА-ның төрағасы Жансейiт Түймебаев Ясир Рашидке шынайы лебiзi үшiн алғысын бiлдiрдi.

-- Бiз кейде ынтымақ пен бiрлiк дейтiн қасиеттi ұғымдарды баяндамалар арқылы құлақты жауыр ететiн қызыл сөзге айналдырып аламыз. Ал, мына өрiмдей жас жiгiт ақиқатты айтып отыр. Оның балалық шағы сол оқ пен оттың арасында өттi. Алыстағы Ауғанстан мен iргедегi Украинаға қараңыздар, ойланыңыздар. Теледидардан көрсетiлiп жатқанның бәрi кино емес, өмiрдiң ащы шындығы. Мен елшiлiк қызмет атқарған кезiмде Түркиядағы жағдайды көзiммен көрдiм. Сирияның Түркиямен шектесетiн шекарасына жеткен балалы аналардың шатырлардың астында зар жылап отырып, жүрек жалғағанын көрдiм. Бүгiнде бiр ғана Түркияда Сирия мен Ирактан барған 3 миллион босқын бар. Олар аман қалу үшiн туған жерiн, елiн тастап, Стамбулдың көшелерiнде қайыршының күйiн кешуде. Сондықтан бейбiтшiлiк пен ынтымақтың қадiрiн бiлiп, аянбай еңбек етуге тиiспiз, -- дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

Өңiр басшысы қазiр ән мен бидiң заманы емес, ой жарыстыратын, аянбай еңбек ететiн уақыт екенiн айтып, облыстық Ассамблея қызметiнiң басым бағыттарын көрсетiп бердi. Оның айтуынша, Ассамблеяның негiзгi жұмысы – Елбасы ұсынған стратегиялық маңызға ие құжаттарды тұрғындарға түсiндiру. Осы мақсатта облыстық ҚХА өткен жылы барлық аудан, қалаларда 200-ден астам кездесу өткiзiптi. Сондай-ақ, әкiм әртүрлi этнос өкiлдерiнiң кәсiптiң бiр түрiне бейiмделгенiне тоқталды. Мысалы, өзбек халқы егiншiлiк пен құрылыс саласына, тәжiктер жылыжай шаруашылығына, күрдтер көлiк-логистика қызметiне дегендей. Облыс басшысы Ассамблея мiне осы тәжiрибенi өзге этностарға да таратуға, кәсiптiң қыр-сырын үйретуге мұрындық болуы тиiс екенiн атап көрсеттi.

Айта кетейiк, этносаралық ынтымақты нығайтуға қосқан үлесi үшiн бiр қатар азамат облыс әкiмiнiң Грамотасымен марапатталды.

Сессияда белгiлi қоғам қайраткерi Шалатай Мырзахметов рухани жаңғыру жайлы, облыстық немiс этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Елена Мартынова латын әлiпбиiне көшу төңiрегiндегi, ал, Кентау трансформатор зауытының бiлiктi маманы Иосиф Марцичук индустрияландыру бағдарламасы туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар сессияға өткен жылы Солтүстiк Қазақстан облысына қоныс аударған Бауыржан Үсенов есiмдi азамат арнайы келiптi. Ол күнгейден өзiмен бiрге қоныс аударған 70 отбасының сәлемiн жеткiздi. Айтуынша, 70 шаңырақ бiрiгiп, бiр кооператив құрып, 7 000 гектар жерге егiн егiп, берекелi тiрлiк кешуде. Олар терiскейге тез үйренiсiп алыпты, барлығының баспана мәселелерi де шешiлген. Бауыржан сессияға қатысушылар арқылы облыстағы жұмыссыз жүрген азаматтардың барлығын солтүстiк өңiрлерге шақырды.

Айта кетейiк, сессияда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлығына облыстық кәрiс этномәдени орталығының төрайымы Роза Пак пен облыстық грузин этномәдени орталығының төрағасы Заал Бочоришвили сайланды.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper