"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«САБЫР ТҮБI – САРЫ АЛТЫН»

Сейсенбі, 12 Желтоқсан 2017 10:26
«САБЫР ТҮБI – САРЫ АЛТЫН»

 

Қазақ-қырғыз қарым-қатынасы қалыпқа түсе бастады. Өткен аптаның соңында Минскiде өткен Ұжымдық қауiпсiздiк шарты ұйымының кезектi басқосуы кезiнде ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының жаңадан сайланған президентi Сооранбай Жээнбековпен кездесiп, екi ел шекарасындағы жағдай бойынша келiссөздер жүргiздi. Елбасы өзара ынтымақтастықты нығайту жөнiнде «жол картасы» әзiрленгенiн, қос үкiмет бiрлесiп оны жүзеге асыруы тиiстiгiн айтты. Сондай-ақ, Елбасы көршi мемлекеттiң басшысының өтiнiшi бойынша «Қордай» кеден бекетiн уақытша ашуға келiсiм бергенiн, бiрақ, заңсыздыққа жол бермеу үшiн ол жерден өтетiн тауар қос тараптан да бақыланатынын ескерттi. Сондай-ақ, кеден бекетiнде Еуразиялық экономикалық одақ тарапынан үш бақылаушы шақырылатынын да жеткiздi. Нұрсұлтан Назарбаев Сооранбай Жээнбековтi сайлаудағы жеңiсiмен құттықтап, оған табыс тiледi және желтоқсан айында Астанаға мемлекеттiк сапармен келуге шақырды.

 

Елбасы көршi елдiң жаңа басшысының қолын алып тұрып: «Бiздiң қарым-қатынастарымыз не себептi нашарлап кеткенi баршаға белгiлi. Бiрақ, бiз өзара байланыстар мен достық, туысқандық қарым-қатынасты қалпына келтiруiмiз керек. Бүгiнгi келiсiмдер екi халықтың игiлiгi үшiн жасалды. Менiң туысқан қырғыз халқына ақ пейiл мен iзгi тiлектен басқа айтарым жоқ» дедi. Бұл арадағы тоңның жiбiп, көршiлердiң бiр-бiрiне жылы жүзбен қарай бастағанын көрсетедi. Осылайша, қазақ дипломатиясы тағы бiр сынақты еңсерiп, тағы бiр жеңiске жеттi. «Қазақ-қырғыз бiр туған» деген бабалар өсиетiн жоққа шығарып, туысқан халықтардың арасына от тастамақ болғандардың мысықтiлеуi iске аспай қалды.

Президенттiк қызметiн тапсырған Атамбаевтың кiм болғаны, қазiр кiм екенi көпшiлiкке белгiлi. 2010 жылы 10-11 маусымда Ошта болған қайғылы жағдайдың кезiнде Бiшкектегi жайлы кабинетiнен шықпаған ол президент атанған соң да талай рет өз сөзiне өзi қарсы шығып, масқара болған. Ресей мен Түркия арасында кикiлжiңдер жүрiп жатқан кезде Мәскеуге барып «Ресей бiздiң стратегиялық серiктесiмiз, бiздiң халықтардың тарихи байланыстары мен достығы бар, Қырғыз елi әрқашан өз болашағын Ресеймен бiрге құруды қалайды» дедi. Арада апта өтпей Анкараға барып «Түркия бiздiң жарық жұлдызымыз, Ердоған бүкiл түркi халықтарының көшбасшысы, отаршыл Ресейдiң өктемдiгiне қарсы текетiресте бiз әрқашан Түркияның жанында боламыз» деп салған. Мұндайды «саяси жезөкшелiк» дейдi. Атамбаевтың «саяси жезөкшелiгiне» мұнан өзге де мысалдар жетiп-артылады. Таластың халқын малға теңеген басшыдан дипломатиялық әдептi айтпағанда, әдiлеттiлiк пен қарапайым адамгершiлiктi де күтпей-ақ қойған абзал. Сондықтан оның елiмiзге «жаптым жала, жақтым күйе» деген әңгiмесiнiң астарында не бар деп үңiлмей-ақ қоюға да болар едi. Бiрақ, оның көпiрме сөздерi көршiлердiң арасына сызат түсiре жаздады.

Сонымен, Атамбаевтың артында кiм тұр? Оны айтақтап, туысқан елдердi бiр-бiрiне қарсы арандатып отырған кiм? Бұл сұрақтың нақты жауабы бiздi былай қойғанда, саясаттың қазанында қайнап жүргендердiң өзiнде жоқ екенiне кәмiл сенiмдiмiз. Бәрiнiң айтатыны болжам ғана. Атамбаевтың Қырғыз Республикасының президентi ретiнде соңғы рет Мәскеуге ресми сапармен барғанын алға тартқан кейбiр сарапшылар «Атамбаевтың артында Мәскеу тұр, Қазақстанның латын әлiпбиiне көшкенiн жақтырмаған Кремль осылай есе қайтармақ» деп топшылайды.

Бiр қарағанда құлаққа қонатын-ақ әңгiме секiлдi. Бiрiншiден, кирилица – Ресейдiң ықпал ету аймағының, орыс әлемiмен тұтастықтың символы. Қазақстанның одан бас тартуына қатысты Мәскеудiң ресми тұлғалары жақ ашпағанымен, оппозициялық саясаткерлерi мен зиялы қауым өкiлдерi наразылығын бiлдiрiп жатыр. Екiншiден, Орта Азиядағы түркiтiлдес мемлекеттердiң бiр-бiрiмен тым тату болып, олардың бiрлiгiнiң тас-түйiн болғаны Мәскеуге тиiмсiз. Жайық пен Жемдi, Едiл мен Теңдi, ол аз болса кешегi Орынборды «бөлiп ал да, билей бер» деген қағидамен иемденген солтүстiк көршiмiз туысқан халықтардың арасында аз да болса келiспеушiлiк болғанын көксейдi. Қайбiр жылдары Сырдария мен Амударияның жоғарғы жағына «Қамбар ата – 1» мен «Рогун» су қоймаларын салып берiп, трансшекаралық өзендер арқылы Орта Азияда саяси кикiлжiңдер туғызғысы келген Ресейдi Шавкат Мирзеев билiкке келгелi қазақ-өзбек қарым-қатынасының тым жақсарып кеткенi алаңдатқан болуы, сөйтiп, Атамбаевтың аузымен араға от салуға ұмтылуы мүмкiн. Десек те...

Бұл айтқан болжамдардың бәрiн жоққа шығарып жiберетiн бiр дәйек бар. Еуропа Одағы мен АҚШ-тың Ресейге қарсы қатаң экономикалық санкциялар салғаны белгiлi. Нарығы тарылған Ресейдiң осы тұстағы бiрден-бiр таянышы Еуразиялық экономикалық одақ екенi де түсiнiктi. Халықаралық саудаға, жалпы, экономиканың өркендеуiне, ең алдымен, тыныштық пен тұрақтылық керек. Олай болса, ресми Мәскеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екi елдiң арасына от салып, өзiнiң азғантай серiктестерiн әлсiреткеннен не ұтады? Демек, Атамбаевты айтақтап отырған Орта Азияда жанжалдың отын тұтатып, Ресейдiң тынысын тарылта түскiсi келген батыстық күштер болуы әбден мүмкiн.

Әрине, мұның бәрi болжамдар ғана. Қалай болғанда да, Атамбаевтың артында кiм тұрса да бұл жолы дегенiне жете алмады. Десе де мынау алмағайып әлемде бейбiт елдiң шаңырағы шайқалып кетуi оп-оңай екенiн соңғы жылдардағы геосаяси оқиғалардан көрiп жүрмiз. Жаһандану заманында алпауыттарға жұтылып кетпес үшiн, Мәңгiлiк ел мұраттарына есен-сау жету үшiн Орта Азиядағы туысқан халықтардың бiрлiгi бекем болуы тиiс.

Соңғы екi ай бойына жалғасқан қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы саяси дағдарыс кезiнде бұл бiрлiктi сақтап қалған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сабыры, ұстамдылығы мен әрiден ойлай бiлетiн кемеңгерлiгi деп сенiммен айтуға болады. Өзiнiң және бүкiл елiнiң атына негiзсiз айыптаулар айтылып жатса да ашуға басып, ойластырылмаған қадамдар жасамаған Мемлекет басшысы туысқан екi халықтың татулығын сақтап, сырттағы дұшпанның мысын басты. «Сабыр түбi – сары алтын» дегендi дана халқымыз осындайда айтса керек.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper