"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ТҮРКIСТАН РУХАНИ ТҰТАСТЫҚТЫҢ ҮЛГIСIН КӨРСЕТТI

Жұма, 08 Желтоқсан 2017 15:44
ТҮРКIСТАН РУХАНИ ТҰТАСТЫҚТЫҢ ҮЛГIСIН КӨРСЕТТI

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Көне Түркiстан шаһарында «Түркiстан – Түркi әлемiнiң мәдени астанасы» жылы қорытындыланды. Осыған орай Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң бас ғимаратында ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесiнiң 35-шi отырысы өтiп, онда жыл iшiнде атқарылған iс-шаралар сараланып, алдағы жұмыс жоспары бекiтiлдi. Кеңес отырысына ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейiнов, облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев, ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы, Түркияның мәдениет және туризм министрi Хусейн Йанман, Қырғызстан Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрi Сұлтанбек Жұмағұлов, Түркiменстан Республикасының мәдениет вице-министрi Нуршахед Шеримов, Түркiтiлдес мемлекеттердiң ынтымақтастық кеңесi бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман, Әзiрбайжан Милли Меджлисiнiң депутаты Низами Джаферов, Гагауыз елiнiң мәдениет және туризм басқармасының басшысы Марина Семенова және түркiтiлдес мемлекеттерiң мәдени байланыстарына негiзделген халықаралық ұйымдардың өкiлдерi қатысты.

 

Кеңес отырысының тiзгiнiн ұстаған Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркiстанның түркi әлемiнiң мәдени астанасы ретiнде жариялануын ең алдымен түбi бiр түркi халықтарының жақындасуына етене жол ашқан елеулi оқиғаға балады.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен тұспа-тұс келген Түркiстанның мәдени астана ретiндегi мәртебесi түркi халықтарының рухани тұрғыдағы ортақ мүддесiн айқындап бердi. Бiздi осы мүддеге тоғыстырған рухани кеңiстiктегi құндылықтар екенiн көрдiк. Ендi осы мәдени байланысты одан әрi дамыта түсу – әрбiр түркiтiлдес елдiң басты мұратына айналмақ, – деп түбi бiр түркi халықтарының бiрлiгi мен ынтымағы одан әрi нығая беретiнiн жеткiздi. Ал, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейiнов жыл аясында өткен iс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшiн облыс әкiмiне алғысын бiлдiрдi.

Түркiстанның мәдени астана ретiнде жариялануына орай Оңтүстiктi дүбiрге бөлеген, түркi тұтастығын тереңдете түсетiн мәнi мен мазмұны астасқан 40-тан аса шара ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Соның маңызды дегендерiн екшей түссек, Ұлыстың ұлы күнi биыл Түркiстанда мерекеленiп, «Түркiстан және Түркология» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Түркi әлемiнiң «Бұраң бел» би фестивалi мен «Наурыз» ақындар айтысы, «Театр көктемi – 2017» фестивалi мен ТҮРКСОЙ театр басшылары кеңесiнiң мәжiлiсi өттi. Сондай-ақ, «Күлкi жәрмеңкесi», ТҮРКСОЙ халықаралық опера жұлдыздарының фестивалi, «Ортеке» қуыршақ театрларының басқосуы мен «Алтын сақа» анимациялық фильмдердiң тұсауы кесiлдi. Бұдан өзге суретшiлер, фотосуретшiлер, ақын-жазушылардың туындылары дәрiптелiп, бұл орайдағы ынтымақтастық тереңдей түстi.

Осындай шаралардың мәнiн айшықтап, маңызын екшеген кеңес мүшелерi мәдени-рухани байланысты нығайту жолында осындай игi шаралардың көптеп өтуiне басымдық беру қажеттiгiн алға тартты.

Жиында сөз алған облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев түркi әлемiн шартарапқа танытатын халықаралық кеңестiң маңыздылығына тоқталды.

– Түркi халықтары жаһандану заманында алпауыт елдерге жұтылып кетпей, ұлттық кодын, өзiндiк ерекшелiгi мен руханиятын сақтап қалуы үшiн өзара ынтымақтастықты нығайтып, бiрлiгiн бекемдей түсуi керек. Осыны ескерсек, «Түркiстан – Түркi әлемiнiң мәдени астанасы» жылы Елбасының рухани жаңғыру бастамасымен үйлесiп, Мәңгiлiк Ел мұраттарымен үндесiп жатыр. Бiз осынау маңызды шараны барынша жоғары деңгейде өткiзуге бар күш-жiгерiмiз бен ынта-ықыласымызды салдық. Осы мәртебелi мiндеттi жоғары деңгейде атқару мақсатында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы, ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi, облыс әкiмдiгi тарапынан жүйелi жұмыстар жүргiзiлдi, – деген Жансейiт Қансейiтұлы 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД елдерiнiң мәдени астанасы болып жарияланғанын жеткiзiп, барша түркi халқын аталмыш iс-шараның қадiрлi қонағы болуға шақырды.

Басқосу соңында ұйымның алдағы жылға арналған жұмыс жоспары мақұлданып, кеңес мүшелерiнiң басым даусымен Дүйсен Қасейiнов ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы болып қайта сайланды.

Түс ауа университеттiң Мәдениет орталығында маңызды шараның жабылу салтанаты өттi. «Түбi бiр түркiлер» атты хореографиялық-пластикалық композициясымен бастау алған шарада облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев көпшiлiктi бүгiнгi айтулы күнмен құттықтады.

– Президентiмiз «ТҮРКСОЙ түркi әлемiнiң ЮНЕСКО-сына айналуы тиiс» деген болатын. Ұйым бүгiнде мұндай мәртебеге лайықты екенiн дәлелдеп отыр. Соның бiр айқын дәлелi – түркi әлемiнiң маңызды жобасы Елбасы мақаласымен керемет астасып, жыл бойы ұлттық дәстүрiмiздi дәрiптейтiн көптеген шаралардың жоғары деңгейде өтуiне тiкелей ықпалын тигiздi, – дедi.

Өңiр басшысы мерекелiк шарада ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы Дүйсен Қасейiнов пен ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлын «Облысқа сiңiрген еңбегi үшiн» медалiмен марапаттап, Қазақстан–Түркия достығы мен ынтымақтастығын дамытқаны үшiн Түркияның мәдениет және туризм вице-министрi Хусейн Йанманға арнайы төсбелгi тақты. Сондай-ақ, Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Невзат Уянык, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң Өкiлеттi кеңесiнiң төрағасы Мұса Йылдыз секiлдi құрметтi қонақтарға облыс әкiмiнiң арнайы сыйлығы тапсырылды.

Бауырлас елдердiң басы қосылған мерекелiк шарада Әзiрбайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясының Татарстан, Башқұртстан, Саха, Тыва Республикалары мен Қырымнан арнайы келген ұжымдар Түркiстан төрiн ән мен күйге бөлеп, рухани тұтастықтың үлгiсiн көрсеттi. Шара соңында Тұрақты кеңестiң шешiмiмен 2018 жылы Түркi әлемiнiң мәдени астанасы атанған Түркияның Кастамону губерниясының губернаторы Яшар Караденизге «Түркi әлемiнiң мәдени астанасы» символы мен туы тапсырылды.

– Ендiгi жылы мәдени астана болып белгiленген Кастамону Түркияның мәдени-тарихи қаласы саналады, – дейдi ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейiнов. – Кеңестiң келесi отырысы сонда өтедi. Сонымен қатар, бiз келесi жылды Шыңғыс Айтматовтың, әзiрбайжанның белгiлi композиторы Каракаревтiң 100 жылдығы мен қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың жылы деп жарияладық. Алғаш рет бiр жылда үш тұлғаның жылын жариялап отырмыз. Ал, жалпы түркi дүниесiнде мұндай тарихи тұлғалар көп.

***

Мерекелiк шара Шымкент қаласында жалғасып, «Түркiстан» сарайында «Түркiстан – Түркi әлемiнiң мәдени астанасы» жылының жабылу салтанатына орай шетелдiк өнер ұжымдары мен әншiлерiнiң гала-концертi өттi.

 

БӘРI ДЕ ЕЛ ИГIЛIГI ҮШIН

Осы күнi облыс басшысы Жансейiт Түймебаев көне шаһарда қолға алынған бiрқатар жобалардың iске асырылу барысымен танысты. Алдымен университет жанындағы алаңқайда бой көтерген Рәмiздер алаңында болып, ашылу рәсiмiне қатысты.

– Елiмiздiң нышандарын қадiрлеу – әрбiр азаматтың парызы деп есептеймiн. Сондықтан ел игiлiгiне берiлгелi отырған Рәмiздер алаңына құрметпен қарап, намысымызды биiк ұстай бiлейiк, – дедi өңiр басшысы.

Айта кетейiк, Бекзат Саттарханов даңғылының бойына сән берген алаң рәмiздермен қатар елдiк мұратты меңзеген Елбасының қанатты сөздерi жазылған тас тақталармен көмкерiлген. Ал, тұғырға қонған тудың биiктiгi 62,5 метрдi құрайды. Байрақтың енi 12 метр болса, ұзындығы – 24 метр. Бұл биiктiгi жөнiнен елiмiздегi үшiншi ту саналады.

Мұнан соң өңiр басшысы түйе сүтiн құрғақтай өндiретiн зауыт құрылысымен танысты. Индустриялық аймақтағы iргелi жоба құрылысын қытайлық «Golden camel group LTD» компаниясы жүргiзiп жатыр. Зауыт келер жылдың көктемiнде iске қосылмақ. Жылына 2500 тонна құрғақ сүт өндiруге қауқарлы зауыт өнiмiн Қазақстан нарығымен қатар Қытай, Гонконг, Сауд Арабиясы секiлдi елдерге экспорттауды жоспарлап отыр.

– Бұл – бiрегей жоба. Сәтiмен жүзеге асса, түйе өсiретiн Отырар, Созақ, көршi Қызылорда облысына мол мүмкiндiк тумақ. Өйткенi, зауыт түйе сүтiмен толық қамтамасыз етiлуi тиiс. Ол үшiн аталған аудан, қалаларда түйе сүтiн жинайтын пункттер ашылады, – деген облыс әкiмi құрылысты мерзiмiнде аяқтауды тапсырды.

Ендi Үшқайық ауылының өз шағын су қоймасы бар. Бұл ең алдымен жер емген диқандарды қуантып отыр. Қарашық су қоймасы арқылы 700 гектар жердi игеруге мүмкiндiк тумақ. Жансейiт Түймебаев жергiлiктi тұрғындарды көптен күткен қуанышымен құттықтап, ел игiлiгi үшiн атқарылар iргелi iстердiң мұнымен толастамайтынын жеткiздi.

Осы жылдың шiлде айында iске қосылған «Инар А.С» жылыжайынан бүгiнге дейiн 20 тонна қызанақ алынған. Әлi 40 тоннадай өнiм беретiн жылыжайда қызанақ пiсудiң алдында тұр. Оранғай ауылына ат басын бұрған облыс әкiмi жылыжай жұмысымен танысып, қызанақтың өнiмдiлiгiн байқады. Кәсiпкер Инара Намазбаеваның айтуынша, алғашқы өнiм Түркiстан базарына шығарылған. Бүгiнде осынау нысанда 10 адам жұмыс iстеп жатыр.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper