"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


«Шымкенттiң жiгiттерiмен суретке түсiр»

Бейсенбі, 01 Желтоқсан 2016 12:59
«Шымкенттiң жiгiттерiмен суретке түсiр»

Мемлекет басшыларының әрбiр iссапары, аралайтын нысандары алдын ала жоспарланып, сол хаттамаға сәйкес әрекет етiледi. Бiрақ, Президентiмiздiң кейде ешбiр хаттамаға бағынбай, қазақы болмысқа тән мiнез көрсететiн кездерi де болады.

 

 

2010 жылы Елбасы Оңтүстiк Қазақстан облысына iссапармен келдi. Түрлi нысандарды, өндiрiс орындарын аралады. «Оңтүстiк» еркiн экономикалық аймағындағы iссапарына бiз де куә болдық. Бұл кездесуге алдын ала куәлiгiмiздi көрсетiп, аккредитациялаудан өттiк. Ұялы телефон арқылы суретке түсiруге рұқсат жоқ. Бәрi бақылауда. Елбасы облысымыздағы өндiрiс орындарының жай-күйiнен мағлұмат беретiн көрменi аралап, жобалармен танысты. БАҚ өкiлдерiне арнап сұхбат та бердi. Оңтүстiкте атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады.

Бiраз уақытқа созылған жүздесу аяқталып, Мемлекет басшысының көлiгi шыға берiс есiктiң қасына әкелiндi. Президент дәл қасымыздан өтiп барады. Қасында оққағарлары жүр. Неге екенiн бiлмеймiн, бiз де Елбасының соңынан iлесе бердiк. Бәлкiм, бiрiншi рет жүзбе-жүз жолыққан соң қызық  көрiнген болар. Елбасының мысы да бар. Бiрақ, оған жақындай бергенiмiзде еңгезердей екi жiгiт алдымызды кес-кестеп, ары қарай жүруге болмайтынын ескерттi. Кенет... сол сәтте Нұрсұлтан Әбiшұлы есiктен шыға бере кiлт тоқтап, «Жiгiттердi берi жiберiңдер» дедi. Бiз Президенттiң қасына жақындадық.

-- Шымкенттiң ауа райы да мейiрiмдi, бұл өлкенi үнемi күн нұры аялап тұрады, — деп көкке бiр қарап алған ол «Жiгiттер, жұмыс iстеңдер. Еңбек еткендерiң бiзге де, өздерiңе де жақсы. Бiз өз тарапымыздан жұмыс iстеймiн деген азаматтарға жағдай жасаймыз. Мемлекетiмiзде қолға алынған бастамалардың бәрi халық үшiн» дедi. Жiгерлi сөздерiн айтты. Сөйттi де Ақорданың жеке фототiлшiсiне «Менi Шымкенттiң жiгiттерiмен суретке түсiр. Естелiк болсын!» дедi. Бұйрық әп-сәтте орындалды. Сол кездегi облыс әкiмi, қазiргi Премьер-министрдiң орынбасары—ҚР Ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметов, облыс кәсiпкерлерi және бiр топ журналист жапа-тармағай Мемлекет басшысының қасына тұра қалып, суретке түстiк. Президентiмiздiң қарапайымдылығына, сөзге шеберлiгiне тәнтi болдық. Қазақы әзiлге ұста екенiн байқадық. Шымкенттiк ағайынмен жылы сөйлескен Елбасы жұртшылықпен қол берiп қоштасып, сәттiлiк тiлеп, көлiгiне мiнiп кеттi...

Мiне, сол сурет кейiн Оңтүстiк Қазақстан облысына қатысты бiр кiтапқа басылды. Жаңадан ашылған облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан да осы суреттi көруге болады. Сол сапарында Елбасының жан-жағындағы адамдарды жiгерлендiрiп, игi iстерге жұмылдыра бiлетiн нағыз көшбасшылық қасиетiн аңғардық. Ал, мына сурет Оңтүстiктегi талай отбасының төрiндегi ең қадiрлi естелiктердiң бiрi болып қалғаны анық.

Ғабит САПАРБЕКОВ.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper