"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


Қазақстандағы 100 жаңа есiм

Бейсенбі, 17 Тамыз 2017 10:13
Қазақстандағы 100 жаңа есiм

 

ҚАРСЫБАЕВТЫҢ ШӘКIРТТЕРI ҚАРСЫЛАС ШЫДАТПАЙДЫ

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Бiз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздiң байыбына бара бермеймiз. Шын мәнiнде, тәуелсiздiк дәуiрiнде өзiнiң еңбегiмен, бiлiмiмен, өнерiмен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүрiп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткiш.

 

Шағаласы шулаған, балығы тайдай тулаған Шардараның даңқы бүгiнде Қазақстаннан әрi асып, әлемдi шарлап кеткен. Шалғайда орналасқан шағын ауданның даңқын әлемге жайған су айдыны мен балығы десеңiздер қателесесiздер. Қазiр су айдыны кiмде жоқ, сосын балықпен кiмдi таң қалдырғандайсыз?! Шардараның даңқын шығарған адамдары. Мәселен, армрестлинг спортынан соңғы жылдар көлемiнде қазақстандықтардың алдына түсетiн ешкiм болмай тұр. Ал, Қазақстан ұлттық құрамасы сапындағы жiгiттердiң 90-95 пайызы (!) Шардараның жiгiттерi! Оларды әлемдiк аренаға алып шыққан Арман ҚАРСЫБАЕВ есiмдi бапкер.

Шардарада армрестлинг спортының негiзiн осы Арман Қарсыбаев қалады. 2001 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысында армрестлинг спорты федерациясы құрылды. Содан бергi жылдар iшiнде «Шардара армспорт» клубы халықаралық ареналарда қарсылас шыдатпай келедi.

Иә, Шардара рухты мекен. Құт қонып, Қыдыр дарыған мекенде небiр дүлдүл таланттар дүниеге келген. Арман Қарсыбаев – солардың бiрегейi. Қазақтың бағына туған спортшының аты бүгiнде әлемнiң түкпiр-түкпiрiне мәшһүр. Ол тек спортшы, жаттықтырушы ғана емес, рухани тәрбиешi. «Чемпион боламын» деген әрбiр баланың қиялына қанат бiтiрiп, жалындаған талай жасқа жол сiлтедi.

– Менiң балалық шағым тоқырау жылдарымен тұспа-тұс келдi де, ол кезде спортқа онша көңiл бөлiне қоймады. Сонда да зiлтемiрдiң салмағындай темiр-терсектердi көтерiп, жаттығумен болдым. Кейiннен студент атандық. Мамандығым – экономист. Бәрiбiр спорттан қол үзген жоқпын. Студент болып жүрiп армрестлинг спортының қыр-сырын терең меңгерiп шықтым. Алматыда оқысам да, туған жерiме асқақ арманымды арқалап келгенмiн, – дейдi ол.

Оқуды жаңа бiтiрiп келген балаң жiгiт бiрер жыл жұмыссыз жүрiптi. Алайда, сол кездiң өзiнде ауданның атынан облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, топ жарыпты. Кейiннен спорт мектептерiнiң бiрiне жұмысқа орналасқан. Табанды еңбегiнiң арқасында аудандық спорт бөлiмi басшысы қызметiне көтерiлдi.

2001–2017 жылдар аралығында Шардарадан 18 әлем чемпионы шығыпты. Демек, 18 рет әлем бiздiң Әнұранымызды тыңдап, сонша рет байрағымыз ту-у биiкте желбiредi деген сөз! Осы жылдар iшiнде қол күресiнiң 19 саңлағы әлем чемпионатының, 78-i Азия чемпионатының жүлдегерi болды. 134 өрен Азия чемпионы атанды. 28 спортшы әлем кубогын, 19 спортшы Азия кубогын иелендi. Бұл шағын ғана аудандағы бiр армрестлинг спортының ғана табысы!

Әрине, чемпиондар жетiстiгiн тiзiп шығу оңай. Алайда, осы атаққа қол жеткiзу үшiн қаншама тер төгiлдi десеңiзшi?! Жаттығу кезiндегi қиындықтарды жеңiске деген талпыныс қана жеңе алары сөзсiз. Ал, балалығы басым бозбаланың бойына патриоттық рух, санасына отансүйгiштiк сезiмдi сiңiрудiң өзi үлкен еңбек.

Әлемдiк сайыстарда олжа салып, ел абыройын асқақтатып жүрген саңлақтарымыздың көбi ауылда туып-өскенiмен, түпкiлiктi тұрағын қаладан табады. Жер жүзiндегi әлеуетi мен мәдениетi, тұрмыс- салты өзгерек елдiң бәрiн араласа да, туған жерiнен жырақтамаған Арман ағаның өскен өлкеге деген махаббаты шексiз... Кiсiмсуден ада, iзетi мол азаматтан үлгi алатын тұстар көп. Әлемдi мойындатқан аңыз адамды күн сайын көрiп жүрудiң өзi ауылдастары үшiн бiр ғанибет! Өзiнен кейiнгiлер оның болмысына қарап-ақ соңынан iлесе кететiндей...

Бүгiнде Арман Қарсыбаев баптаған споршылардың алды шәкiрт тәрбиелеп жүр. Облыс бойынша қол күресiнен аға жаттықтырушы С.Нұрхалықов та осы «Шардара армспорт» клубының белдi мүшесi. Мағжан Шәмиев, Айдархан Нұрдәулет, Рүстембек Талғатбек секiлдi әлем чемпиондары жастарды қамқорлығына алып, iздерiн жалғар iнiлерiне қол күресiнiң қыр-сырын үйретуде. Бiр жарыста 37 бiрдей оңтүстiккореялықты жеңген Қыдырәли Оңғарбаевты көпшiлiкке таныстырып жатудың өзi артық болар. Әлемнiң бiрнеше дүркiн чемпионы, болгариялық Светан Гашевскидi, кешеге дейiн жеңiлiп көрмеген латвиялық Янин Амолинстi әп дегеннен «ауылына» қайтуға мәжбүрлеген Шынболат Райхановтың шәкiрттерi де елiмiздiң намысын қорғауға дайын.

Шардаралық спортшылар жерлестерiн тек жеңiстерiмен ғана емес, игi iстерiмен де қуантып жүр. Биыл Астана күнi мерекесiне орай ашылған «Спортшылар аллеясы» шардаралықтарға шабыт сыйлады. Шардаралықтар уақытқа дейiн күл-қоқыс басып жатқан жердi аз уақыт iшiнде абаттандырып жiбердi. Аллеяда бұлшық етi бұлтылдаған екi спортшының қол күрестiрiп жатқан сәтi сомдалған ескерткiш орнатылған. Жан-жағына шым төселiп, 300-ге жуық декоративтi ағаш отырғызылған. «Чемпиондар аллеясының» әсiресе, жас ұрпаққа берер тәрбиелiк мәнi зор. Олар тасқа қашап жазылған даңқты спортшы аға-әпкелерiнiң есiмдерiн осы жерден көрiп, болашақта соларға қарап бой түзейтiн болады» дейдi Арман Қарсыбаев ағынан жарылып...

Арман Қарсыбаевтың әкесi – Роман ақсақал соғыс ардагерi. Арман дүниеге келгенде Күлсара анамыз – 42-де, Роман ақсақал 57 жаста екен. Әке арманы орындалды. Ұлы «Халқыңа қызмет ет» дейтiн әке өсиетiне адалдық танытты. Жыл сайын спорттың бiрнеше түрiнен Роман Қарсыбаев атындағы турнир өткiзiп келедi. Ал, анасы қарашаңырақта, ұлының жеңiсiмен көңiлi марқайып отыр. Өзi жан-жарымен бес ұл-қыз тәрбиелеуде.

Мықтылықты таныту бар да, оны мойындата бiлу бiр бөлек. Бүгiнде «Шардара Армспорт» командасынан қол күресiн үйренуге таяу көршi мемлекеттерден бөлек оңтүстiккореялықтар мен француздардың Шардараға ағылуы осы сөзiмiздiң дәлелi.

Армандай ұлдары бар Алашта не арман бар, шiркiн!

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper