"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


Қазақстандағы 100 жаңа есiм

Сейсенбі, 15 Тамыз 2017 11:08
Қазақстандағы 100 жаңа есiм

 

Жанетта

Бiз оны 2006 жылы Шымкентте орын алған «төтенше жағдайдан» кейiн таныдық. Оған дейiн дәл бүгiнгiдей белсендi болды ма, жоқ па, ол жағы бiзге беймәлiм. Қай-қайсымыздың да көңiлiмiзге қаяу түсiрген сол бiр күндерде қайсар мiнезiмен жарқырай көрiнген кейiпкерiмiздiң аты-жөнi–Жанетта Жазықбаева. Ол – «Балаларды ЖИТС-тен қорғау» қоғамдық қорының төрайымы. Iскер әйелдер қауымдастығының мүшесi. 2006 жылы Абай атындағы ұлттық университетiн педагогика-психология мамандығы бойынша сырттай бiтiрген. С.Асфендияров атындағы медициналық университетте онлайн жүйесi бойынша арнайы курстан өткен.

 

Ж.Жазықбаева 1990 жылы Шымкенттегi медициналық училищеге түсiп, оны 1993 жылы 48 студенттiң iшiнде жалғыз өзi қызыл дипломмен бiтiрiп шықты. Шымкенттегi «Маржан тiс» стоматологиялық клиникасында жұмыс iстеп жүрiп, болашақ жары Талғатты жолықтырды. Кейiн екеуi шаңырақ көтердi. Үйлендi. Үш ұл, бiр қыз сүйдi. Жас отбасының жарасымды өмiрi жалғасып жатты... Алайда, олар бiрнеше жылға созылатын тағдыр теперiшiне тап боламыз деп мүлдем ойлаған жоқ едi. Әлi есiнде, 2006 жылы 16 желтоқсанда тоғыз жастағы екiншi ұлы Жанеттадан велосипедпен бiр досына барып-қайтуға рұқсат сұраған. Компьютер дискiсiне «ойын» жаздырып әкелмек. Баласының көңiлiн қимаған ана амалсыз жiбердi.

Қыстың алғашқы айы болса да жер қара едi. Рульге мас күйiнде отырған жас жiгiт қатты жылдамдықпен келе жатып автокөлiгiне ие бола алмай, велосипедтегi баланы қағып кеттi. Қатты соққы бүлдiршiндi 16 метр жерге лақтырып жiберген едi. Бала ауруханада бiр аптадай ес-түссiз жатты. Ақырында өзбекстандық және шымкенттiк дәрiгерлер бiрлесiп, баланың басына күрделi операция жасады. 24 күн жатқан баланың көрер жарығы бар екен. Әйтсе де, тiрi қалды демесеңiз, не жүре алмайды, не сөйлей алмайды. Қайта оңалту жұмыстарын жүргiзуге тура келдi. Ұзақ уақыт бойы Алматы қаласының маңындағы Ақсай елдi мекенiндегi оңалту орталығына құжат туралап, 2007 жылы шiлде айында жатқызып қайтып келген бетi болатын. Ертеңiне теледидардан «Шымкентте нашақорлардың отбасынан ВИЧ инфекциясы шықты» деген жағымсыз хабар тез тарап кеттi.

– Соған байланысты бүкiл отбасымыздан қан алды. Бәрiмiздiкi таза. Алайда, жол апатына ұшыраған баламның талдамасы кешiге бердi. Екiншi мәрте тағы алды, – деп еске алады Жанетта Жазықбаева. – Бiр күнi кезекшi дәрiгер телефон шалып: «Балаңыз екеуiңiз дайын боп келiңiздер» деп қоңырау соқты. Ұлым ол кезде 10 жастан асып қалған. Ақсаңдап жүредi. Адам көп, ығы-жығы. Кабинеттiң алдында күтушiлер аз емес. Бiр уақытта «кiрiңiз» дедi. Сонда отырған бiр жас дәрiгер: «Вы знаете, у вашего ребенка ВИЧ!» дегенi. Төбемнен жай түскендей болды...

Жаратушы Алла да сынақты көтеретiн пендесiне бередi екен. Бұл Жанетта үшiн ұзақ жылға созылатын сергелдеңiнiң басы едi. Бұл құқай аздай көп ұзамай тергеу басталды. Екi күндей тергеуiне барды. Сұрақтары сұмдық. Мұнда адамға қарапайым қарым-қатынас жасаудың шынайы көрiнiсi де байқалмады. Құқын таптап, кемсiтуге бейiм тұрды. Көп ұзамай ата-аналар комитетi құрылып, жиналыста бас қосты. «Бiз ендi мәселенi ашық қоямыз. Премьер-министр Даниал Ахметов облысқа келiптi, облыстық әкiмдiкте жиналыс өткiзейiн деп жатыр екен» деген соң, 5-6 адам өкiл болып қатысқаны әлi есiнде. Сол жиналыста «бұл дәрiгерлердiң қателiгi» деген айыптау алғаш рет айтылды. «ВИЧ (АИТВ)» инфекциясы балаларға қан құю арқылы жұққаны белгiлi болды. Бұған дейiн перзенттерi ауру аналарды орынсыз сөгiп, не айтпады десеңiзшi?! Оларды нашақорларға, бей-берекет жыныстық қарым-қатынасқа түсе беретiн жеңiл жүрiстi әйелдерге теңеген де кездер болды.

Осы оқиғалардан соң облыс әкiмi қызметiнен алынды. Денсаулық сақтау басқармасында да басшы ауысты. Республикалық «Балаларды ЖИТС-тен қорғау қоры» ашылды. Жетi ата-ана құрылтайшы едi. Көп ұзамай Кубадан, Израильден, Ресейден, Украинадан бiлiктi мамандар келдi. Алдымен жергiлiктi дәрiгерлер оқытылды. Ал, қоғамдық ұйымның жұмысын осы Ж.Жазықбаева мен оның айналасындағылар бiрiншi болып бастады. Әрине, бұрын медициналық училищеде оқып жүргенде Жанетта АИТВ, ЖИТС туралы сырттай ғана бiлетiн едi. Тағдыр ендi оларды осындай қиын жағдайда сынады. Дерт жұқтырған балалармен тiкелей қарым-қатынаста жұмыс iстеп, тәжiрибе жинақтады.

Осы iстiң айналасында жүргендер медицина саласынан хабары бар әрi екi тiлде еркiн сөйлей алатын Жанеттаны қордың атқарушы директоры етiп бекiттi. Арада алты ай өткен соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметтен алынған басшысы бастаған 21 дәрiгердiң соты басталды. Сот процесiнде «сәби анасын емгенде инфекция жұқтырып алуы да мүмкiн» деген дүдәмал жорамал айтылды. Мамандардың айтуынша, АИТВ инфекциясы жұғуының үш жолы бар: жыныстық қарым-қатынас, қан және залалсыздандырылмаған құрал-саймандар. Бiрақ ауру баладан анаға жұғуы мүмкiн емес. Жанетта интернеттен осы тақырып бойынша көп iздендi. Ресейдегi Покровский деген бiлiктi дәрiгерге хат жазды. Себебi, балалары жұқпалы дертке шалдыққан ерлi-зайыптылар арасында түсiнiспеушiлiктер, қызғаныш, ұрыс-жанжалдар туындап, кейбiреулерi, тiптi ажырасып жатты. Мұндайда әйелдi зардап шегушi деп тануға бола ма, жоқ па? Ресей федерациясы вирусология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Покровскийден бiр жарым айдан кейiн хат келдi. Бұл жауаптың сот процесiне едәуiр ықпал жасағаны анық. Зардап шеккен аналардың құқын қорғаймын, әдiлетсiздiкке араша түсемiн деп жүрiп Жанетта Жазықбаева осы салаға жiпсiз байланып қалды. Покровскийге жазған хатын, одан келген жауапты сотқа дәлел ретiнде көрсетiп, ауру анадан емес, дерт жұқтырған баладан тарағанын дәлелдеп бердi. Сөйтiп, 8 ана зардап шегушi деп танылды.

2009 жылдың сәуiр айынан бастап қордың президенттiгiне Жанетта Жазықбаева сайланды. Түрлi гранттарды ұтып алып, тығырықтан шығудың жолдарын қарастырды. Жобалар жасап, қосымша мұғалiмдер жалдады. Сауап iске үлесiн қосатын азаматтар ел iшiнен табылады екен. Соның бiрi бұрынғы Шымкент қаласының әкiмi Қайрат Молдасейiтов едi. Жанетта «Отаустрой» құрылыс компаниясының қайырымдылығын үнемi айтып жүредi. Олар науқас балалар үшiн әсем ғимарат салып бердi. Ғимарат 2014 жылы салтанатты түрде ашылды. Ең бастысы, облыстық балалар ауруханасына жақын.

Жиһаздармен де қамтамасыз еттi. Әрине, ол кезде ЖИТС-пен ауырған балалардың мекенжайы деп жарнамалау оғаштау көрiнгенi рас. Сондықтан сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту орталығы деп атады.

Ж.Жазықбаева 5 жыл қатарынан түрлi конкурстарға қатысты. Ең бастысы, АИТВ инфекциясына шалдыққан балаларға деген халықтың көзқарасын өзгертуге ұмтылды. Олар да қоғамның тең құқықты мүшесi. Сондықтан оқшаулауға болмайды. Кемсiтуге де жол берiлмеуi тиiс. Өзi бас болып аудандар мен қалаларға шығып, мектептердегi мұғалiмдерге дәрiстер оқыды. АИТВ инфекциясының жұғу жолдарын жалықпай түсiндiрдi. Бейнероликтерге, сюжеттерге тапсырыс берiп, оларды телеарналардан көрсеткiздi.

Қоғамдық қор бүгiнде екi бағытта жұмыс iстеп жатыр. Атап айтқанда, тiрек қызметi бұзылған балалардың және ВИЧ-ке шалдыққан бүлдiршiндердiң емiмен айналысады. Жұмыс нәтижесiз емес. Мәселен, осы мекеме ұжымының қажырлы еңбегiнiң арқасында тiрек қызметi бұзылған үш бала құлан-таза жазылып, мектепке өз аяқтарымен барды. Ұжым үшiн бұдан өткен қуаныш жоқ. Бүкiл Оңтүстiктi есеңгiретiп жiберген жаппай ВИЧ жұқтыру оқиғасының орын алғанына да 11 жыл өтiптi. Бүгiнде орталықта осы диагнозбен 250 бала есепте тұр. Арасындағы ересегi – 25-те. Ол осында психолог болып жұмыс iстейдi. Ал, аурухана iшiлiк науқастың ең кiшкентайы 2006 жылы туылған. Қазiр 130 балаға өзiнiң ауруы жөнiнде ақиқат айтылды. Ендi олармен арнайы бағдарлама бойынша жұмыс iстеу керек. Бұл балалар антивирустық терапиямен түстi. Бұлар өмiр бойы дәрi iшуi тиiс. Оны iшпесе дерт асқынып, ЖИТС-ке өтiп кетедi. Бұл аурудың ақырғы дәрежесi деген сөз. Қазiргi медицинаның жетiстiгi әлгi дәрiнi iше берсе, науқасты дерттiң соңғы сатысына жеткiзбейдi. Ендi бала өтпелi кезеңге аяқ басты. Қалайық, қаламайық, оның әрқайсысы интернет арқылы-ақ iшiп отырған дәрiнiң не мақсатқа арналғанын бiледi. Ендi жауапкершiлiктi өзiне жүктей берген дұрыс. Бұл хабарды естiртер алдында баланың жанында ата-анасы, психолог, қоғамдық ұйымдар өкiлдерi, сенiмдi адамдары болуы керек. Ата-аналардың 90 пайызы бұл «жаманат» хабарды өздерi жеткiзуден бас тартты.

Осындай сенiмдiлiк ахуалы ұялаған ортада ғана науқас балалардың өмiрге деген құштарлығы басым болады. Қазiр осы мекемеде үш адам отбасын құрған. Түптеп келгенде, баланың еш жазығы жоқ. Сенесiздер ме, сенбейсiздер ме, 2015, 2016 жылға дейiн ауру балалар анықталып жатты. Өйткенi, балалардың бәрi бiрдей скринингтен өтпеген. Бiреуi көшiп кеттi. Екiншiсiнiң тағдыры өзгешелеу өрбiдi. Қазiр көптеген жаңа препараттар шығып жатыр. Бұрынғыдай тәулiгiне екi мәрте емес, бiр рет қана iшсе жеткiлiктi. Ендi аптасына бiр рет қана салатын екпе арқылы енгiзiлетiн болады. Бұл барлық медицина саласына үлкен сабақ болды.

Өмiр жалғасып жатыр. Мамандардың салғырттығынан жасалынған мұндай қайғы-қасiрет ендi қайталанбауы тиiс. Бұл мәселеге нүкте қоюға әлi ерте. Қазiр көп нүкте қойылып тұр. «Ана мен бала» орталығы ашылды. Науқас ұрпақ суицидке бармасын, дәрiгерлерге деген өшпендiлiгi оянбасын. Бала дүниеге келген соң аман болсын. Бұл – әрбiр ата-ананың басты арманы. Әр отбасы өз ұрпағының өсiп-өркендегенiн қалайды. Ұлтының саулығын ойлайды. Әйел бақыты дегенiмiз – отбасы татулығы. Бұл – Жанеттаның жүрекжарды лебiзi.

Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper