"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ЕУРОПАНЫҢ ЖАҢА «ТЕМIР ЛЕДИI»

Дүйсенбі, 07 Тамыз 2017 10:00
ЕУРОПАНЫҢ ЖАҢА «ТЕМIР ЛЕДИI»

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Бүгiнгi Еуропаның ең бақуатты да iргелi мемлекеттерiнiң бiрi Германия мен оның абыройлы әрi ықпалды көшбасшысы Ангела Меркель жайлы оқырмандардың жақсы бiлетiнi талассыз. Дегенмен, «жаңа темiр леди» деген атқа ие болған және «Forbes» журналы жасаған рейтингiде әлемдiк экономика мен халықаралық саясаттағы ең ықпалды ханым атанған Германия канцлерiнiң Сiз бен бiз бiле бермейтiн тұстары да баршылық. Сонымен, фрау Ангела Доротея Меркель қандай адам және қандай саясаткер?

 

2000 жылдың сәуiр айында Германиядағы сол кездегi оппозициялық партия – Христиан Демократиялық Одағы Меркельдi өзiне төрайым етiп сайлау арқылы екi бiрдей сенсация жасады. Бiрiншiден, ол осынау биiк лауазымды иеленген тарихтағы алғашқы әйел болса, екiншi жағынан христиан-демократтардың жетекшiсi атанған алғашқы шығысгерманиялық саясаткер едi. Мiне, сол кезден бастап Меркель бүкiл «кәрi құрлық» пен әлемге танымал саяси тұлғаға айнала бастады. Бiрақ, бiз оның үлкен саясаттағы жолына тоқталмас бұрын өмiр жолын қысқаша шолып шықсақ.

Жалпы, Меркельдiң балалық шағы мен бүгiнгi өмiрiнiң арасында қарама-қайшылықтар көп. Мәселен, бүгiнде негiзiнен католиктерден құралған христиан-демократтардың жетекшiсi атанып жүрген ол 1954 жылы лютеран пасторы Берлин-Брандебургтың отбасында дүниеге келген. Ал, лютерандық дегенiмiз —  Iнжiлге сенедi демесеңiз, католиктердiң көптеген сенiмдерi мен дiни жоралғыларын жоққа шығаратын протестанттық ағым.

Ангеланың балалық шағы Германияның ана шетiнен мына шетiне көшумен өткен. Оның отбасы алдымен Герман Демократиялық Республикасына, одан Темплин қаласына көшкен. Болашақ саясаткер 1961 жылы Темплиндегi политехникалық бағыттағы мектептiң табалдырығынан аттаған. Сыныптастары мен ұстаздары оны өте қарапайым, ұяң және тәртiптi оқушы ретiнде еске алады. Ол мектепте үздiк оқыған. Бiр қызығы, бүгiнде проамерикандық саясатымен танылған, Ресейдi үнемi сынға алатын Меркель Темплиндегi мектепте математикамен қоса орыс тiлiн де өте жақсы оқыған. Мектеп бiтiру емтихандары кезiнде ол өзiнiң орыс тiлiн еркiн меңгергенiн көрсеткен.

Меркель мектептi бiтiрген соң Карл Маркс атындағы Лейпциг университетiне түсiп, бiлiм алған. Оның саяси көзқарастары да сол оқу ордасының қабырғасында жүрген кездерiнде қалыптасты. Ол студент кезiнде «жасылдарды» ерекше қолдайтын едi. Бiрақ, бертiн келе оның саяси көзқарастары мен ұстанымдары бiраз эволюциядан өттi.

Болашақ канцлердiң саясаттағы жолы 1989 жылы басталды. Ол бұл жолға келер ме едi, жоқ па, сол жылы Ангела ұзақ жылдардан берi жұмыс iстеп жүрген Ғылым академиясы тарап кеттi. Сөйтiп, ол «Демократиялық секiрiс» партиясына жұмысқа тұрып, көшеде үгiт-насихат парақшаларын таратуға мәжбүр болды. Ал, 1990 жылы Берлин қабырғасы құлаған соң Меркель Вольфганг Шнурдың партиясына жұмысқа ауысты. Мiне, сол партияда оның карьералық өсуi басталды. Ол бiрден партияның баспасөз хатшысы лауазымын иелендi. Бiрақ, оның партиясы 1990 жылы алғаш рет өткен Халықтық палатаның сайлауында бар-жоғы 0,9 пайыз дауыс иеленiп, оңбай жеңiлiс тапты да күтпеген жерден «Германия үшiн Альянс» партиясы 41 пайыз дауыс иеленiп жеңiске жеттi. Осыдан кейiн Меркельдiң лауазымы бiр саты төмендеп, баспасөз хатшысының орынбасары болды.

Фрау Меркельдiң саясаттағы мұнан кейiнгi жолы аса табысты болды деп айта аламыз. 1991 жылдың желтоқсан айында ол жергiлiктi сайлауда 49 пайыз дауысқа ие болып, бундестагтың депутаты атанды. Белсендiлiгiнiң арқасында Германияның сол шақтағы канцлерi Гельмут Кольдiң назарына  iлiккен Ангела араға жыл салып Әйелдер мен балалар iстерi жөнiндегi министр лауазымын иелендi. Осы табысты қадамдарының арқасында Меркельдiң Христиан-демократиялық одағындағы орны мен салмағы арта түстi.

1998 жылы ол партияның бас хатшысы дәрежесiне көтерiлдi. Сол жылы христиан-демократтар сайлауда тағы жеңiлiске ұшырады да, Коль отставкаға кетiп, оның орнына Вольфгангом Шойбле төрағалыққа сайланды. Осы сәтте Меркель партия төрағасының орынбасары дәрежесiне дейiн көтерiлдi. «Бiреу өлмей, бiреуге бақ қонбайды» деген рас екен. Шойбленiң де саяси жолы ұзаққа созылмады. ХДО-дағы бұрынғы канцлер Кольдiң қаржылық қылмыстары Шойбленiң де жолын қиды. Төраға лауазымында 2 жылға жетпейтiн уақыт отырған ол қылмысының ашылуына байланысты лауазымынан шеттетiлдi. Мiне, осылайша 2000 жылы сәуiрде Германияның Эссен қаласында өткен партия съезiнде делегаттардың 94,8 пайызының даусын иеленген Меркель партия тiзгiнiн қолға алды.

Христиан-демократиялық партиясында делегаттардың мұншалықты үлкен қолдауына ие болған саясаткерлер өте сирек кездеседi екен. Мұндай қолдауға тек өзiнiң дәуiрлеп тұрған кездерiнде, нақтырақ айтқанда, 1975 және 1990 жылдары Гельмут Коль ғана ие болған екен. Соған қарамастан Меркельге өз партиясының iшiнде бәсекелестер мен қарсыластар пайда болды. 2001 жылы ақпанда партияның сол кездегi парламенттiк фракциясының жетекшiсi Эдмунд Штойбер оппозицияның атынан өзiн канцлер лауазымына үмiткер ретiнде жариялады. Меркельдiң бұл қадамға наразы болғаны анық. Өйткенi, әдетте канцлер сайлауына партия жетекшiсi кандидат ретiнде қатысады. Олай болмаған күннiң өзiнде басқа адам кандидат атануы үшiн бұл мәселе партияның съезiнде талқылануы тиiс болатын. Бiрақ, Штойбердi сол уақытта Германия федералды жерлерiнiң премьер-министрлерi қолдап отырғанын түсiнген Меркель оның кандидатурасын сыр бермей, қолдап шықты. Бiрақ, Штойбер 2002 жылы 2 қыркүйекте өткен сайлауда жеңiлiс тапқан соң Меркель немiс оппозициясының жеке-дара лидерiне айналды.

Меркель саясаткер ретiнде 2002—2005 жылдары өте ақылды қадамдарға барды. Ол iшкi саясатта Христиан-демократиялық партиясын жалпыхалықтық партияға айналдырып жiбердi. Солшылдар мен оңшылдардың арасында тепе-теңдiктi сақтаған ол барлық әлеуметтiк топтарға, халықтың барлық бөлiктерiне тең жағдай жасау жөнiнде батыл баяндамалар жасады. Этникалық, дiни, нәсiлдiк ерекшелiктерiне және саяси көзқарастарына қарамастан баршаға бiрдей мәмiле жасау жөнiндегi ұстанымы елде Меркельдiң жақтастарының еселеп көбеюiне ықпал еттi. Сыртқы саясатта да ол «аттың жүрiсi» деп бағалауға тұратын қадамдар жасай бiлдi. Сол кездегi Германия канцлерi Герхард Шредердi «тым ресейшiл» деп айыптап, Ирактағы соғыс мәселесiнде Джордж Бушты қолдады. Сондай-ақ, 2003 жылы Түркияға iссапармен барып, бұл елдiң Еуропалық Одаққа кiруiн қолдап мәлiмдеме жасады. Осындай әккi амалдарының арқасында фрау Меркель 2005 жылы Германияның Федералды канцлерi атанды. Содан берi аталған лауазымды иеленiп келедi.

Меркель соғысқа қарағанда бейбiтшiлiктi көбiрек жақтайтын саяси қайраткер ретiнде танылды. Оның бастамасымен 2015 жылы Украина мәселесi бойынша Франсуа Олланд, Владимир Путин және Петр Порошенконың қатысуымен «нормандтық келiссөздер» өттi. Аталған келiссөздер аясында Украина дағдарысы бойынша айтарлықтай алға жылжу байқалды.

Меркельдi көпшiлiк проамерикандық саясаткер деп санағанымен, ол — өз Отанының үлкен патриоты. Айталық, Қырым мәселесiне байланысты АҚШ-тың ықпалымен Ресейге санкция жариялағанымен, немiс компаниялары орыс газынсыз тығырыққа тiреле бастаған кезде Вашингтонның қарсылығына қарамастан Мәскеумен белгiлi бiр дәрежеде келiсiмдер жасады. Оның отаншылдығын өткен жылы Берлин жәрмеңкесiнде орын алған лаңкестiк оқиғадан кейiнгi «Бүкiл немiс халқымен бiрге менiң де жүрегiм сыздап тұр» деп басталған жүрек тебiрентер баяндамасына қарап та байқауға болады.

Меркельдiң өзге саясаткерлерге үлгi боларлық тағы бiр қасиетi – қарапайымдылығы. Айталық, 2014 жылы футболдан Германия ұлттық құрамасы әлем чемпионатында жеңiске жеткенде фрау Меркель қолына сыра ұстаған футболшы Мирослав Клоземен құшақтасып суретке түстi. Халықтың зор қуанышына бұлайша ортақтасу оның өмiрде қаншалықты қарапайым екенiн көрсететiн сияқты. Айтпақшы, сыра демекшi, 2012 жылы Христиан-демократиялық одағының кезектi мәжiлiсiнде даяшы байқаусызда канцлердiң үстiне анау-мынау емес, 5 саптыаяқ сыраны төгiп алған. Алғашқыда шошып кеткен саясаткер бiр сәтте өз-өзiне келiп, абыржып қалған даяшыны сабырға шақырып, тыныштандырды және 2 минуттан соң сол киiмiмен мiнбеге шығып баяндама оқыды. Канцлердiң даяшыны жазалау былай тұрсын, оған ашуын да көрсетпей күлiмсiрегенi оның абыройын тiптi асқақтатып жiбердi. Бұл да Меркельдiң ерекше қарапайымдылығының көрiнiсi болса керек. Егер деймiз-ау, осындай жағдай бiздiң елде болса не болар едi?! Билiктiң кiшкентай бiр бишiгiн қолға алған талайлар «Ұлық болсаң, кiшiк бол» дегендi ұмытып, атан түйеге жүк болар тәкаппарлығын көрсетiп жүрген жоқ па? Қит етсе ашуға ерiк беретiн айғайшыл бастықтар Меркельдiң осындай мiнезiнен үлгi алса, шiркiн!

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper