"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


ДОНБАС ДАҒДАРЫСЫ КЕЛIССӨЗДЕР АРҚЫЛЫ ШЕШIЛЕ МЕ?

Сенбі, 15 Шілде 2017 12:32
ДОНБАС ДАҒДАРЫСЫ КЕЛIССӨЗДЕР АРҚЫЛЫ ШЕШIЛЕ МЕ?

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Өткен аптаның соңында Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымының парламенттiк Ассамблеясы ресми Киев ұсынған «Украинаның егемендiгi мен территориялық тұтастығын қалпына келтiру» туралы қарар қабылдағаны белгiлi. Айтулы қарарда ұйымның «Украинаның егемендiгiн, тәуелсiздiгiн, бiрлiгiн және оның Қырым автономиялық республикасы мен Севастополь қаласы қоса кiретiн, халықаралық қауымдастық таныған шекара көлемiндегi территориясының тұтастығын толық құрметтейтiнi» туралы мәлiмделген. Сонымен бiрге құжатта «Ресей Федерациясының Қырым автономиялық республикасы мен Севастополь қаласын уақытша оккупациялауын және Ресейдiң Донбаста Украинаға қарсы жалғастырып жатқан гибридтiк агрессиясын айыптайтыны» айтылған. Ал, Ресей бұл қарарды қабылдауға қарсы болды.

 

Қарарға қарайтын түрi жоқ...

Бұл құжат бiршама талас-тартыс туғызып отыр. Әркiм өз ұстанымының дұрыстығын дәлелдеуге тырысып бағуда. Мәселен, Мәс-кеудiң ақпарат құралдары Ресейдiң ЕҚЫҰ ПА-дағы өкiлi, Ресей мемлекеттiк Думасының вице-спикерi Петр Толстойдың сөзiн келтiредi. «Бiздiң бұл жолмен жүргiмiз келмеген едi, қарардың 36 тармағы да Ресейдi айыптауға құралған. Егер қажет болса, Украинаның мемлекеттiк төңкерiстiң нәтижесiнде құрылған қазiргi билiгiнiң халықаралық нормалар мен адам құқықтарын өрескел түрде бұзғанын дәлелдейтiн 136 тармақтан тұратын қарар жаза аламыз. Бiрақ, бұл дағдарысты шешудiң жолы емес» дейдi ол. Сондай-ақ, ресейлiк делегацияның өкiлi Николай Рыжак Қырымның Ресейдiң құрамына 2014 жылы өткен референдумның нәтижесiнде қосыл-ғанын алға тартып, Ассамблея өкiлдерiн сол жерге барып, адамдардың Ресей Федерациясының құрамында қандай үйлесiм мен тыныштықта өмiр сүрiп жатқанын көруге шақырды. Сондай-ақ, ол Украинада неофшизмнiң бас көтере бастағанын, ДАИШ-тың кейбiр идеологтарының Украина билiгiнiң қорғауында отырғанын айтып, мұндай жағ-дайда аталған қарарды қабылдау масқара шешiм екенiн бiлдiрдi.

«Интерфакс» ақпарат агенттiгiнiң жазуынша, сейсенбi күнi РФ президентi Владимир Путин де аталған қарарға байланысты өз пiкiрiн бiлдiрдi. Ол Украина мен Ресей халықтарының мүддесi толықтай сәйкесетiнiн мәлiмдеген. В.Путин «Ресей мен Украина халықтарының мүддесi толықтай сәйкеседi, сәйкеспейтiн тек қазiргi Украина билiгiнiң және ондағы кейбiр саяси топтардың ұстанымы ғана. Екi ел қалай болғанда да ынтымақтастық орнатуы керек. Әйтпесе, Украина экономикасының қалай құлдырап кеткенiн бәрiмiз көрiп отырмыз. Украина билiгiнiң бүгiнде халықаралық нарықта табысты сататын жалғыз тауары қалды, ол – русофобия. Және мұнан бөлек олар Ресей мен Украинаның арасындағы саяси шиеленiстi саудаға салып жүр» дедi.

Ал, украиндықтардың бұған қарсы уәждерi жеткiлiктi. Айтулы қарардың авторы Артур Герасимов «Ресейлiк әрiптестерiмiз Қырымда өткен референдумды алға тарт-қысы келедi. Таңдаушылардың желкесiнен автомат кезенiп тұрса, қайдағы ерiктi таңдау туралы айтуға болады» дей келе, қарардың ең маңызды бөлiгi Донецк мен Луганскдегi жағдайға қатысты екенiн атап өттi. Айта кетейiк, ЕҚЫҰ ПА Ресейдi «Украинаның Донецк және Луганск облыстарының жекелеген аудандарындағы қарулы құрылымдарын, әскери техникасы мен жалдамалы сарбаздарын шығаруды қамтамасыз етуге» шақырған болатын.

 

Минск келiсiмi адыра қала ма?

Биылғы 23 маусым күнi мемлекеттiлiгi мойындалмаған Донецк республикасының сепаратистер бақылайтын аймағында ЕҚЫҰ-ның бейбiт бақылаушылары мiнген автокөлiк минаға түсiп жарылып кеткеннен кейiн Украинаның шығысындағы жағдай бұрын-ғыдан да ушыға түстi. Әсiресе, соңғы 20 күннiң төңiрегiнде оқ атпау жөнiндегi Минск келiсiмiнiң шарттары жиi бұзылып, үкiметтiк әскерлер мен сепаратистер арасында қақ-тығыстар жиi орын алуда. Бұл өткен аптада Германияның Гамбург қаласында G-20 саммитiнiң күн тәртiбiнде қаралған негiзгi мәселелердiң бiрi болды. Сондай-ақ, саммит аясында кездескен РФ мен АҚШ президенттерiнiң де әңгiмесiне осы проблема арқау болған. Д.Трамп пен В.Путин Украинаның шығысындағы жағдайды реттеу үшiн арнайы желi құру жөнiнде келiсiмге келдi. Дегенмен...

Алайда, ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Ламберто Заньенiң айтуынша, Минск келiсiмiнiң шарттары өрескел бұзылып жатыр. «Өкiнiш-ке қарай, маусымның соңында қайта тұтан-ған қақтығыс әлi де бәсеңдемей тұр. Әсiресе, сепаратистер жағынан әскери қимылдар жалғасуда. Түнде жаппай әскери дайындық жүрiп жатыр. Үкiметтiк әскерлер ауыр техникаларын әкетпей отыр. Донбаста әскери қозғалыс тым көп байқалады. Бұл, әрине, қауiп тудырады» деп мәлiмдеме жасады. Осыған қарағанда саясаткерлер мен дипломаттар қанша келiссөз жүргiзгенiмен бұл қақтығыстар әл-әзiрге саябырсымайтын сыңайлы. Олай дейтiнiмiз, Минск келiсiмi күшiне енген 2015 жылдың қыркүйек айынан берi қарай қақтығыстар аймағында 10 мыңнан астам адам қаза тауып, тағы 30 мыңдайы жараланыпты. Оқ атпау туралы келiсiм бар кездегi құрбандардың саны мұндай болса, ертең бұл қақтығыстар ашық соғысқа ұласса, туындауы мүмкiн гуманитарлық аппаттарды болжаудың өзi қиын. Мұндайда не iстеу керек?

 

Батыс Қырымнан, Ресей Донбастан бас тартса...

Көптеген бейтарап саяси сарапшылар пiкiрiнше, бұл қақтығыстар мен шиеленiстi тоқтатудың бiр ғана жолы бар. Ол – келiсiмге келу. Келiсiм болғанда егер Батыс пен ресми Киев Қырым мен Севастопль қаласына қатысты шекаралық дауынан бас тартуы, ал, Ресей тарапы соның қайтарымы ретiнде Донбаста сепаратистерге қолдау көрсетуiн тоқтатуы тиiс. Сонда ғана бұл жанжалға бiржола нүкте қойылуы мүмкiн. Алайда, тараптардың ешқайсысы бұл нұсқаға көнгiсi келмейдi. Сарапшылар тараптар бұған келiспеген жағдайда Украинадағы дағдарыс тағы ондаған жылға созылуы мүмкiн екенiн айтады. Оларды тек жанжалдың тым ұзаққа созылуы мен қақтығысқан топтарға қолдау көрсетуге кететiн әскери шығындардың мөлшерден тыс көбейiп кетуi ғана райынан қайтаруы мүмкiн. Ал, оған дейiн...

ТҮЙIН: Бiр ауыз сөзбен айтқанда, Ресейдiң қарарға қарайтын түрi жоқ. Керi-сiнше, ЕҚЫҰ Парламенттiк Ассамблеясы қабылдаған бұл қарар жағдайды реттеуден гөрi, екiжақты дүрдараздықты ушықтыра түскен секiлдi. Батыс державаларының ықпалындағы халықаралық ұйымдар мұндай қарарды қабылдаса да Ресей райынан қайтпауға бекiнген. Ол ендi оңайлықпен Қырымнан қол үзе қоймайды. Ал, сол кезде Украина президентi Петр Порошенко «Кейбiр заңнамалық актiлерге Украинаның сыртқы саяси бағытына қатысты өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Рада қабылдаған заңға қол қойды. Демек, ендiгi жерде Украинаның стратегиялық мақсаты – НАТО-ның құрамына ену. Әрi президент бұл iстi тезiрек жүзеге асыруға ынталы. Егер Украина НАТО-ның толыққанды мүшесi болса және бұл Одақтың негiзгi мақсаты өзiне мүше елдердiң аумақтық тұтастығын қорғау екенiн ескерсек, онда бұл оқиғалардың соңына үңiлген адам жарылыстардың қара түтiнiмен тұмшаланған соғыстың елесiн ғана көредi.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper