"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


ЛОНДОН, ПАРИЖГЕ ЖЕТЕР КҮН АЛЫС ЕМЕС

Бейсенбі, 06 Шілде 2017 12:00
ЛОНДОН, ПАРИЖГЕ ЖЕТЕР КҮН АЛЫС ЕМЕС

 

Астананы Елбасының төл перзенті десе болады. Өйткені, өздеріңіз жақсы білетіндей, Президент елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру жайлы идеяны алғаш болып көтеріп, соны жүзеге асырған тұлға. Иә, Ақмоланың республиканың жаңа бас қаласына айналып, аяғына нық тұрған кезеңдері туралы талай мақала жазылып, талай телевизиялық хабарлар түсірілді. Ескі астананы жаңа мекенге көшіріп, мүлде жаңа, сәулетті шаһар салу қандай қиындықтар арқылы келді десеңізші?!

 

Тоқсаныншы жылдардағы қиындық­тарды тағы бір мәрте еске алайықшы. Жұмыс жоқ, айлық жалақы бірнеше айлап төленбейтін. Жұрт күндерін әрең көріп жүр. Дипломды мамандардың көпшілігі базар жағалап кеткен-тін. Бюджетте ақша болмаған соң зейнетақыны, әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу мемлекет үшін мұңға айналды. Бірақ соған қарамастан Елбасы үлкен тәуекелге барып, ел астанасын ауыс­тыру туралы шешім қабылдады. Бұл шешімнің бірнеше стратегиялық маңыз­ды себептері болды. Ол туралы мақаланың мақсаты бөлек болғандықтан тереңіне үңіліп, тәптіштеп айтып жатпай-ақ қояйық. Маңыздысы, не нәрсені болсын, алыстан көре білетін Президенттің көрегендік қасиетін айтсаңызшы. Қазір ғой бәріміз астананың Арқаға көшкені дұрыс болған екен дейміз. Ал, сол тұста билік басындағылардың, қара­пайым халықтың пікірі алуан түрлі еді. Десек те, Қазақстанның болашағы үшін барлық іске баруға дайын тұратын Елбасының батылдығын, ерік-жігерін, ұстанымға берік­ті­гін айтамыз да. Біздіңше, елін сүйген шын перзент қана осындай тағдыршешті шешімдер қабылдап, бүкіл елдің мұңын жалғыз өзі мойнына ала алады.

Қош делік, Президент пәрменділігінің арқасында арқа төсінде, ерке Есілдің бойында әлем картасында тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы пайда болды. Ол кездері елорда былай тұрсын, Кеңес Одағының құрамында болған, бірақ көлеңкесінде қалып келген мемлекеттер әлем жұртшылығы үшін бейтаныс еді. Сондықтан Елбасы бірінші кезекте Қазақстанды, сонымен қатар, Астананы дүние жүзіне паш ету жолында көп еңбектеніп, аянбай тер төкті. Аз ғана уақыт ішінде көркемдігі көз тартатын, неше түрлі сәулеттік стильде салынған биік үйлер бой көтеріп, елорда сылаң қаққан арудай сәнді қалаға айналып шыға келді. Енді Астана тек республиканың бас шаһары емес, әлемдік деңгейдегі іс-шаралар, халықаралық мәдени кештер, саяси бағыттағы ауқымды жиындар өткізетін ТМД кеңістігіндегі маңызды орталықтың бірі ретінде атала бастады. Бүгінгі таңда елорда төрінде өтіп жатқан халықаралық ЭКСПО көрмесі осының бір дәлелі.

Сонымен бірге, Елбасының қолдауымен Астана экономикалық форумы өз жұмысына кірісіп, осылайша Қазақстан тағы бір мәрте бүкіл жұртқа өзінің әлемдік аренада ойып алар орны бар екендігін көрсете білді. Өйткені, мұндай халықаралық деңгейдегі ауқымды шара ұйымдастырып, оған әр жыл сайын дүние жүзіне атақты ғалымдар, бизнесмендер мен мемлекет және қоғам қайраткерлерін қонақ ретінде шақырып отыру, сөйтіп жер бетіндегі саяси-экономикалық сахнада орын алып жатқан оқиғаларға өзіндік ой айтып, ұсыныс білдіру, баға беру анау-мынау мемлекеттің қолынан келе бермес шаруа. Ал, қазақ елі осынау халықаралық форумды асқан жауапкершілікпен ұйымдастырып келеді. Жалпы, мәмілегершілік, бітімгершілік, халыққа пәтуа айту қазақтың қанында бар қасиет қой. Сонымен бірге, құт дарыған, қасиет қонған Арқа жері де өзінің осы бір ерекшеліктерімен адамды жақсылыққа қарай үндеп отырады. Сондықтан болар, көптеген саяси, экономикалық шиеленістердің күр­меуі Астана төрінде тарқатылып жатыр. Соның бір айғағы – Сирия мәселесі бойынша әлемдік ойыншы мемлекеттердің елордада бас қосуы.

Жоғарыда айтқанымыздай, экономика­лық форумдар өткізу дүние жүзіндегі дамы­ған немесе мықты державалардың айналысатын шаруасы. Мәселен, Швейцарияның Давос қаласында жылда дәстүрлі әлемдік экономикалық форум өз түндігін түреді. Ресейде халықаралық Петербург экономикалық форумы ұйымдастырылып тұрады. Осындай биік дәрежедегі басқосу Қытайда да өткізіледі. Міне, соңғы 10 жылдан бері әлем саясаткерлері мен экономистері Астана экономикалық форумына жиналатын болды.

Форум делегаттары алғаш рет елордада 2007 жылы «дөңгелек үстел» басында жиналады. Өздеріңізге мәлім, келесі жылы АҚШ-та ипотекалық ахуалдан бастау алған дүниежүзілік дағдарыс бүкіл әлем экономикасының аяғын аспаннан келтірді. Сол тұстарда Астана форумы титықтай бастаған әлемдік қауымдастыққа басу айтуда, сабырға шақыруда, дағдарыс шырмауынан бірге құтылуға ұран тастап, жұрттың жігерін жануда үлкен рөл атқарды десек қателеспейміз.

«Жаңа энергия – жаңа экономика» тақырыбын көтерген биылғы басқосуда да Елбасы мінбер биігінен экономикалық проблемалардан құтылудың тың жолдарын ұсынып, келелі ойларын ортаға салды. Форумда Мемлекет басшысы 2008 жылы басталған әлемдік дағдарыстың негіз­гі себептері әлі жойылмағандығын, кей­бір елдер өз шекараларын бекітіп, жаһандық сауданың өркендеуіне тұсау болып отырғанын және ауаға парниктік газдардың көптеп таралуынан қоршаған орта, экология бүлініп бара жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Президент өз сөзінде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын күшейту, Жібек жолы идеясын мықтап дамыту, ішкі жалпы өнімді есептейтін индикаторларды басқаша етіп қайта жасау және есептік-төлем мәселесін дұрыстап реттеу жөнінде біраз ұсыныстарын жеткізді.

Қорыта айтқанда, халықаралық мәнге ие әрі беделі жоғары осындай басқосулардың арқасында Астананың әлемдегі абыройы шарықтай түсті. Қазір дүниенің төрт бұрышы да елордамызды таниды, ай­мақтық геосаясатта әжептеуір салмағы бар екенін біледі.

Сондықтан Астана­ның аты Лондон, Париж, Вашингтонмен тең дәрежеде аталатын күнге әлі-ақ жетеміз деген оптимистік көзқарас әрбір қазақстандықтың жүрегінде тұр деп бүгінде толық сеніммен айта аламыз.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper