"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


Әлем назарында – Астана!

Бейсенбі, 06 Шілде 2017 11:58
Әлем назарында – Астана!

 

Биыл қазақ тарихында елеулі оқиға өтіп жатыр. Ол – ЭКСПО–2017 көрмесі. Сан түрлі әңгімелерге арқау болған бұл көрме еліміздің абыройын аспандатып, жас әрі әсем астанамызды әлемге таныта түсті. 29 маусымдағы мәліметке сүйенсек, айтулы іс-шараны көруге келген саяхатшылар саны жарты миллионға жеткен. Бұл туралы «Астана ЭКСПО–2017» ҰҚ» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады. Ұйымдас­тырушылар үш айда көрермендер саны 2 миллионнан асады деп болжап отыр.

 

Жетi грамм уранның қуаты 860 келi көмiрге тең...

Жұртшылықты ерекше қызықтырғаны – «Нұр-Әлем» сферасы. Сегіз қабаттан тұратын шар тәріздес ғимараттың бірінші қабатында Қазақстанның павильоны орналасқан. Онда еліміздің жетекші ғалымдарының ғылыми жобаларымен таныса аласыз. Әр қабатына көтерілген сайын түрлі қызықтарға тап боласыз.

Әр қабатта баламалы энергия көздерінің сан түрлері көрсетілген. Мәселен, ғарыш энергиясы бөлігін араласаңыз, қиялыңыз шарықтайды. Мұнда ғарышкерлердің қандай киім киетінінен бастап, жейтін тағамдарына дейін көрсетілген. Болашақта ғарыштан энергия алу мәселелері қарастырылған. Арнайы бөлмеге кіріп, виртуальды түрде ғарыш әлеміне саяхаттауға да мүмкіндігіңіз бар. Ғылымға белгілі бірнеше планета мен жұлдыздың аты жазылған жерде астрономия және физика пәндерінен ашық сабақтар ұйымдастыруға болады екен деген ойға келдік. «Нұр-Әлем» сферасында күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергия көздері туралы мағлұмат берілген. Ал, сегізінші қабат «Астана – болашақтың қаласы 2050» экспозициясына арналған. Мұнда келешекте Астананы ақылды қалаға айналдыру жолдары қарастырылған. Ұйымдас­тырушылардың айтуынша, диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр болатын мұндай сфералық ғимараттар әлемде сирек кездеседі. Ең бастысы, бұл туристік нысанға келген саяхатшылар қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлерінен хабардар болмақ. Дәстүрлі ән мен күйлерімізді тыңдайды.

Қазақстандық ғылыми жобалардың ішіндегі ең үздіктерінің бірі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының павильонында орналасқан. Мұнда сіз 7 грамм уран таблеткасы 860 келі көмірді немесе 780 келі мұнайды алмастыра алатынын білесіз. Қоршаған ортаға зиянсыз екенін естіп таңырқайсыз. Болашақтың энергиясының бір тармағы осы атом энергетикасында жатқанын аңғарасыз. «Атом энергиясының әлемі» деп аталатын бұл жобада уранды өндіруден бастап, оны кәдеге жарату жолдары туралы да білесіз. Қазір елімізде уран саласында 26 мыңнан астам адам жұмыс істеп жүр. Бұл туралы павильондағы қызметкерлер түсіндірді. Олар қазақ, ағылшын және орыс тілінде хабар беруге әзір. Уранды бейбіт мақсатта пайдалануды үлгі еткен Қазақстанның жоба­ларына келушілер қызығушылық танытқанын байқадық. Осы павильонға келу арқылы Қазақстанда табиғи уран заманауи озық әдіспен өндірілетініне көз жеткіздік. Дәлірек айтсақ, біздің инженерлер жер асты ұңғымасын шаймалау әдісімен уран өндіреді. Бұл әдіс бойынша уран өндіруге адамдар тікелей қатыспайды. МАГАТЭ-нің өзі ең қауіпсіз деп таныған тәсіл бойынша негізгі жұмыстарды роботтар атқарады. Яғни жер қабатына 20 грамға дейін күкірт қышқылының әлсіз ерітіндісі жіберіледі. Ол уранның табиғи қосындысын ерітеді. Еріген уран технология­лық ұңғымалар арқылы жердің үстіңгі қабатына сорып шығарылады. Қысқасы, уран өндірісінде тың жаңалықтар баршылық. Болашақта әлемде атом электр стансалары көбейеді деген болжам бар.

 

Жапондардың қазақ тiлiне құрметi

Салт-дәстүрі мен тарихын қатты құрметтейтін елдердің бірі – Жапония. Саяхатшыларды қызықтырған Жапония павильонында жанға жылылық ұялатқаны – олардың қазақ тіліне деген ерекше құрметі еді.

Есіктен қарсы алғаннан-ақ, «саламатсыздар ма», «қош келдіңіз», «келгеніңізге рахмет» деп иілген жапон аруларын көргенде ішіңіз жылып қалады. Осы көрмеге арнайы дайындалған таныстырылым фильмі де тек қазақ тілінде көрсетілді. Барлық жобалар қазақ тілінде таныстырылады. Қаласаңыз өзге тілдерге де аударып береді. Әйтсе де, шаңырақ иесін сыйлап, таныстырылымдарын қазақ тілінде дайындаған жапондарға риза боласың. Ал, өзімізбен көршілес Қытай павильонында негізінен орыс, ағылшын және қытай тіліне басымдық берілген.

Табиғи пайдалы қазбаларға кедей Жапония ерекше қажыр-қайраты мен білімнің арқасында бүгінгі биіктігін бағындырып отыр. Технологияны дамытып, әлемде көлік, телефон, теледидар, компьютер және өзге де қажетті тұрмыстық заттар шығару бойынша көш бастап тұр. ІТ технологиясын сіңіріп алған. Осы павильоннан су, атом және жылу энергетикасы туралы мағлұмат аласыз. Энергия үнемдеу мәселесі бойынша да ұсыныстары бар.

Тоқетерін айтсақ, ЭКСПО–2017 көрмесі – Қазақстанның танылуына және ғылымының дамуына серпін беретін іс-шара. Келешекте ЭКСПО павильондары түрлі мақсатта қолданылады. Мұнда қаржы орталығы, Жасыл экономика халықаралық орталығы және ІТ технологияларды дамытатын орындар ашылады. Қазірдің өзінде жиырмадан астам нақты ұсыныс бар. «Нұр-Әлем» сферасының төменгі қабатында қазақтың салт-дәстүрлерін визуальды түрде таныстыратын қабырға орналасқан. Мәселен, сіз қазақтың сан түрлі дәстүрлері бейнеленген суретті түртсеңіз, осы дәстүрді үш тілде түсіндіріп береді. Жеті ата ұғымы мен үлкенге құрмет, кішіге ізет жасау секілді асыл қасиеттеріміз де айтылады. Осы және өзге де ғажап бай мұраларымызға таң қалған шетелдіктер еріксіз бас шайқайды. Қазақ деген халықтың тамыры тереңде, болашағы жарқын екен десті. Біз, әрине, марқайып қалдық.

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper