"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ПОРОШЕНКО: ЕУРОПАЛЫҚ АРМАН МЕН ДОНБАСТЫҚ ҚАЙҒЫ

Сенбі, 13 Қаңтар 2018 11:22
ПОРОШЕНКО: ЕУРОПАЛЫҚ АРМАН МЕН ДОНБАСТЫҚ ҚАЙҒЫ

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Соңғы жылдары өз еліндегі электораттың ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықтың назарынан түспей келе жатқан саясаткерлердің бірі – Петр Порошенко. Олай дейтініміз, «олигархтардың ықпалындағы украин билігін тақтан тайдыру және жемқорлықты ауыздықтау» мақсатында ұйымдастырылды дейтін революцияның нәтижесінде президенттікке «шоколадты король» атанған нағыз олигархтың өзі сайланды. Бәлкім, сайлаушылар Кличконың спорттағы жетістіктеріне, Тимошенконың жалынды сөздеріне алданып, оларға дауыс берген шығар. Ал, екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын демей-ақ қоялық, бірақ, ел басқарар адамдай ойын орамды етіп жеткізе алмайтын, шешендігі шамалы Порошенко украиндықтарды несімен баурап алды?

 

«Цеховиктің» баласы әрі дзюдо палуаны

Болашақ президент 1965 жылы 25 қыркүйекте Украинаның Болград қаласында туған. Тоғыз жасында отбасымен бірге Молдавияның Бендеры қаласына көшіп барған. Бесінші сыныпта оқып жүрген кезінен бастап дзюдомен айналысқан. Есейе келе ол дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер атаныпты. Осының бәрін ескерсек, ол жастайынан жан-жақты қабілетті бала болғанға ұқсайды. Айтпақшы, дзюдоның әдістерін саясаткер өмірде талай рет қолданған. Радада әріптестерімен алысқанын айтпаған­да, өзінің айтуынша, әскери комиссариатта төрт офицермен бір өзі төбелескен. Соның салдарынан оны армияға КСРО-ның еуро­па­лық бөлігіне емес, шалғайда жатқан Қазақстанға жіберіпті.

Украина президентінің өмірбаянындағы екі қара дақтың бірі – оның коррупциялық істерге қатысы болса (ол жөнінде кейінірек тоқталамыз), екіншісі әкесінің қылмысымен байланысты.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Кеңес Одағының экономикасында «созылмалы тауар дефициті» ауруы белең алды. Осы тұста зауыт-фабрикаларда өндірілген тауарды «сөренің астынан» сататын «цеховиктер» пайда болды. Петрдің әкесі Алексей Порошенко тап сондай «цеховиктің» өзі екен. mk.ru сайтының жазуынша, Алексей Иванович Бендеры қаласындағы «Молдсельхозмонтаж» зауытында цех бастығы болып жұмыс істеген және 1985 жылы мемлекет мүлкіне қол сұққаны үшін соттың үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылған. Бірақ, арада екі жыл өткен соң амнистияға ілініп, түрмеден босап шыққан.

 

Бұрыш сатушыдан «Шоколадты империя» қожайынына дейін

«Форбс-Украина» журналының деректеріне сүйенсек, Порошенконың дәулеті 2011 жылы 800 миллион АҚШ доллары болған. Ал, 2013 жылы 1,6 миллиардқа, 2016 жылы 1,8 миллиардқа дейін жеткен. 2011-2013 жылдары кейіпкеріміздің байлығы айналасы екі жылда 2 есе молайыпты. Бір қызығы, тап осы кезеңдерде ол Украинаның экономика министрі қызметін атқарған. Осы жердің өзінде оның ары мен қолының тазалығына қатысты талай күмән туындайтындай. Ол 2011 жылы Украинадағы дәулетті адамдардың тізімінде бар-жоғы 14-ші орында тұрса, қазір бесінші сатыға көтеріліпті.

Осынау алып бизнес неден бастау алған еді? Енді бәрін рет-ретімен баяндасақ...

1982 жылы Молдавиядан өзінің тарихи отанына оралған Петр Алексеевич Т.Шевченко атындағы Киев мемлекеттік университетіне халықаралық экономикалық байланыстар мамандығы бойынша оқуға түседі. 1990 жылы өзі тәмамдаған университеттің аспирантурасына түскен ол елдің нарықтық қатынасқа өтетінін ерте байқап, жеке бизнес ашу бойынша кеңес беретін компания құрған. Өзінің мамандығы бойынша алған білімін пайдалана отырып, капитализм заңдылықтарынан хабарсыз адамдарға бизнесті қалай тіркеп, қалай жүргізу керектігін, кредит пен дебит, инвестиция дегендердің не екенін үйретіп, алғашқы миллиондарын тауыпты.

Қазіргі президенттің бизнестегі сенімді серігі Игорь Кононенко «Петр Алексе-евич бизнесте әуелден жеңіліссіз стратегияны таңдады. Алпауыттардың бәрі көмір шахталары, металлургиялық зауыттар мен газ концерндерін иеленіп қалу үшін жан алысып, жан берісіп жатқанда Порошенко сол кезде «болашағы бұлыңғыр» деп есептелген азық-түлік пен аграрлық секторды біртіндеп жаулап ала бастады» дейді Украинадағы «Пятый канал» телеарнасына берген сұхбатында.

Иә, Порошенко кеңес беруден тапқан ақшасына 1991 жылы Одесса облысындағы бұрыш өндіретін зауытты сатып алды. Келесі жылы ол Винницк қаласындағы кондитерлік фабриканы сатып алды. Ал, 1994 жылы «Укрпроминвест-Агро» корпорациясының негізін қалады. 1995 – 2004 жылдар аралығында Киевте, Мариупольскіде, Клайпедада, Ресейдің Липецк қаласында және Венгрияның Надьканижа қаласында кондитерлік фабрикалар ашты. Осылайша, бүгінде бүкіл әлемге танымал «Roshen» бренді қалыптасқан. Мұнан бөлек П.Порошенко түрлі жылдары әртүрлі БАҚ-тар мен медиахолдингтердің қожайыны болған.

Осы тұста оқырмандарға қызықты екі деректі айта кеткіміз келеді. Біріншіден, «Рошен» сөзі президенттің тегінің алдыңғы және соңғы екі әрпін қысқартудан шығыпты. Екіншіден, «шоколадты корольдің» өзі мүлде шоколад жемейді және балаларының да тәттіні шамадан тыс жеуіне рұқсат бермейді. Өйткені, Украинаның көшбасшысы созылмалы қант диабетімен ауырады.

 

Өңірлер партиясының бастауында

Порошенко мен Януковичтің қарым-қатынасы айтарлықтай ұзақ және көпқырлы. 2000 жылы ірі бизнесмен деген этаптан өтіп, олигарх атана бастаған П.Порошенко Өңірлер партиясын құрды. Дұрысы, оның құрылуына демеушілік жасады. Бірақ, пробиліктік жаңа партияның құрамында саяси көшбасшылар көп еді. Олардың қатарында Донецк қаласының сол кездегі мэрі Владимир Рыбак, Донецк облысының сол уақыттағы губернаторы Виктор Янукович бар еді. Олар саясатқа енді ғана келген П.Порошенконың ақшасын пайдаланды да, өзін біртіндеп шетке ығыстыра бастады.

Тап осы кезде Леонид Кучма Виктор Ющенконы отставкаға жіберді. Бұл шешімге наразы болған экс-премьер бір күннің ішінде оппозицияның бел ортасынан табылды. Өңірлер партиясындағы әділетсіздікке ренжіген П.Порошенко да өзінің саяси бағытынан оңай тайқып кетіп, В.Ющенконың жанынан табылды. Сөйтіп, 2002 жылғы парламенттік сайлаудан кейін П.Порошенко В.Ющенконың «Наша Украи­на» партиясының Жоғарғы рададағы фракциясында бюджеттік комитеттің төрағасы атанды. Белсенділігімен танылған депутат биліктің бюджетті толықтыру және оны атқаруға қатысты кемшіліктерін аямай сынап, саясаткер ретінде танылып, электораттың алдында ұпай жинай бастады.

 

Кеше авторитар, бүгін демократ...

В.Ющенконың 2005 жылы президенттік сайлауда жеңіске жетуіне оның серіктесі П.Порошенконың батыл баяндамалары да ықпал еткені сөзсіз. Осыны ескерсек, В.Ющенко П.Порошенконы премьер-министр лауазымына тағайындауы тиіс секілді көрінген. Олигархтың өзі де содан қатты үміттенген сияқты. Бірақ, президент үкімет басшысының орынтағына Юлия Тимошенконы лайық деп санады. Міне, сол тұста В.Ющенко мен П.Порошенконың арасын қара мысық кесіп өтті. Бірақ, президент елдің ықпалды адамдарының бірі оппозицияға кетпеуі үшін оған Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің төрағасы лауазымын берді.

Кеңеске төраға болған олигарх оны ықпалы үкіметтен кем емес, маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданатын орталыққа айналдыруға тырысты. Сол кезде президент хатшылығының меңгерушісі болған Александр Зинченко «Петр Алексеевич, ең алдымен, кеңестің хатшылығына генерал шеніндегі адамның отыруына қол жеткізді. Екіншіден, біртіндеп елдегі сот билігін осы кеңестің қол астына алды. Бұл Конституцияға қайшы болатынын айтқандарға барлық ресурстарын қолданып қысым көрсетті. Арада жыл өтпей Кучманың кезінде қабылданып, кейін күшін жойған телефондарды тыңдауға рұқсат беретін антидемократиялық заңың қайта қолданысқа енгізді. Сол норманы пайдалана отырып, елдегі соттардың барлығына қысым көрсетіп, сол арқылы ірі коррупциялық жүйе қалыптастырды. Бір қызығы, 2013 жылдың күзі мен 2014 жылдың басында орын алған оқиғаларға себеп болған олигархтардың ықпалы, жемқорлық пен әлімжеттіктің бәрінің бастауында тұрған адам П.Порошенко болатын. Енді революцияның кезінде оның бәрі ұмытылып, ол құтқарушының рөліне ауысып кетті» дейді «Пилот-Украина» телеарнасына 2015 жылдың наурыз айында берген сұхбатында.

В.Ющенко осының бәріне көз жеткізген кезде П.Порошенконы қызметінен босатты. Бірақ, екеуінің арасындағы ескі байланыстарының арқасында П.Порошенко түрмеге жабылмады, керісінше, бұрынғы-дай құдіретті болмаса да Украина Ұлттық банкі бақылау кеңесінің төрағасы, Украина сыртқы істер министрі дегендей биік лауазымдарда қызмет атқарды. Украинаның төртінші президенті Янукович те өзінің ескі партияласына сенім артып, биік лауазымдарды тапсырды.

 

ТҮЙІН: П.Порошенконың 2013-2014 жылдардағы саяси қадамдары, оның Майданда­ғы жалынды мәлімдемелері, Ресейге көрсеткен қыры мен халыққа берген уәделерін жұрт жақсы біледі.

Ал, біз бүгін бесінші президенттің сол күнге қалай жеткеніне ғана тоқталдық. Әрине, оның бәрі оқырманға қызықты болғанымен, Украина халқы үшін одан да маңызды сұрақтар бар. Олар: бесінші президент 2014 жылғы оқиғалардан кейін қабырғасы опырылып, шаңырағы ортасына түскен

Украина экономикасын қалпына келтіріп, халықтың тұрмысын, өзі уәде бергендей, еуропалық деңгейге көтере ала ма? Одан да маңыздысы П.Порошенко өз мемлекетінің аумақтық тұтастығын сақтап қала ала ма?

Бұл сұрақтардың жауабын уақыт көрсетеді. Әзірге айтарымыз, П.Порошенко өткен жылы Еуропа Одағы елдеріне украиндықтардың визасыз кіріп, шығуына қол жеткізді. Және НАТО-ға жақындай түсті. Бірақ,

2017 жылы Украина экономикасы жоспарланғандай 3,5 пайызға емес, бар-жоғы 1,8 пайызға ғана дамыды. 2013 жылға дейінгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізудің әзірге ауылы алыс болып тұр. П.Порошенконың «Қырымды қайтару» туралы уәдесін айтпағанның өзінде, Донбасс дағдарысының да әл-әзір шешілетін түрі байқалмайды...

Сөйтіп, елді еуропалық арманға қарай бастаған П.Порошенко әзірге халқын донбастық қайғыдан арылта алар емес. Ал, 2019 жылғы президенттік сайлауда оның жеңу-жеңбеуі осы проблемалардың шешілуіне байланысты...

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper