"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ҰЛЫЛЫҚ – ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТА

Бейсенбі, 11 Қаңтар 2018 11:04
ҰЛЫЛЫҚ – ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТА

 

1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқитын едім. Түс қайта басталатын сабағыма асықпай келе жатып Қазақ КСР Ғылым академиясы ғимаратының алдынан шұғыл шаруамен асығыс жиналып жатқан бір топ лауазымды кісілерді көрдім. Әлгі адамдардың жүздерінен аса бір мазасыздықты байқаған соң сол маңда жүрген кісілерден сұрастырып білсем, Ғылым академиясын ұйымдастырушы әрі тұңғыш президенті, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев дүниеден өтіпті. Бұл кісілер ғұламаны соңғы сапарға шығарып салу рәсімін ұйымдастырушылар екен.

 

Сабағымның басталуына әлі біраз уақыт бар еді. Сондықтан халқымыздың нар тұлғалы азаматымен көппен бірге қоштасып қалу ниетімен ғимаратқа кірдім. Фойенің төріне жан-жағы алқызыл гүлдермен көмкеріліп, қызыл қошқыл барқытпен тысталған табыт қойылыпты. Ішке енген сәтте ешқайда бұрылуға мүмкіндік болмай, тұрып қалдық. Сөйтсек, марқұммен қоштасу үшін Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бастаған Саяси Бюро мүшелері қолдарына қызыл қошқыл барқыттан лента тағып, күзетке тұруға дайындалып жатыр екен. Сол жолы мен секілді студент үшін ұлы тұлғаны соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатысып, лауазымды адамдардың тебіреніске толы қоштасу сөздерін тыңдау терең толғанысқа түсірген әрі ұмытылмас тарихи сәт болды.

Белгіленген мерзім өткен соң ер адамдар марқұмның қызыл матамен тысталған жастықшаларға тағылған орден-медальдарын ретімен ұстап, соңынан оншақты адам табытты көтеріп, сыртқа беттеді. Соңынан Саяси Бюро мүшелері қозғалды. Осы ретпен сыртқа шыққан соң қаралы топ бұрынғы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті мен Үкімет үйі алдындағы алаңға дейін жүріп отырып, одан әрі бұрынғы Коммунистік даңғылына түсті. Содан Ташкент даңғылына жеткенімізде Саяси Бюро мүшелері көрінбей қалды да бізді милиция қызметкерлері тоқтатты.

Сол жолы Д.Қонаевтың лауазымды кісілердің барлығынан да бойшаң екенін, әлгілердің оның иығынан ғана келетінін байқадым. Дінмұхамед Ахметұлының курстасы, досы әрі қызметтесін қаралы топпен бірге соншама жерге дейін жаяу шығарып салуы мені қатты тебірентті. «Неткен қарапайымдылық. Шын дос осындай болады екен ғой» деген ой түйдім. Осы оқиғадан жоғары адамгершіліктің үлгісін көріп, әсіресе достық пен сыйластықтың қандай болуға тиіс екенін үйрендім. Қазақстан Республикасының басшысы киген түсі сұр пальтоның жағасы мен бас киімі бір түсті теріден тігілгенін байқап, «ұлылық қарапайымдылықта екен» деген ой көңіліме берік ұялаған еді.

1983 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде қызмет істеп жүргенімде жазғы еңбек демалысында зайыбыммен бірге Ресейдің Ставрополь өлкесіндегі Ессентуки курортында демалдық. Жексенбі күні Бештауды (Пятигорск қаласы) аралап қайту үшін электричкаға отырғанымызда ұлты шешен кісі «Ассаламағалейкум!» деп қазақша амандасты. Бөтен жерде өз ана тіліңде сөйлеген адамға құрметпен қарайсың ғой. Мен де қазақша сөйлеген әлгі шешеннің сәлемін қабыл алып, сәлем бердім. «Қазақстаннансыңдар ма?» деген ол асты-үстіме түсіп, елпектеп барады.

– Мемлекеттеріңді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев басқарып отырған қандай бақытты халық едіңдер! Ол кісіні данышпан десем де, көсем десем де жарасады. Мен Қонаевтың қолын алып, амандасқанмын, – деген сұхбаттасым әй-шәй жоқ әңгімесін сабақтай жөнелді.

Айтуынша, ол кісі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында Қазақстанда өмір сүріпті. Сол тұстағы Шымкент облысының Леңгір ауданына қарасты «Горный» кеңшарында шопан болып еңбек етіп, 100 саулықтан 110 қозы алып, озат атаныпты. Бір жолы Қазақстан басшысы Дінмұхамед Қонаев облысқа сапары кезінде Леңгір ауданын аралап, еңбек адамдарының тыныс-тіршілігімен танысады. Аудан басшылары озат шопан екенін айтса керек, үлкен кісі көпшіліктің ортасынан оны шақыртып алыпты.

– Жаңа өздеріңмен амандасқандай «Ассалаумағалейкум!» деп қос қолымды ұсынғанымда «Уағалейкумассалам!» деп жылы сәлем берді. Қолымды ұстап тұрып «жарайсың, жігітім, жақсы еңбек етіп, мал басын көбейте беріңдер» деп жүзінен мейірімі төгіле қарады. Апыр-ау, «патша деген Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес пе! Патшамыздың қолымды ұстап тұрып жақсы тілек білдіргеніне қуаныштан жүрегім жарыла жаздады. Не деген қарапайымдылық десеңізші! Өзіме үлкен міндет жүктеп тұрғанын сезіндім де «рахмет, солай болады!» деп жауап қайтардым. Кейіннен атамекенімізге, Шешенстанға оралдық қой. Қазір осында демалып жүрмін. Елге менен дұғай сәлем айтыңдар. Қазақ халқына, Қонаев секілді басшыларыңа бек ризамын, – деп қоштасты шешен досымыз.

Өмірбек ТЕМІР, ОҚО ардагер судьялар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасының құрметті заңгері.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper