"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ӘДIҺАМ ШIЛТЕРХАНОВ

Дүйсенбі, 08 Қаңтар 2018 11:26
ӘДIҺАМ ШIЛТЕРХАНОВ

 

Қазақ руханияты ауыр қазаға ұшырады. Есiмi елге танымал майдангер-жазушы, соғыс және еңбек ардагерi, Отырар, Бәйдiбек аудандарының құрметтi азаматы, абыз ақсақалымыз Әдiһам Шiлтерханов 93 жасқа қараған шағында өмiрден өттi.

 

Әдiһам Шiлтерханов 1925 жылы 27 шiлдеде Ордабасы ауданы, Төрткүл ауылында дүниеге келген.

1943 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын бiтiрген.

1945-65 жылдары Бәйдiбек ауданында мұғалiм, комсомол ұйымының хатшысы, агроном, аудандық партия комитетiнiң нұсқаушысы, ұжымшардың бас агрономы, ұжымшар партия ұйымының хатшысы, ұжымшар төрағасы қызметтерiн атқарған.

1969-81 жылдары Отырар ауданындағы «Арыс» кеңшарының директоры, 1981-85 жылдары Отырар ауданында «Тұрмыс» комбинатының директоры болып еңбек еттi.

«Үш бәйтерек», «Ақжалдың ақыры», «С.Ерубаев», «Аталы сөздер» кiтаптарының авторы. 2001 жылы 2 томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президиумының Құрмет грамотасымен, 1-дәрежелi «Отан соғысы» орденiмен және көптеген медальдармен марапатталған.

Алаштың абзал абызы Әдiһам Шiлтерхановтың есiмi руханият бесiгiнде тербелген қалың қазақтың есiнде мәңгi сақталады.

 

ЖАНЫ ПЕЙIШТЕ ШАЛҚЫСЫН

Қазақтың көркем сөзiнiң зергерi, қазақ әдебиетiнiң көшбасшыларының бiрi, батагөй ата, абыз ақсақал, миллиондаған адамның өмiрiн жойған қан майдан – Ұлы Отан соғысының ардагерi, облысымыздың ел ағасы Әдiһам Шiлтерхановтың өмiрден озғанын естiгенде жанымды аяз қарып, қабырғамды қайыстырып жiбердi. Әдекеңнiң қарапайымдылығы, кiшiпейiлдiлiгi, мейiрбандығы, ақпейiлдiлiгi, жанында отырғандарға нұрын шаша отырып уылжытып әңгiме айтатындығы ой тұңғиығынан кетер емес.

Ой, шiркiн, өмiр-ай, осындай жақсы ағаның қас-қағым сәтте көз алдыңнан бұл-бұл ұшатындығы аза бойыңды қаза етедi. Күнi кеше ғана Әдiһам ақсақалдың «Оңтүстiк Қазақстан» газетi ұйымдастырған қисса жарысының беташарында берген батасының құдiретi, оның керемет тереңдiгi мен ойлылығы, қазақтың қарапайым қара сөзiн ұлы философияға айналдырғаны, залда отырғандардың құлағының құрыш етiн қандырғаны күнi бүгiнге дейiн есiмде. Дәл сондай салиқалы батаны мен осы жасқа келгелi естiген де, оқыған да емеспiн. Данышпандық, ұлылық, шешендiк дәл осындай-ақ болар.

Жүрегi де, жаны да, iс-әрекетi де, жазу-сызуы да таудың кәусар бұлағындай таза, мөп-мөлдiр ақылгөй көкемiз мәңгiлiкке көз жұмды. Бiрақ, оның асыл еңбегi, адамгершiлiк пен парасаттылықты, мәдениеттiлiк пен iзеттiлiктi үндейтiн толғаныстарға толы шығармалары қалды. Ол дүниелердiң тiрiлерге әлi талай қызмет жасайтынына ешқандай күмәнiм жоқ.

Жатқан жерi жайлы, топырағы торқа, жаны жаннатта болғай!

Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның құрметтi журналисi, Оңтүстiк Қазақстан облысының құрметтi азаматы.

 

КӨНЕНIҢ КӨЗIНДЕЙ, ӨНЕГЕНIҢ ӨЗIНДЕЙ ЕДI

Былтыр күзде «Оңтүстiк Қазақстан» газетi елiмiзде тұңғыш рет арнайы жоба бойынша мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан облыстық байқау өткiзген едi.  Сол байқаудың беташарында театр сахнасында отырып, жиырма минут бойы мүдiрмей де кiдiрмей, жас ұрпаққа теңдессiз тағылымды сөзiн арнап, алты жүзден астам тыңдарманды таң-тамаша күйге бөлеп, берген батасымен де қайран қалдырған қайран Әдекең де дүниеден өттi.

Әдекең Әуезовтiң әуезiне алпысыншы жылдары зерек қанып, қасиетiн ерек танып, қасынан табылған тектi тұғын. Өмiрде әдептiң, өнерде әдiптiң, ұрпақтар сабақтастығы дейтұғын әлемде биiк парасаттың кiсiсi едi. Санаулы ғана кiтаптарының мән-мазмұн сапасы аса жоғары болатын. Деректi һәм көркем әңгiмелерi мен хикаяттарында да, өзектi мәселелер көтерген эсселерi мен мақалаларында да көненiң көзiндей, өнегенiң өзiндей екенi ерекшелене есiлiп көрiнетiн. Аталы сөздерi мен баталы сөздерiн айтсаңызшы! «Алдағаннан алданған тәуiр – арың кiрленбейдi», «Жалынға күйген – бiр азап, жалаға күйген – мың азап», «Көздiң жасы тамған жер оңайлықпен көктемейдi».  Мiне, осындай-осындай бiр мың бес жүзден аса афоризмге, мақал-мәтелге айналған сөздерi бiрнеше мәрте кiтап болып шықты.

Әдiһам Шiлтерхановтың бақилық болуымен ұлыстың ұйытқысы атанған алтын құрсақты аймағымыздағы абыздық, ақсақалдық деңгей бiр саты бәсейгендей  төменшiктеп қалдық.

Бақұл болыңыз, ақжарылқап ағатай!

Мархабат БАЙҒҰТ.

 

 

ҒҰМЫРЫ ҒИБРАТТЫ АБЫЗ АҒА

Ақылдың ойға қонымды алғырлығын, болмыстың байыптылығын, шашасына шаң жұқтырмайтын шешендiктiң шешiлгенiн аңсағанда, сол кiсiге баратынмын. Шалқыған шабытының шайпау сөзсiз шапағаты шарпуын тигiзсе дейтiнмiн. Өлiмшi өтiрiкке де өре түрегелетiн өрiсi тар, өтiмi аз өсек баққандардың санатынан емес едi ол. Маңдайына бiтпеген еңбексiз өлi сыбағаға буыны босамайтын. Барға мәзiр, жоққа әзiр күйiнде тiршiлiк еттi. Жаратушысынан «Қиялдайтындай өмiр бер, ұялмайтындай өлiм бер» деп тiлеген жампоз жазушы Әдiһам Шiлтерханов сүт татыған таза тағлымын бiзге мирас етiп, Құдайына қайтты. Рухани аруағына тағзым етер күнiмiз туды. Ендi ешқашан шүйiркелесе алмайтынымызды түйсiнсек те шүкiрлiк етемiз. Өйткенi, өнерлi еңбекте ой-өрдi елемейтiн ерен жүйрiктiң шертер күй, шығар мұңы шер тарқатқан шығармаларында ұтырлы жерiн тауып, ұтымды пайдаланылып, соңындағыларға мұра боп қалды. Жастық шақтағы жадын, есте сақтау қабiлетiн тоқсан үш жасында да жоғалтпаған Әдекеннiң өнегесi өзi жанындай жақсы көретiн кейiнгi ұрпақты жадыбастықтан сақтандырып, ұлт дәстүрiн, тарихын түп төркiнiне дейiн зерделеуге шақырып тұрғандай. Ұшар көлiн, қонар көгiн бiлгiсi келетiндерге бұл да сап күмiстей сабақ.

Жағасы жайлау, кеудесi қыстау ағаның айналасындағыларға ет бауыры елжiрейтiн. Шын дүниесiне аттанарынан бiр ай бұрын жылдағы әдетiмен ата жолын жалғастырып, Аталықтай ақсақалдарға, Аналықтай бәйбiшелерге ақ дастарқанын жайып, дәм-тұз таттырған едi. Қоштасқаны екен ғой, жарықтықтың. Бұл да ғұмыр ғибраты.

Әдiһам Шiлтерханов қаламы жауырды жаба тоқымай, әдебиетiмiзге ақжолтай, құтты болып, ырыс әкелдi. «Ақжалдың ақыры», «Қабылдың әңгелегi», «Зауал» хикаяттарының, өмiр шындығынан жазылған әңгiмелерiнiң, толып жатқан зерттеулерiнiң жiлiк майы татымды. «Аталы сөздер» жинағына енген ықшам туындылары ел арасында мақалға, қанатты сөзге айналып, ауыздан-ауызға көшiп жүр. Дарынын жел құйын дақпырттан қорғай бiлген, өзiмiз әзелден әз тұтқан абыз ағаның рухани әдемi әлемiнен оқырман ұзақ уақытқа дейiн жүз тайдырмайтынына сенiмдiмiз.

Топырағыңыз торқа, жаныңыз жаннатта болсын, Әдеке!

Нармахан БЕГАЛЫҰЛЫ.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper