"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


РОУХАНИДЫ ҚАҢҒЫТУ

Бейсенбі, 04 Қаңтар 2018 11:29
РОУХАНИДЫ ҚАҢҒЫТУ

 

Немесе бұл жағдай Иранды ядролық державаға айналуға итермелейдi

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Бiздiң елде рухани жаңғыру жүрiп жатса, ирандықтар жаңа жылды «Роуханиды қаңғыту» операциясымен бастап кеткендей. Өткен жылы желтоқсанның 28-i күнi басталған наразылық шерулерiнiң әуелгi себебi жұмыртқа мен өзге де азық-түлiк бағасының қымбаттауы едi. Бiрақ, Мешхед қаласынан басталған толқулар ел астанасы Тегеранға жетiп, одан Иранның барлық iрi қалаларын қамтыды және әлеуметтiк толқудан асып, саяси реңк алып үлгердi. Шерушiлердiң ендiгi талабы – билiктiң отставкаға кетуi және режимнiң толықтай жойылуы. Роуханиды қаңғыту деп отырғанымыз – осы, яғни, ел президентi Хасан Роуханиды тақтан тайдыру.

«Reuters» агенттiгiнiң хабарлауынша, 6 күн бойына жалғасып жатқан наразылық шерулерi жаппай тәртiпсiздiктерге ұласқан. Иран билiгi елдiң кейбiр қалаларында наразылық бiлдiрушiлердiң муниципалды ғимараттар мен банктерге шабуыл жасағанын мәлiмдедi. Неджефабад қаласында ереуiлшiлер полиция қызметкерлерiн аңшы мылтығымен атып, үш полиция қызметкерi жараланып, бiреуi қаза тапты. Ал, Дору қаласындағы екi ереуiлшiнiң өлтiрiлуiне қауiпсiздiк қызметкерлерiнiң қатысы бар деген ақпарат тарады. Алайда, Тегеран билiгi оны жоққа шығарып, «шетелдiк агенттердi» арандатушылықпен айналысты деп айыптауда. Билiктiң мәлiмдеуiнше, әлдекiмдер наразылық акциясына келiп, алаңдар мен жергiлiктi әкiмдiкте жаппай тәртiп бұзушылық жасаған. Сондай-ақ, Тегеранда шерушiлердiң бiрi өрт сөндiру көлiгiн иемденiп алып, онымен кездейсоқ өтiп бара жатқан 30 жастағы азамат пен оның 12 жастағы қызын қағып кеткен. Салдарынан екеуi де ажал құшты. Жалпы, Иранда өтiп жатқан оқиғалардың салдарынан кем дегенде 20 адам қаза тапқан. Полиция «жаппай тәртiпсiздiктердi ұйымдастырды» деген күдiкпен 500-ге тарта адамды қамауға алған.

Ирандағы жағдай халықаралық қауымдастықты да бей-жай қалдырмағаны анық. АҚШ билiгi бұл жағдайды «нағыз халықтық бас көтеру» деп бағалады. Ақ үйдiң баспасөз хатшысы Сара Сандерс «халық өздерiн қинайтын тым қымбат бағалар мен ауыр тұрмыстан, басшылықтың жемқорлығынан әбден шаршаған. Нәтижесiнде бiз ирандықтардың нағыз халықтық бас көтеруiн көрiп отырмыз. Оны ұйымдастырған – Иран халқы. АҚШ әрқашан Иран халқын қолдайды. Билiктегi режим азаматтардың өз көзқарастарын бiлдiруге деген фундаменталды құқықтарын сыйлауы керек. Режим Иран елiнiң байлығын шекараның сыртында жаугершiлiк идеология мен терроризмдi қолдауға шашуда. Ал, елдiң iшiнде жағдай тым қиын» дедi 2 қаңтар күнi өткен брифингте. Бұған дейiн осы сарындағы мәлiмдеменi АҚШ президентi Дональд Трамп «Twitter» әлеуметтiк желiсiндегi парақшасында жариялаған болатын.

«РИА Новости» агенттiгiнiң жазуынша, АҚШ-тың мемлекеттiк департаментiнiң ресми өкiлi Хезер Науэрт Құрама Штаттардың Иранға қарсы санкция қолдануы мүмкiн екенiн жоққа шығармады. Оның айтуынша, «Иран режимiнiң шерушiлердi күшпен таратуына жауап ретiнде қолданылуы мүмкiн шаралардың iшiнде сауда-экономикалық санкциялар да бар».

Ирандағы жағдайға қатысты Ресейдiң сыртқы iстер министрлiгi де мәлiмдеме жасады. Онда «Ресми Мәскеу Ирандағы наразылық шерулерi Иран Ислам Республикасының iшкi мәселесi деп есептейдi. Бiз жағдайдың күш қолдану және қантөгiс арқылы жалғасқанын қаламаймыз. Сондай-ақ, елдiң iшкi мәселесiне сыртқы күштердiң араласуы да дұрыс болмайды. Бұл онсыз да тұрақсыз жағдайды ушықтыра түседi» делiнген мәлiмдемеде.

Ал, Иранның рухани көсемi аятолла Әли Хаменеи көтерiлiстердiң артында тұрғандардың бар екенiн айтты. «Олар елдегi мемлекеттiк билiктi төңкеру үшiн барлық мүмкiндiктерiн пайдаланып жатыр. Жансыздар арқылы елге ақша мен қару-жарақ жолдап, көтерiлiсшiлердi арандатып жатыр» дедi аятолла. Айта кетейiк, бұған дейiн Иранның ұлттық қауiпсiздiк жөнiндегi жоғарғы кеңесiнiң хатшысы Әли Шамхани көтерiлiстiң артында Сауд Арабиясы, Ұлыбритания мен АҚШ тұрғанын ашық мәлiмдеген болатын.

Осының бәрiн есепке алсақ, Иран әлемдiк державалардың арасындағы саяси текетiрестiң жаңа ошағына айнала бастағандай. Бұл елдегi жағдайға сыртқы күштер араласпаған болса, көтерiлiстерге дем берушiлер мен оларды жаппай тәртiпсiздiкке ұластырған арандатушылар болмаса, талай қиындықтарды бастан кешiрген ирандықтардың өз беттерiнше билiкке қарсы шығып, бейбiт елдерiнде бүлiк бастауы екiталай.

Тағы бiр назар аударарлық мәселе, Иранның iрi қалаларында көшеге шыққандардың басым көпшiлiгi отызға толмаған жастар. Бейресми деректерге сәйкес, елде жастар арасындағы жұмыссыздық 30 пайызға дейiн жетедi. Бұл әрбiр үшiншi жас ирандықтың жұмыссыз жүргенiн көрсетедi. Ал, жұмыссыз әрi әлеуметтiк мәселелерi шешiлмеген жастардың кез келген арандатуға түсiп қалуы оңай.

Ирандағы жағдайдың соңы қалай болуы мүмкiн дегенге қатысты саясаттанушылар әртүрлi пiкiр бiлдiредi. Кейбiр сарапшылар наразылық шерулерi тоқтамаса, билiктегi режим жаппай жазалау шараларын қолға алуы, яғни, қанды қасап ұйымдастыруы мүмкiн екенiн айтады. Олай болса, басын бұғып қалатын парсылар жоқ. Олар қызуқанды, тәкаппар және өзiн-өзi құрбан етуге дайын тұратын халық. Билiк жазалады екен деп шерушiлер оңай тарап кете салмайды. Оның үстiне қантөгiс көбейе берсе, батыстық күштер санкция салумен шектелмесi анық. АҚШ пен оның одақтастары «адам құқықтарын қорғаймыз», «бейбiтшiлiк пен демократия орнатамыз» деген ұрандармен жаңа соғысты бастап кеп жiберуi әбден мүмкiн.

Екiншi сценарий бойынша Хасан Роухани өз еркiмен отставкаға кетiп, қантөгiстiң алдын алады. Бiрақ, әзiрге бұл нұсқаның орындала қоятын түрi байқалмайды. Оның үстiне ереуiлшiлердiң дегенi болып, халық Хасан Роуханиды тақтан тайдырып, қаңғытып жiберген күннiң өзiнде елдегi әлеуметтiк мәселелер бiрден шешiле қоймайтыны белгiлi.

Үшiншi нұсқа Иранда ұзақ мерзiмдi азаматтық соғыстың өртi тұтануы ықтимал. Қалай болғанда да Батыс елдерiнiң бұл елдiң iшкi жағдайына араласуы Иранды ядролық державаға айналуға итермелеуi мүмкiн. Онсыз да Солтүстiк Корея әлемнiң қауiпсiздiгiне қатер төндiрiп тұрғанда демократияны ұран етiп ұстанғандар тағы бiр «ыстық нүктенiң» пайда болуына өздерi жағдай жасап жатқандай.

Жаңа жылдың осылай басталуы 2018 жылдың геосаяси шиеленiстерге толы болатынын көрсетiп отыр.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper