"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


НАР ЖҮГI

Сенбі, 16 Желтоқсан 2017 14:37
НАР ЖҮГI

 

Бұл дүниеде бiздiң бiр ғана Отанымыз бар.
Ол – тәуелсiз Қазақстан.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Бiз кейде жақсы бұйымды өте қымбат, құны жоқ деп бағалап жатамыз. Әйтсе де, адам тұтынатын дүние-мүлiк пен ас-ауқаттың бәрiнiң де баррель, тонна, грамм секiлдi өлшеуi мен соған лайық құны бар. Адамзат үшiн құны жоқ нәрсе бiреу-ақ. Ол – тәуелсiздiк! Адамның бас бостандығы, еркiндiгi, мемлекеттiң тәуелсiздiгi шынында ештеңемен өлшенбейдi.

Ал, осы тәуелсiздiктiң бағасын бiлiп жүрмiз бе? Әрине, бiлемiз. Әсiресе, қазақ халқы бостан күннiң бағасын жақсы бiледi. Басқасын айтпағанда, кешегi Керей мен Жәнiбектiң дәуiрiнен берi талай боздақ бостандық, азаттық, тәуелсiздiк үшiн өмiрiн қиды...

Дегенмен, әлi күнге кешегi кеңес дәуiрiн, қызыл жалауды аңсайтындар iшiнара болса да кездесiп қалады. Оларға айтарымыз – тәуелсiздiк жолында құрбан болған миллиондардың қанынан, әруағынан қорқыңыздар.

Әлемде үш мыңнан аса ұлт пен тiл бар. Ал, әлемнiң саяси картасына қарасаңыз мемлекеттер саны 200-ден сәл-ақ асады. Сонда, қалған ұлт пен ұлыс дербес, тәуелсiз мемлекет болғысы келмейдi дейсiз бе?! Келедi. Бiрақ, оған мүмкiндiктерi жоқ. Арыға бармай-ақ өзiмiзге жақсы таныс ұйғыр, күрдi, шешендердi алайықшы. Бұлардың азаттықты аңсап ұмтылғандарына жылдар емес, ғасырлар болды. Бостандықтың жолында миллиондары шейiт кетсе де күрес әлi жалғасуда. «Өзгелермен терезесi тең ел боламыз» деген тәттi үмiт оларды күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айырған. Саны қазақты сан орап алатын ұлттардың атамекенi, Отаны жоқ. Отансыз болу – қасiреттiң ең үлкенi!

Өмiрде бәрi де салыстыру арқылы бiлiнедi. Халық саны жағынан жүз пәленбайыншы орында болсақ, мемлекеттiң жер көлемi жөнiнен әлемде тоғызыншы орында тұрмыз. Көк Туымыз БҰҰ-ның бас ғимаратында Күнiн Қыраны көтерiп, толқи желбiрейдi. Бұдан асқан бақыт бар ма?! Осы көрiнiс жаңағы ұлттардың көз алдында күндiз-түнi көлбеңдейдi...

Рас, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары қиын, тым қиын болды. Қазiр шүкiр, ел еңсесiн тiктеп қалды. Ширек ғасыр дегенiмiз тарих үшiн қас-қағым сәт. Осындай қысқа мерзiмде әлем мойындаған мемлекет құру оңай шаруа емес. Осы жылдар iшiнде Президентiмiз Н.Назарбаев үзеңгiден аяқ босатқан жоқ. Үнемi ат үстiнде. Бәрi де мемлекет болашағы, қазақтың қамы үшiн. Экономикамыз аяққа тұрды, ендi қарыштап даму кезеңiнде. Нардың белiн қайыстырар жүк Елбасының иығында.

Өркениетке бет түзеген ұлы көш-керуендi бастап келе жатқан Елбасымызды тобықтан қақпай, қолдап-қуаттай бiлейiк. Шамамыз келгенше сүйенiшi, таянышы болайық. Сонда ғана тәуелсiздiгiмiз баянды болмақ.

...Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. КСРО-ның тынысы тарылып, iргесi шайқала бастаған тұс. Балтық жағалауы елдерi мұнаралы Мәскеуден жүзiн бұрып, «тұманды Альбионға» көз тiгiп, қос жанарын көк мұхиттан әрi асырып Вашингтонға қадай бастаған-ды. Қап тауынан шыққан айқай Қазбек шыңын шуылдатып, жаңғырығы Арараттан асып жатқан-ды. Бәрiнiң арман-тiлегi – империядан iргесiн аулақ салып, тәуелсiздiк ауылына қос тiгу. Мұндай ниеттен тоталитарлық жүйенiң «темiр шымылдығын» дар-дар айырып, бүгiнде даңғылға айналған демократия жолына Желтоқсан арқылы iз ашып, сүрлеу салып берген қазақтар қалайша шет қалсын?!

...1990 жылдың 1 маусымында, Жазушылар одағының үлкен залында ұлт патриоттары құрылтай шақырып, Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысын құрған болатын. Төрағасы – аяулы азаматымыз Сәбетқазы Ақатай. Сол күннен бастап «Азаттық!», «Бостандық!», «Тәуелсiздiк!» деп ұран көтерген «азаттықтар» iске кiрiсiп кеттi. Сол жылы 25 қазанда Егемендiк декларациясы қабылданып, тәуелсiздiкке қарай алғашқы қадамды нық басқан едiк. Жүз жылда бiр келетiн тарихи сәттi жiбермеуге тырысқан «азаттықтардың» асқақ та айбарлы үнi Алматы аспанын қақ айырып, Алатауды теңселткендей едi... Хош, сонымен араға жыл салып, ай аунатып тәуелсiздiктi де жарияладық.

Елiмiз үшiн де, Елбасы үшiн де сын сағаты соқты. Ақшасы гиперинфляцияға ұшырап, экономикасы күйреген елдiң еңсесiн тiктеу оңайға түскен жоқ. Бұл да ешнәрсе емес-ау. Iшкi және сыртқы саясатымызды айқындау ауыр болды.

Кремль өзiмен-өзi болып жатса да, iштегi ағайындар жеке ел болғанымызға шекеден қарап, бiрден мойындағысы келмедi. Ақ патшаға қызмет қылғандарын мiндет еткендердiң өзi қанша қиғылық салды. Ал, мұнайдың иiсiн көк теңiздi көктей өтiп, алып мұхиттың ар жағынан сезетiндердiң сепаратистiк әрекеттерi қанша әуреге салды десеңiзшi. Ирактан Кувейттi айырған сияқты (әйтпесе екеуi де түбi бiр ел, бiр халық қой) «қара алтынды» батыс аймағымызды бөлмекке әрекет жасағандар да болды. Осы «идеяға» елiткендер өз арамыздан да iшiнара кездесiп қалғаны өкiнiштi...

Мемлекеттi тiкелей күйреуге алып баратын осындай арандатушылыққа тосқауыл қою Елбасы үшiн жеңiл болды деймiсiз?! «Күндiз күлмедiм, Түнде ұйықтамадым» деген арғы бабасы Тоныкөктей күй кештi Президентiмiз.

Бiр жағы алаулаған – От, екiншi бетi түпсiз тұңғиық – Құз, сәл ғана шалыс бассаң тереңiне тартып кететiн жалғызаяқ өткелден Елбасымыздың сауатты да сабырлы, кемеңгер саясатының арқасында ғана аман-сау өттiк.

Тәубә дейiк, Тәубә!

Тәуелсiздiк – Алла сыйлаған ұлы Бақыт!

Оның өлшемi де, бағасы да жоқ. Осы жолда опат болған оғландарымыз бен бағландарымыздың бағасына жете бiлсек, тiрлiгiмiздiң баянды болары белгiлi.

Жоңғарлармен жұлқысып, қытайлармен қырқысып, ақ патшамен алысып, кеңеспенен күресiп, нәтижесiнде елдi еркiндiкке жеткiзген ата-бабалар ерлiгiн, еңбегiн есте сақтап, жас ұрпаққа өнеге ете алсақ тәуелсiздiгiмiздiң тұғырлы болары анық.

«Мұнар да, мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күннiң» ащы екенiн сезiнген бiр халық болса, ол – қазақ халқы. Ащы күндерiмiз тәттi жылдарға ұласып, тәуелсiздiгiмiз баянды болғай!

Алмас АҚылбек, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper