"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН ЖАСАМПАЗ ШАҺАР

Сенбі, 16 Желтоқсан 2017 14:25
ҚАЗАҚТЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН ЖАСАМПАЗ ШАҺАР

 

Елорда құрылысы XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басындағы еуразиялық алып жоба. Астана – ХХI ғасырдың iнжу-маржаны. Ұлттық рухты жандандыру үшiн тағлымы терең тарихтан нәр алу керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Қазақстанның мемлекет ретiндегi бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру үшiн елдi жаңғыруға бастайтын идеяларды ортаға салып, олардың орындалуына үлкен мән бередi.

 

Астананы көшiрер алдында Целиноград қаласын мұқият аралап шыққан Елбасы БАҚ-қа берген сұхбаттарының бiрiнде «Целиноград Қазақстанның облыс орталығы емес пе, неге мұның көшелерiнде бiрде-бiр қазақша атау жоқ?» деген болатын. Осыдан кейiн сол кездегi ономастика комиссиясы 27 көшенiң атын қазақшалаған. Бiз Астанаға келгенде сол атауы ауыстырылған көшелер жөнiнде Ақмоланың орыстiлдi газеттерiне әртүрлi мақалалар шығып тұрды. Соның бiрi «Кенесары деген кiм, Карл Маркстiң атын ауыстыратындай» деген мақала едi. Сол мақала менi қатты ойландырды. Ол жылдары Астана қаласындағы Сарыарқа ауданы әкiмiнiң орынбасары едiм. Бiрден түсiндiм, ешкiмге өкпелеуге болмайды, өзге этнос өкiлдерi түгiлi, қазақтардың өзi тарихын жете бiлмейдi. Сондықтан аты өзгерген көшелердiң Сарыарқа ауданына тиiстi көшелерiнiң мерекесiн өткiзудi жоспарладым. Бұған дейiн Шымкентте қызмет етiп жүргенiмде, Қуаныш Төлеметов, Амалбек Тшанов қала басшылары болып тұрғанда қала көшелерiне тарихи тұлғалардың, Алаш арыстарының есiмдерiн бергенбiз. Артынша кереметтей етiп көше мерекелерiн өткiзген едiк. Дәл сол сияқты Астанада ең алғаш Кенесары көшесiнiң мерекесiн өткiздiк.

Мерекеге Алматыдан тарихшыларды, журналистердi, жазушыларды шақырдық. Залға Кенесары көшесiнiң байырғы тұрғындары, көшенiң еңбек сiңiрген қайраткерлерi, көпбалалы отбасылар, зиялы қауым, жалпы көше тұрғындары жиналды. Сонда Еуразия ұлттық университетiнiң профессоры, филология ғылымдарының докторы Құныпия Алпысбаев Ресейдiң тарихшысы И.Павловтың: «Орыстар менi кешiрсiн, бiрақ, бiздiң Ресейде Кенесарыға жететiн қолбасшы жоқ» деген сөзiн келтiрдi. Осылайша Астана халқына Кенесары хан туралы жан-жақты тарихи деректерге сүйене отырып, толық мәлiмет берiлдi. Көшенiң байырғы тұрғындарына, құрметтi азаматтарға, көпбалалы аналарға кәсiпкерлер өз сый-сияпаттарын үлестiрдi. Тұрғындар дән риза. Дәл осылайша Әлихан Бөкейхан, Мұхтар Әуезов, Әлiби Жангелдин, тағы басқа көшелердiң мерекесiн өткiздiк.

Астананың қазақылануына елеулi үлес қосқан жанның бiрi – 2006 жылы қала әкiмi қызметiн атқарған Өмiрзақ Шөкеев. Астана қаласының Тiлдердi дамыту басқармасына басшы етiп тағайындағанда маған үлкен сенiм артты. Қызметке кiрiскеннен кейiн «Жерiңнiң аты – бабаңның хаты» деген қағида бойынша Елбасы кезiнде ескерткен Астана қаласының көшелерiн қазақ тiлiндегi атауға ауыстыруды қолға алдық. Ұзамай Астана қаласының әкiмi болып Асқар Мәмин келдi. Әкiмнiң орынбасары болып Ермек Аманшаев тағайындалды. Ұсыныс жасай отырып, «ең алдымен Астана қаласының ономастика комиссиясының құрамын өзгерту керек, Астана бүкiл қазақтың елордасы» деген ұстаныммен ономастика комиссиясының құрамына мемлекет және қоғам қайраткерлерi, ғалымдар, тарихшылар Нұрғожа Ораз, Әбiш Кекiлбаев, Рымғали Нұрғали, Фариза Оңғарсынова, Мырзатай Серғалиев, Ақселеу Сейдiмбек, В.Р.Гундарев, Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғараұлы, Ханкелдi Әбжанов, Алдан Смайылды қостық.

Астана қаласының нысандарына атау беру барысында Қазақстан Республикасы Президентi Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» кiтабында тиянақталған қазақ халқының рухани даму тарихындағы кезеңдердi басшылыққа алу – елiмiздiң сан ғасырлар бойғы тарихымен, бiрегей мәдениетiмен танысуға мүмкiншiлiк туғызды.

Астана елiмiздiң бас қаласы болғандықтан Қазақстанның тарихи, мәдени, географиялық дидарын беретiндей атаулар болуы тиiс. Қаладағы көшелерге Қаратау, Едiл, Қаратал, Балқантау, Зерендi, Марқакөл, Аспара, Жаңаөзен, Абыралы, Меркi, Үстiрт, Аягөз, тағы сол сияқты жер-су атаулары берiлдi. Ономастика комиссиясы бiрқатар тарихи оқиғаларға қатысты атауларды және тарихи тұлғалардың есiмдерiн де берудi мақсат тұтты. Күлтегiн, Асанқайғы, Қадырғали Жалайыри, Шәкәрiм Құдайбердiұлы, Ыбырай Алтынсарин, Сүгiр Әлiұлы, Iлияс Есенберлин, Ықылас Дүкенұлы, Ағыбай батыр атаулары осылай дүниеге келдi. Алаш қайраткерлерiнiң есiмдерi де Астана көшелерiне берiлдi. Халқымыздың күрделi тарихи өткелдерiнде батыр, өнерпаз, даналығымен көзге түскен қыздарының еңбегi айрықша болғаны тарихтан белгiлi. Олардың есiмдерiн Астана көшелерiне беру – бүгiнгi ұрпақтың бойына имандылық, мейiрiм, адамгершiлiк сезiмдерiн ұялатуға ықпал етедi. Бұл ретте Жұбан ана, Домалақ ана, Қарашаш ана, Айша бибi, Ұмай ана, Тұмар ханым, Ұлпан, Айғаным, Дина, ақын Сара, Ұлбике ақын есiмдерiн айтамыз. Жаңа атауларға ие болған көшелерге мемлекеттiк гимннiң авторлары Шәмшi Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжiмеденов есiмдерi де қосылды. Астана қаласы әкiмдiгiнiң қаулысымен және Астана қаласы мәслихатының шешiмiмен 2006 жылы Астанада 113 көше қайта аталса, 2007 жылы 145 атаусыз көшеге атау берiлiп, 154 көше қайта аталды. Астана қаласының көше атауларының 92 пайызы қазақша қойылды, мұндай көрсеткiшке бiрде-бiр үлкен қала жеткен жоқ.

Есте қалған тағы бiр жағдай, Астана көшелерiнен бөлек, ол кезде мейрамхана, дүкендер, тағы басқа нысандардың атаулары шет тiлiнде болды. 2002 жылы Елбасы Астана активiнiң жиналысында сол кездегi екi ауданның – Алматы мен Сарыарқа аудандарының әкiмдерiн тұрғызып қойып: «Жiгiттер, не мынау, «Синима-сити», «Сити-маркет», «Еуропа-палас»... Бұл қай елдiң Астанасы? Соны қарамайсыңдар ма?» деп кейiгенi бар. 2006 жылы Тiлдердi дамыту басқармасына басшы бола салысымен осы сыннан қорытынды шығаруға тырыстым. Шетелше атау қойған меншiк иелерiне «егер де Астана болмағанда сендер мына сити-маркеттерiңдi салар ма едiңдер? Елбасының бiр ауыз сөзi сендерге сын емес пе? Атыңды, мекемеңнiң атын атады, жоқ әлде жеке заң шығару керек пе» деген едiм. «Ойбуй, Ореке, оны бiзге ешкiм айтпапты. Атауды өзгертуге он күн мұрсат берiңiз» дедi. Несiн жасырайын, арасында қиқаңдап, «бұл атауға бiз пәлен мың доллар жұмсадық, имидж жасап алдық» деп қарсылық танытқандар да болды. Бiрақ, түптiң түбiнде әлгi нысандардың бiрi «Қазына», бiрi «Ақсұңқар», ендi бiрi «Самұрық» деп аталды. Елбасы ескерту жасаған осындай үлкен нысандарды ауыстырып, барлығы 700-ден астам нысанның атауы қазақшаланды.

Көше атауларын өзгерткенде тiл жанашырларына, журналистерге, елден көшiп келген аға буын өкiлдерiне, жастарға арқа сүйедiк. Жастармен бiрге Астана қаласына ескерткiшi қойылған ұлы тұлғаларға арнап «Тағлым мен Тағзым» атты кеш өткiздiк. Астананың мыңға тарта аялдамасы қазақшаланды.

Астана қаласында кезiнде 34 мектептiң iшiнде бiр ғана Жамбыл атындағы № 4-шi мектеп қазақ мектебi болса, қазiр қаладағы 84 мектептiң 31-i – таза қазақ тiлдi мектеп, 43-i – аралас, 10-ы – орыстiлдi мектеп. Барлық оқушылардың 80 пайыздан астамы қазақ тiлдi мектепте бiлiм алуда.

Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласын басқарып тұрған кезiнде қаладағы барлық балабақшаларды қазақ балабақшалары етiп өзгерттi. Қаланың он үздiк мектебiн анықтап, мұғалiмдерге қосымша айлық белгiледi. Он үздiк мектептiң тоғызы қазақ тiлiндегi мектеп болды. Жалпы, Иманғали Нұрғалиұлы Тiлдердi дамыту басқармасының әрбiр ұсынысын үнемi қолдап отырды.

Тiл басқармасының жанында зиялы қауым өкiлдерiнен құрылған алқалы топ бар, Мұның басы-қасында М.Жолдасбеков, Ф.Оңғарсынова, С.Шүкiрұлы, М.Ахметов, А.Сейдiмбек, тағы басқалар жүрдi. Қазақтың мәдениетi мен әдебиетiне, ғылымына еңбек сiңiрген қайраткерлер шоғырланған. Осы кiсiлер бiлiм-бiлiгiн, қажыр-қайратын тiлiмiздi насихаттауға жұмсады.

Астананы қазақыландыруға үлкен үлес қосқан мерекелердiң бiрi – Наурыз мейрамын тойлау. Наурызды жалпы ұлттық мерекеге айналдыру үшiн Үкiмет, мемлекеттiк органдар, мәдениет саласында жүрген зиялы қауымның белсендi жұмысы қажет.

Қазақ елiнiң бас қаласы ретiнде Астана жиырма жылдың iшiнде ұлттық мазмұнға ие болды. Бiз қаланың қазақы атауға ие болған нысандары мен көшелерi жөнiнде кезiнде жаздық. Ең алдымен, Астана қазiргi кезде қазақ ұлты 75 пайызды құрайтын қалаға айналды. Салыстыру үшiн айтсақ, Алматыда қазақтардың үлесi – 57 пайыз, Шымкентте – 65 пайыз, Таразда – 64 пайыз, Ақтауда – 70 пайыз. Осыдан-ақ кешегi басқа ұлттар басым тұрған қаланың бүгiнде қазақтың нағыз астанасына айналғанын көруге болады. Осындай демографиялық қарқын көршiлес Қарағанды, Ақмола облыстарына да оң әсер еттi.

Астана елдiң экономикалық локомотивi ғана емес, оның рухани қайнарына да айналды. Ал, оның рухани келбетiнiң негiзi – ұлттық нақыш, ұлттық мазмұн. Жоғарыда айтылған Астана ономастикасының ұлттық мазмұнға ие болуы – тұтас мемлекет үшiн жоралы үлгi, өнегелi тағлым. Әлбетте, бұл жұмыс оңай болған жоқ. Оған көптеген азаматтар атсалысты. Адам осындай тiлеулес ортада көп iс тындыра алады.

Ел шаруасын, ұлт жұмысын шабыттанбай, берiлмей атқару мүмкiн бе? Әрине, мүмкiн емес! Әсiресе, жаңа мемлекет болып жатқан Қазақ елiнiң азаматтары мейлiнше шабытты, жiгерлi болғаны абзал. Сонда ғана елдiк мүдде үдесiнен шығамыз.

Оразкүл АСАНҒАЗЫ, мәдениет және қоғам қайраткерi, ҚР Мәдениет және спорт министрлiгiнiң Тiлдердi дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетi мен Ш.Шаяхметов атындағы тiлдердi дамытудың республикалық үйлестiру-әдiстемелiк орталығы директорының орынбасары.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper