"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ҚАНҒА БОЯЛҒАН ХАТ

Сенбі, 16 Желтоқсан 2017 14:16
ҚАНҒА БОЯЛҒАН ХАТ

 

Айна ауыр күрсiндi. Қонаққа шақырған құрбымның менi бұлайша көңiлсiз қарсы алғанына ыңғайсызданып қалдым. Өзi жалғыз отыр екен. Дастарқан басына жайғасқаннан кейiн маған компьютерге басылған қолжазбасын ұсынды. Қолыма алып, оқи бастадым...

 

«Бүгiн мереке. 16 желтоқсан – Тәуелсiздiк күнi. Бәрi көңiлдi. Мекемелерде түрлi iс-шаралар өтiп жатыр. Ал, кешкiсiн бiздiң үйде ешкiм қалмайды. Саябаққа қыдырыстап кетедi, мен ғана жалғыз каламын. Аспанға атылған отшашулар жарқылы мен тарсылы менi елiктiрер емес. Бәрi мәз-мәйрам. Бәлкiм олар үшiн мереке. Ал, мен үшiн қайғы...

Үйде тағы да жалғыз қалдым. Қолымда қанға боялған хат. Жанарымда жас. Көкiрегiмде өзектi өртер өкiнiш. Бұл хат маған, яғни Алматыда оқып жүрген ең сүйiктi студент қызына арнап жазған әкемнiң соңғы хаты. Неге қызым деп шырылдап жүрген әкемнiң өзi де, маған арнап жазған хаты да қанға боялды?

Бұл хатты мен отыз жылдан берi сақтап келемiн. Өйткенi, мұнда әкемнiң үнi, үлгi тұтар асыл сөздерi... Бұл хат қанға боялған. Ол әкемнiң қаны... Ол әкемнiң Желтоқсан оқиғасының құрбаны болғанының белгiсi. Иә, мен бұл мерекеде қаншама өзiмдi қайрасам да еңсемдi көтере алмай-ақ қойдым. Биыл бақандай отыз жыл. Осыншама жылдан берi бүкiл халқым, елiм ұлы мерекенi тойлап келедi. Ал, мен болсам әр мерекенi осылай қанға боялған хатты қолыма алып, жылаумен қарсы алып, жылаумен өткiземiн.

Әкем небәрi 57 жасында қайғылы қазаға ұшырады. Артында әлi оң-солын танып үлгермеген тоғыз ұл-қызы қалды жәутеңдеп... Рас, әкем ерлiк жасаған жоқ, алаңға шығып, аласапыранның бел ортасында болған жоқ. Бiрақ, сол дүрбелеңнiң қақ ортасында жүрген қызына алаңдап, үйде тыныш отыра алмай, тұмшалаған қалың ойдың құшағында келе жатқанда көлiк қағып кетiптi...

«Қызым, Айна! Жағдайыңды сұрап қайтемiн, қиналып жүргенiңдi жүрегiм сезiп отыр. Бiзге келiп жеткен алыпқашпа әңгiмелерден төбе шашың тiк тұрады. Күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айрылдым. Жұмыс iстеуге де құлқым жоқ. Мектепте балаларға сабақ түсiндiре бастасам болғаны, есiме сен түсiп кеткенде сыртқа қалай шығып кеткенiмдi бiлмей қаламын. Содан Алматыға барып өз көзiммен көрiп қайтайын деп шештiм. Директордан сұранып жолға шықтым. Бiрақ, бiлмеймiн, ол жаққа ешкiмдi жiбермей жатыр дей ме? Содан кейiн осы хатты үйде жазып дайындап алдым. Егер бара алмай қалсам, осы хатты почта арқылы немесе сол жаққа баратын бiреулерден берiп жiберермiн. Тiптi, хат-хабарларды да жiбермей жатыр дейдi ғой! Ойбай-ау, қызым, студенттердiң бәрi алаңда дейдi ғой. Сен де алаңға шықтың ба? Алаңға шыққан студенттердi милициялар ұрып-соғып, ұстап алып түрмеге тоғытып жатыр дейдi. Әйтеуiр, оқудан шығарып жатыр дей ме? Қазақ қыздарының шашынан сүйреп, сабап жатыр дей ме? Қызым, сен амансың ба, әйтеуiр? Абайлашы, қызым! Сен өзiң арман етiп түскен оқуыңды бiтiруiңе бiр-ақ жыл қалды. Сол оқуыңнан шығып қалмашы! Тура бiтiруiңе бiр жыл қалғанда мына оқиғаның кедергi бола қалғанын қарашы? Қызым, қайсар екенiңдi бiлемiн, бiрақ бұл жерде қайсарлықтың қажетi жоқ. Сен ұл емес, қыз баласың ғой. Елiн, жерiн қорғайтын ер бала, яғни ер азаматтар ғой. Бiрақ, қызым, кешiр менi, саған дұрыс тәрбие бере алмадым, бәрiне өзiм кiнәлiмiн. Сенiң алдыңдағы екi ағаңды екi әжең алып кеткесiн сенi тым еркелетiп, ер бала сияқты өсiрдiм. Ол үшiн менi кешiршi, қызым! Дегенмен, қызым, сен таланттысың. Бiрақ, «таланттыға дүние тар» дегендi ұмытпа!». «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген Абай атаң. Сен өзiме ұқсаған ойлысың, бiрақ уайымшыл болма мен секiлдi, ондай адамдар ұзақ жасамайды. Қызым, сен оқудан шығып кетер болсаң, сонда сенiң де, менiң де төрт жыл бойғы еңбегiмiз зая кетедi. Айтқан жерден аулақ, тек оқудан шыға көрмешi! Менi аямасаң да саған жарық дүние сыйлаған анаңды, өзiңнiң сегiз бауырыңды ойлашы! Алатын жалақым жүз сом, оның елу сомын төрт жыл бойы саған, елу сомын үйге жаратып отырдым. Қызым, бiрақ уайымдама, қапа болма, бәрi жақсы болады! Жiгерлi бол, арманыңа, мақсатыңа жету үшiн алға ұмтыл! Өмiр саған тақтайдай тегiс, түзу жол емес, кедiр-бұдыры, бұралаңы көп, тек содан сүрiнiп қалмасаң болғаны. Абай болшы, қызым, адамның бiр жаза басқан қадамының өзi бүкiл ғұмырын тас-талқан ететiнiн бiлесiң бе? Егер сен жақсы болсаң бауырларың да сенен үлгi алып, олар да саған қарап өседi. Әрбiр отбасы жақсы болса, мемлекет те жақсы болады, яғни Отан отбасынан басталады. Қазақ халқының басынан не өтпедi дейсiң, қашанғы қиындық бола берер дейсiң, бiр жақсылық бар шығар. Тап қазiргi жағдай менiң жанымды жай таптырар емес. Сен үйге диплом алып, үлкен маман болып оралсаң, менен бақытты әке болмас едi. Өзiм қолыңнан жетектеп жүрiп үлкен қызметке орналасуыңа көмектесер едiм. Бiрақ, кiм бiлсiн, олай-бұлай болып кетсем, бауырларыңа бас-көз болшы! Мен сенi қашан да мақтан етемiн. Сегiз перзентiм бiр төбе, сен бiр төбесiң ғой, қызым-ау! Қызым, Айна, абай болшы, аман болшы!

Сәлеммен, сенiң үйге аман-есен, үлкен маман болып оралуыңды үмiтпен күтiп отырған әкең Қорғанбек».

Әкемнiң өзi де, хаты да келмедi...

Әкемнiң адам танымастай болған өлi денесiн екi күн iздеп жүрiп мәйiтханадан тапқан... Үйдегiлер тек хат арқылы...

Қанға боялған хатты маған анам бердi. «Мынау саған әкеңнiң жазған хаты екен, бейшара салып жiберуге үлгермептi, бұл төс қалтасында болыпты. Хатқа да қан тиiптi...». Мен сол дүрбелең шақта көп қиналдым, зардап шектiм. Бiрақ, ол күндер артта қалды... Туған жерге аман-есен оралдым, дипломмен. Алайда, денсаулығымнан, ең қымбат, қорған болар жаннан айырылдым...

Менiң жаралы жүрегiмдi ешкiм де жұбата алмас... Бұл менiң жеке қайғым ғой, тәубе, заманымыз жақсы ғой...

Бiрақ, кеше әкем түсiме кiрiптi. «Қызым, бүкiл халқың тойлап жатқан мерекеге бармай неге отырсың?» дедi де жоқ болып кеттi...

Айнаны қатты аяп кеттiм. Ал, хат есiме түскен сайын жүрегiм дiр ете қалады.

Дина ТӨЛЕНДIБАЕВА. Шымкент қаласы.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper