"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«АУЫЛДА МАЛ ҰРЛЫҒЫ, ҚАЛАДА ПӘТЕР ҰРЛЫҒЫ...»

Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 10:36
«АУЫЛДА МАЛ ҰРЛЫҒЫ, ҚАЛАДА ПӘТЕР ҰРЛЫҒЫ...»

 

Таяуда «Оңтүстiк Қазақстан» газетiнiң дәстүрлi интернет-конференциясында қонақта болған ОҚО IIД жергiлiктi полиция қызметiнiң басшысы, полиция полковнигi Әбдiғани Тойшыұлы СЕЙДУАЛИЕВ оқырмандардан түскен сауалдарға жауап бердi. Қонаққа алдын ала телефон байланысы арқылы да, электронды поштамен де келiп түскен сауалдардан бөлек, тiкелей желi арқылы да көптеген сұрақтар қойылды.

 

Тiкелей желiлiк интернет-конференцияны «Оңтүстiк Қазақстан» газетi бас редакторының орынбасары Гүлжамал МҰСАЕВА жүргiзiп отырды.

Түлкiбас ауданынан Нұрлан Саметов: – Түлкiбас ауданының тәртiп сақшыларына көңiлiм қалды. 11 отбасы бiрiгiп, шаруа қожалығын құрғанбыз. Майтөбе ауылында қоймамыз бар. Соңғы жылдары осы қоймадан заттар жиi ұрланатын болып кеттi. Әсiресе, ауылдас жiгiт түрмеден келгелi берi тыным болмай тұр. 2016 жылдың 22 наурызы күнi қойма жаққа келе жатқанымызда күйдiрiлген кiрпiштi көлiкке артып жатқан 3 жiгiттi көрiп қалдық. Қасына жақындамастан бұрын учаскелiк полицейге хабарластым, телефонын көтермедi. Сосын 102 кезекшi бөлiмiне звондадым. Мән-жайды айттым. Оперативтiк топтың келетiнiн мәлiмдедi. Осы кезде түрмеден шыққан жiгiт жаныма келiп: «Нұреке, қойсаңызшы, өзiмiз ғой, өзара шешейiк» дедi. Мен оған келiспедiм. Осы аралықта учаскелiк полиция инспекторы да хабарласты. Кешке оперативтiк топ та келдi. Ертесiне ауданға полиция бөлiмiне барып, арыз жаздым. Мiне, содан берi жылға жуықтады, мәселем әлi шешiлмейдi. Тергеушiлер iстi жауып тастады. Қайта аштырдым. Ендi барлық мән-жайды IIД-нiң басшысына айтқым келедi. Әбдiғани Тойшыұлы, менiң өтiнерiм, менi облыстық iшкi iстер департаментiнiң басшысына кiргiзуге ықпал етiп, көмектессеңiз.

– ОҚО IIД бастығы азаматтарды арыз-шағымдары бойынша аптаның бейсенбi күндерi сағат 16.00-де бекiтiлген кестеге сәйкес қабылдайды. Сондықтан Сiз алдын ала ОҚО IIД хатшылық бөлiмiне арызыңызды қалдырып кетуге құқылысыз.

Сайрам аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Әлiбек Байназар: – Жалғыз ұлым осыдан екi жыл бұрын қайтыс болды. Дүниеден өтерiнiң алдында жаңа үй саламын деп құрылыс материалдарымен бiрге қымбат тұратын есiк сатып алып қойған едi. Сол есiктi бiреулер үптеп кетiптi. Арызданбаған жерiм қалмады. Жергiлiктi полицияға да айттық. Бiрақ, ешқандай нәтиже жоқ.

– Бұл мәселе бойынша өткен жылдың 21 мамыры күнi Қалима Байназарова есiмдi азаматшаның арызы түскен. Ол өз арызында құны 160 мың теңге болатын темiр есiктiң ұрланғаны жөнiнде айтқан. Аталған оқиға сотқа дейiнгi тергеудiң бiрыңғай тiзiлiмiне тiркелiп, ҚР Қылмыстық кодексiнiң 188-бабы бойынша қылмыстық iс қозғалған. Қазiргi таңда орын алған қылмыстық оқиғаны ашу мақсатында бағыттамалар берiлiп, Сайрам аудандық iшкi iстер басқармасының криминалдық полиция бөлiмi және жергiлiктi учаскелiк полиция инспекторлары бiрлесiп жедел-iздестiру шараларын жүргiзiп жатыр.

Түлкiбас ауданы, Дауан ауылының тұрғыны Затымбек Жолдасов: – Әбдiғани Тойшыұлы, менiң екi сұрағым бар. Бiрiншiсi, Түлкiбас ауданының полиция инспекторы Х.Кендiрбаев маған заңсыз айыппұл төлеткен. Бұл туралы «Оңтүстiк Қазақстан» газетiне мақала да жазылды. Мұның заңсыздығы туралы сот шешiмi де бар. Алайда, кеткен шығынымды ол әлi күнге дейiн төлемей жүр. Сот та ол қаржыны республикалық бюджет есебiнен өндiрiледi деп жауап бердi. Алайда, келтiрiлген шығынды соған себеп болған адам төлеуi тиiс қой.

Ал, екiншiсi, былтыр қолдағы малды көршi Азаттық елдi мекенiндегi Күзенбаев есiмдi азаматқа бағу үшiн бергенбiз. Кейiн ол малымыздың өлiп қалғанын айтты. Бiрақ, малдың құнын өтеп беремiн деген. Биылғы ақпан айында iнiм малбазарға барғанда бiздiң малды таныған. Сөйтсек, Күзенбаев бiздi алдап, өзге бiреуге сатып жiберген екен. Дегенмен, сатып алған адам оны «өзiмдiкi» деп бетбақтырмай отыр. Сол сәтте мал базарда аға учаскелiк полицей Сәбит Өмiрәлиевтi шақырып арыз бердiк. Бiрақ, ол бiздiң iсiмiздi «қылмыстың iзi жоқ» деп жауып тастады. Сосын Күзенбаевты сотқа бердiк. Соттағылар да қылмыстың iзi жоқ деп жауып тастап отыр. Осы мәселе бойынша жауап берсеңiз.

– Бiрiншi сұрақ бойынша айтар болсам, Түлкiбас аудандық сотының шешiмiмен полиция қызметкерi салған айыппұл мемлекет пайдасына өндiрiлгендiктен, Түлкiбас ауданы бойынша кiрiс басқармасынан өндiру қажеттiгi туралы қаулы шығарылған. Ал, заңсыз хаттама толтырған Түлкiбас АIIБ ЖПҚ учаскелiк полиция инспекторы, капитан Қ.Кендiрбаевтың жауапкершiлiгi қаралып, «қатаң сөгiс» түрiндегi тәртiптiк шара көрiлген.

Ендi екiншi iске келсек. Бұл бұл iс Түлкiбас АIIБ-нiң анықтаушысы, полиция лейтенанты А.Айтқожаеваның өндiрiсiне алынып, сотқа дейiнгi тергеп-тексеру нәтижесiмен ҚР ҚПК-нiң 35-бабы 1-бөлiмiнiң 2-тармағына сәйкес, қылмыстық iстi тергеп-тексеруден тоқтату туралы шешiм қабылдаған. Бұл туралы арыз иесi З.Жолдасовқа хабарланған. Жорабек Күзенбаевпен арадағы мәселе азаматтық дауларға жататындықтан, Жолдасовтың сотқа шағымдануға құқы бар.

Ақсукент ауылының тұрғыны А.Назаров: – Ақсукенттегi аудандық әкiмдiктiң ғимаратының жанында автобекет бар. Қысы-жазы мұнда тiршiлiк қайнап жатады. Автобусыңыз да, жеңiл көлiк, таксиiңiз де осы маңда иiн тiресiп тұрады. Тiптi, олардың арасымен жүрудiң өзi қауiптi. Өйткенi, бiр-бiрiмен кезекке таласқан жүргiзушiлер ақша үшiн қауiпсiздiктi ұмытқан. Әсiресе, жауын-шашынды күндерi мұнда жүргiншiлердiң жүруi тiптi қиын. Ал, қар жауып, көктайғақ болған кездерi көлiктiң астына түсiп қалу қаупi де бар. Соған қарамастан жергiлiктi билiк өкiлдерi дәл иегiнiң астындағы осындай келеңсiздiктердi көрiп-бiлiп отырып жайбарақаттық танытатыны бiздi таң қалдырады. Жергiлiктi полицияға бағынатын жол полициясы сонда ай қарап отыр ма? Автобекетте қашан тәртiп орнайды? Әлде, бұл жергiлiктi полицияның құзырына жатпай ма?

– Сайрам ауданында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын 4 мекеме бар. Олардың 3-еуi жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк, 1-еуi жеке кәсiпкер. Олардың меншiгiнде 630 автокөлiк бар. Барлығы да сiз айтып отырған «ЯНС» ЖШС-не қарасты автобекетте жолаушыларды тасымалдаумен айналысады. Бұл мәселе бойынша Сайрам аудандық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi тарапынан ОҚО көлiктi бақылау инспекциясына жоғарыда көрсетiлген келеңсiздiктердi реттеу мақсатында бiрнеше рет ұсыныстар жолданған. Жалпы, автобекеттердi реттеу мәселесi көлiктi бақылау инспекциясының құзыретiне жатады. Ал, жергiлiктi полиция қызметi тарапынан көлiктi бақылау инспекциясы қызметкерлерiмен бiрлесiп, бiрнеше рейдтiк шаралар жүргiзiлдi. Жыл басынан берi заңсыз тасымалдау бойынша 26 әкiмшiлiк хаттама түзiлген.

«Қазығұрт» шағынауданының тұрғыны Ербол БАЛҚЫБЕКОВ: – Шымкент қаласындағы Республика даңғылының «Колос» аялдамасы тұсында күн сайын сағат 5 пен 6-ның арасында кептелiс болады. Жұмыстан шыққан соң кептелiсте сағаттап тұрамыз. Қалалық жергiлiктi полиция қызметiнiң басшысы бұл мәселеден хабардар. Сол жердегi кептелiстi реттеп тұруы үшiн маман бөлуге уәде де берген. Алайда, ол қызметкерлер мереке күндерi немесе қалаға лауазымды адам келген кезде ғана бой көрсетедi. Ал, Сарыағаш, Абай бағыттарына жүретiн такситұрақта мүлде тәртiп жоқ. Осы мәселенi шешiп берсеңiздер.

– Бiздiң тарапымыздан Республика даңғылының бойында орналасқан «Көмешбұлақ» базары аумағындағы жол жүру қозғалысы қатаң бақылауға алынған. Қазiргi таңда жол патрульдiк полиция полкiнiң бағыттарға бөлiп қою жоспарына сәйкес, күнделiктi 2 арнайы автоэкипаж және үш қызметкерден тұратын бiр жаяу бағыт жұмыс iстеуде. Жалпы, аталған аумақта жол жүру ережесiн бұзғаны үшiн жыл басынан берi 524 әкiмшiлiк хаттама толтырылды. Сонымен қатар күнделiктi таңертең және кешкi уақыттарда (час пик) орын алатын кептелiстерге сараптама жүргiзiлiп, Республика – Гагарин көшелерiнiң қиылысындағы бағдаршамның циклдарына өзгерiстер енгiзiлдi. Ал, аталған қиылыста орнатылған «Интегра» жүйесiнiң жұмысына қосымша функция енгiзуге, яғни «Көмешбұлақ» базары аумағында тоқтауға тыйым салынған талапты бұзған автокөлiк жүргiзушiлерiн анықтауға ұсыныс берiлдi.

«Нұрсәт» шағынауданының тұрғыны Айзада Жансейiтова: – Шымкент қаласында әр жерде үш жаққа қарап тұратын солдаттардың қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде қаншалықты пайдасы бар? Оларға бекiтiлген белгiлi бiр мерзiм бар ма?

– «Нұрсәт» шағынауданы бойынша №6506 Ұлттық ұлан әскери бөлiмiнiң 65 сарбазы қоғамдық қауiпсiздiктi сақтау үшiн сағат 18.00-ден 23.00 аралығында 12 бағыт бойынша қадағалау жүргiзедi. Олар «Нөлдiк төзiмдiлiк» қағидаты бойынша әкiмшiлiк құқықбұзушылықтарды анықтап, Қаратау ПБ жергiлiктi полиция қызметiнiң №61 учаскелiк полиция пунктiне жеткiзедi. Жалпы, Ұлттық ұлан сарбаздарының қырағылығымен 35 әкiмшiлiк құқықбұзушылық фактiсi анықталған.

Шымкент қаласының тұрғыны Сәбит НҰрымов: – Жасыратыны жоқ, Шымкенттегi кейбiр аймақтар «жеңiл жүрiстiлер» мекенiне айналып барады. Бiр кездерi Қошқарата маңындағы осындай «притондарды» жауып едiңiздер. Ендi қаптап кеткен сауналардағы «түнгi көбелектерге» қандай тосқауыл бар? Рейдтiк шаралар өте ме? Естуiмiзше, оларды сақшылардың өздерi «қорғап» жүредi екен. Бұған не айтар едiңiз? Сонымен қатар, Ворошиловка аймағын жұрт «яма» деп атап кеткен. Яғни, есiрткi ордасы деген сөз. Осы мәселелердi түбегейлi шешуге полицейлердiң неге қауқары жетпейдi? Әлде мұның артында «үлкен кiсiлердiң» тұрғаны рас па?

– Еңбекшi ПБ-нiң әкiмшiлiк аумағында 37 сауна орналасқан. Онда үнемi «бiр нүктелiк» рейдтiк iс-шаралар жүргiзiледi. Жыл басынан берi Еңбекшi аудандық полиция бөлiмi тарапынан 7 жеңгетайлық қылмыс анықталған. Оның 4-еуiнде қылмыстық құқықбұзушылық оқиғасы болмағандықтан, өндiрiстен қысқарған. Ал, 16 азаматша Еңбекшi ПБ ИПК есебiне «жеңiл жүрiстiлер» есебiне алынған. Ал, Ворошиловка тұрғын алабында тұратын 38 азамат Еңбекшi ПБ ЖПҚ «нашақор» есебiнде тұрады. Аталған аумақта тұрғындар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату бойынша әрбiр жұма, сенбi күндерi «Қауiпсiз қала», «Нөлдiк төзiмдiлiк» iс-шаралары өткiзiлiп тұрады. Сiз айтып отырғандай, полиция қызметкерлерiнiң қылмысқа қатыстылығы туралы дерек тiркелмеген.

Түркiстан қаласының тұрғыны Әлжан НҰрымбетов: – Түркiстан аумағында мал ұрлығы жиi орын алады. Әсiресе, Нұртас ауылында қылмыстың бұл түрi өршiп тұр. Өкiнiшке қарай, қылмыс ашылмайды. Ауыл адамдарының малын ауылдан онша алыс емес жерден қас пен көздiң арасында қолды етуде. Жуырда осындай жағдай тағы қайталанды. Барымташылар қашанғы тайраңдап жүре бередi?

– Бiз Үшқайық ауылдық округiнде мал ұрлығы төмендегенiн көрiп отырмыз. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда қылмыстың бұл түрi 28 пайызға азайған. Қылмыстың ашылуы 50 пайызды құрап отыр. Яғни, 14 мал ұрлығының 7-еуi бойынша барымташылар қолға түстi. Үшқайық ауылдық округi Сырдария өзенiнiң бойында орналасқандықтан, яғни жан-жағы тоғайлы алқап болуына байланысты бұл ауылдың тұрғындары iрi қара малдарын, жылқыларын жайылымға айдап жiберiп, 2-3 күнде бiр хабар алып тұрады. Сонымен бiрге, жоғалған малына да iздеудi өте кешiктiрiп хабарлайды.Ал, бұл аралықта қылмыскерлер iзiн суытып үлгередi. Тiптi, жәбiрленушiлер өз малдарының түнде немесе күндiз, қай күнi жоғалғанын да толық айта алмай жататын жағдайлар кездеседi. Сондықтан малдарыңызға ұқыптылықпен қарасаңыздар екен деймiз.

Төлеби ауданы, Зертас ауылының тұрғыны Мейрамбек Iзтiлеуов: – Түнгi сағат 01-02-лер шамасында iшiмдiк iшпеген адамды көшеде тоқтатып, полиция қызметкерлерi қанша уақыт «тергеуге» құқылы? Жалпы, көшеге қай кезден бастап шығуға тыйым салынған?

– «ҚР Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы» Кодексiнiң 789-бабына сәйкес, ұстап алынған адамның қандай да бiр процестiк мәртебе берiлуiне немесе өзге де формальды рәсiмдер орындалуы үш сағаттан ұзақ болмауы тиiс.

Кәмелет жасқа толғандардың барлығына түнгi мезгiлде жүруiне тыйым салынбайды. Тек, «ҚР Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы» Кодексiнiң 442-бабына сай, кәмелетке толмағандардың заңды өкiлдерiнiң ерiп жүруiнсiз түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде (сағат 22-ден таңғы 6-ға дейiн) немесе тұрғын жайдан тыс жерде болуына (сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн) рұқсат етiлмейдi.

Шымкент қаласының тұрғыны С.Н. ғаламтор арқылы сұрақ жолдады: – Мен өзiм «Нұрсәт» шағынауданындағы 29-үйде тұрамын. Үйiмiздiң, яғни 28-29-үйлердiң алдында бейнебақылау камерасы орнатылғанына қарамастан, жертөлеге кiре берiсте, ауладағы ағаштар мен шыршаның түптерiнде, кейде подъездердiң кiре берiсiнде пайдаланылған шприцтер жатады. Ауламызда есiрткiге елiткендер қаптап кеттi. Балаларды шығарып ойнатуға қорқамыз. Ал, полициядан көмек болмай тұр.

– Қаратау ПБ жергiлiктi полиция қызмет бөлiмшесiнiң «Нұрсәт» шағынауданына қарасты №61 учаскелiк полиция пунктiнiң жеке құрам қызметкерлерi мен 6506 әскери бөлiмiнiң сарбаздары кешкi сағат 17.00-ден 23.00-ге дейiнгi уақытта күнделiктi қадағалау жүргiзедi. Түнгi уақытта мобильдiк топтар құрылып, профилактикалық iс-шаралар жүргiзiлуде. Нәтижесiнде, әкiмшiлiк құқық бұзған 480 азаматқа хаттама толтырылған. Ал, «Нөлдiк төзiмдiлiк» қағидаты бойынша 463 әкiмшiлiк құқықбұзушылық анықталды. Учаскелiк полиция инспекторлары мен олардың көмекшiлерi өздерiне бекiтiлген әкiмшiлiк аумақтарында тұрғындарды алаяқтардан, маскүнем мен нашақорлардан сақтандырып, пәтер, көлiк, қалта ұрлығының алдын алу бағытында түсiндiрме жұмыстарын жүргiзiп келедi. Мұны ескеретiн боламыз. Тиiстi тапсырма берiледi.

«Қайтпас» шағынауданының тұрғыны Әсел С.: –«Қайтпаста» пәтер ұрлығы көбейiп кеттi. Екi үй сайын тоналып жатқан көршiлердiң мұңын есту қашанға дейiн жалғасады? Полиция келедi, тексередi... болды. Нәтиже жоқ. Осыдан кейiн полицияға шағым жазып, шақыртуға да әуре болғың келмейдi. Үй тонағандарды ұстадық деп ақпарат бередi. Барсаң ұрлықы заттардың iшiнен өз затыңды таппайсың. «Е, сiздiң үйдi тонаған бұлар емес екен...» деп шығарып салады. Өзгелердi де солай шығарып салып жүрмесiне кiм кепiл?! Сонда үй тонағандар қашан ұсталады?

– Бұл аумақ бойынша полицейлердiң жеке iздеуiмен 12 қылмыс ашылып, мамандандырылған соттың шешiмiмен 20 азамат әкiмшiлiк қамауға алынды. Учаскелiк полицейлер тарапынан тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып жүр. Тұрғындар тарапынан түскен 12 ұсыныс-пiкiр мен шағымдар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Одан бөлек, аудан әкiмi аппаратының қызметкерлерiмен бiрлесiп, шағынаудандағы халық көп шоғырланған және қылмыс жиi орын алатын аумақтарға талдау жасалынып, оның қорытындысы бойынша қажеттi жерлерге интеллектуалды бейнебақылау камераларын орнату және оны орталықтандырылған жүйеге қосу, көшелер мен аулаларды жарықтандыру мәселелерiн шешуге қаржы бөлу туралы ұсыныс хат жолданды. Ал, «Қайтпас» шағынауданының аумағына 40 бейнебақылау камерасын және көшелерге жарық орнату бойынша ұсыныс берiлдi.

Қазығұрт ауданының тұрғыны Сыдық Байболов: – Шымкент–Ташкент күре жолында полицейлердiң жекеменшiк көлiкпен патрульдеуге құқы бар ма? Одан соң, жол ережесiн бұзған жағдайда салынатын айыппұлдың 50 пайызын төлеуге бола ма?

– Жол-патрульдiк полицейлердiң жекеменшiк көлiкпен патрульдеуге құқы жоқ, тек қызметтiк автокөлiктермен патрульдеуге құқылы.

ҚР ӘҚБтК-нiң 810, 811-баптарында көзделген талаптар бойынша кез келген әкiмшiлiк құқық бұзған азамат хаттамада көрсетiлген айыппұл мөлшерiн 7 тәулiк iшiнде төлеген жағдайда оның 50 пайызын ғана төлеуiне болады (демалыс немесе мерекелiк күндер алып тасталынады).

Ордабасы ауданы Бадам ауылының тұрғыны Бақтияр СмадиЯрҰлы: – Бадам ауылында учаскелiк инспектор болып жұмыс iстеген Жансерiк Өтебаев есiмдi азамат 2016 жылдың күзiнде менiң үйiмде уақытша пәтер жалдап тұрған едi. Баспанамды осы азаматқа сенiп тапсырдым. Бiрақ, ол 2017 жылдың көктемiнде үйдi босатып, басқа жаққа кетiп қалыпты. Сенiп тапсырған баспанамды көрiп, шошып кеттiм. Газбен жылытылатын барлық бөлменiң батареялары мен қазандығы жарылып кеткен. Газ колонкасы бұзылған. Майда-шүйде бұзылғандарды айтпай-ақ қояйық. Бiз Жансерiк Қобыланұлын iздесек, ол Ордабасы аудандық IIБ-не жұмысын ауыстырып жiберiптi. Осы жағдайға байланысты Сiздердiң қызметкерлерiңiзден кеткен шығынды өндiрiп беруiңiздi сұранамыз. Қанша хабарлассақ та телефонын көтермейдi.

– Жансерiк Өтебаев сiздiң үйiңiздегi жылыту батареяларын және газ колонкасы құрылғысының бұзылған шығынын жөндеуге жұмсалатын шығынын өтеп бередi.

Жүргiзушi: – Әбдiғани Тойшыұлы, осы интернет-конференция өтедi деп газетiмiзде хабарланғалы келiп түсiп жатқан сұрақтардың денi мал ұрлығына қатысты болды. Бiз осының бiрқатарына тоқталсақ. Мәселен, Мақтаарал ауданынан А.Ерубаев есiмдi азамат аудандағы қылмыстың басым бөлiгiн мал ұрлығы құрайтынын айтады. Сондай-ақ, ол ауданда 2010 жылы 45 ұрлық тiркелсе, 2016 жылы 172 мал ұрлығы тiркелген, тiптi, Мырзакент өңiрiнде былтыр орын алған 59 мал ұрлығының екеуi ғана ашылғанын ашына жеткiздi. Полицейлердiң қауқарсыздығына налиды. Созақтық Жарқын Жүнiсов те ауданда мал ұрлығының тыйылмай тұрғанына ренжулi. Ал, Сарыағаш ауданы, Жылға ауылынан хабарласқан оқырманымыз Р.Кеңесов Жылға, Дарбаза, Әлiмтау ауылдарында мал ұрлықтарының толастамай отырғанын, учаскелiк полицейлердiң дер кезiнде әрекет етпейтiнiне көңiлi толмайды. Сонымен бiрге, Сарыағаш Өзбекстан мемлекетiмен көршi болғандықтан, аудандағы қайыршыларға, кiм екендерi белгiсiз келiмсектерге тосқауыл бола ма деген сұрақ қояды.

– Тұрғындардың жанашуы орынды. Мал ұрлығы қашаннан өзектi мәселе ретiнде күн тәртiбiнен түспей келедi. Бүгiнде барлық құзырлы органдармен бiрiгiп, мал ұрлығына тосқауыл қою үшiн жұмыла жұмыс iстеудемiз. Нәтижесi де жоқ емес. Жалпы, Мақтаарал ауданында 168 мал ұрлығы орын алса, оның 57-сi табылған. Оның 75-сi жайылымнан кеткен. Ал, созақтық iшкi iстер қызметкерлерi қоғамдық көмекшiлермен бiрге азаматтық киiм киiп, жайылымдарға рейдтер ұйымдастыруда. Жергiлiктi әкiмдiкпен бiрлесiп, қараусыз жүрген малдарды иесiн тапқанша оқшаулау жұмыстары жүргiзiлуде. Бүгiнде аудандағы орын алған 50 мал ұрлығының 25-сi ашылған.

Сарыағаш ауданына қарасты Жылға, Әлiмтау және Дарбаза ауылдарында орын алып жатқан мал ұрлықтарының бiрқатары ашылған. Жылға ауылында мал ұрлығымен қыркүйек айында ұсталған Ә.Нұрсұлтанның сот отырысы көшпелi түрде Жылға ауылында өткiзiлiп, қылмыскер үш жарым жылға бас бостандығынан айрылды. Ал, жыл басынан бергi 10 айда Сарыағаш қаласында көшеде қайыр сұрап жүрген 20 азаматқа ҚР ӘҚБТК-нiң 449-бабына сәйкес әкiмшiлiк хаттама толтырылып, әрқайсысына 11 345 теңгеден айыппұл салынған.

Шымкент қаласының тұрғыны Бауыржан МОМЫШОВ: – Мен Шымкент қаласы «Шұғыла» шағынауданы, Атасу көшесi, №10 үйде тұрамын. Осы жылдың 16 қараша күнi үйiмнен екi велосипед ұрланды. Бұл жөнiнде сол күнi-ақ Абай аудандық полиция бөлiмiне барып арыздандым. Арызды Жангелдi Тiлепов деген полиция майоры қабылдап алды. Бiрақ, арыздың тiркелгендiгi жөнiнде ешқандай қағаз берiлмедi. Бар айтқаны учаскелiк полиция инспекторы хабарласады дедi. Содан берi ешқандай учаскелiк инспектор хабарласқан жоқ. Сосын инспекторды өзiм iздеп шығуға тура келдi. №10 полиция бекетiне үш рет, яғни 20, 22, 24 қараша күндерi бардым. Үш күнде де есiгiнде құлып тұр. Осындай салғырттыққа қашан тосқауыл қойылады?

– Сiздiң арызыңыз 2017 жылдың 18 қарашасында тiркелген. Бүгiнде ҚР ҚПК-нiң 188-бабының 2-бөлiгiмен қылмыстық iс қозғалып, Абай ПБ-нiң тергеушiсi, полиция майоры Ж.Тiлеповтiң өндiрiсiнде сотқа дейiнгi тергеп-тексеру жүргiзiлуде.

Ал, Абай ПБ ЖПҚ №10 полиция пунктiне қай уақытта бардыңыз? ҚР IIМ-нiң бұйрығына сәйкес, полиция пункттерiнде азаматтарды қабылдау күнделiктi сағат 19.00-ден 23.00-ге дейiн жүргiзiледi. Сол уақыттарда болмаған жағдайда, полиция пункттерiнiң сыртында АIIБ-нiң кезекшi бөлiмдерiнiң телефоны жазылған. Соған хабарласуға болады.

Түркiстан қаласының тұрғыны Эльмира АртыҚбаева: – Әбдiғани Тойшыұлы, Түркiстан қаласында пәтер тонау өршiп тұр. 2-3 жыл болды, ұрылар қаланың әр жерiне көшiп жүрiп тонайтынды шығарды. Мысалы, қазiр «Самал» шағынауданында 1 айда мен естiген 5 үйге ұры түскен. Оның бiрi менiң көршiм. Және айтарым, сол ұрылар үйде адам жоқ кезде, күндiз-түнi тонап кетiп жатыр. Бiрақ, ұры ұсталмайды. Тоналған үй иелерi ұрылардың ұсталмағандығын айтуда. 2016 жылы Шымкент қаласында тұратын ағамның үйiне де ұрылар түскен едi. Ол да табылмады. Сонда ұстатпайтын қандай ұрылар? Әлде, бiздiң полиция дәрменсiз бе?

– 2017 жылдың қаңтар айынан берi Түркiстан қаласы «Самал» шағынауданында жалпы 34 пәтер ұрлығы тiркелiп, оның 13 дерегi ашылған. Ондағы ұрлықтың алдын алу мақсатында учаскелiк полиция инспекторлары және олардың көмекшiлерi, жол-патрульдiк полиция ротасының мобильдiк топтары қызмет атқаруда.

Шымкент қаласының тұрғыны Алина Шарипова: – Осы жылдың 14 қазанында өзiм тұратын Шымкент қаласы, Желтоқсан көшесi, №32 үйдiң 50-пәтерiне ұры түсiп, құнды заттарымды ұрлап кеттi. Осы күнге дейiн ұрылар ұсталмай отыр? Нышанбаев Берiкке телефон соқсам, Сұлтанға телефон соқ дейдi...

– Сiздiң арызыңыз 2017 жылы 14 қазанда тiркелiп, ҚР ҚК-нiң 188-бабының 2-бөлiмiмен қылмыстық iс қозғалған. Тергеп-тексеру жұмыстары жүргiзiлуде. Осы орын алған қылмыстық iс бойынша әкiмшiлiк аумақта профилактикалық есепте тұратындар мен сол аймақтағы таксилерден, күзетшiлерден сұрастыру жұмыстары жүргiзiлiп, 15 тұлғадан саусақ iздерi алынды. Қылмысты ашу мақсатында топ құрылып, жұмыстар жүргiзiлiп жатыр. Берiк Нышанбаев Әл-Фараби аудандық полиция бөлiмi бастығының тергеу жөнiндегi орынбасары болса, ал, Сұлтан Әл-Фараби полиция бөлiмi бастығының бiрiншi орынбасары болып қызмет атқарады.

Жүргiзушi: – Сарыағаш қаласынан Б.Жарқынбекұлы есiмдi оқырманымыз жергiлiктi полиция қызметкерлерiне көңiлiнiң толатынын жеткiзiптi. «Өйткенi, бiздiң көше жаққа қарайтын учаскелiк полицейлер қандай мәселемен барсаң да, iсiңдi бiтiрiп беруге тырысады. Сондықтан сiздерге рахмет! Халыққа қалтқысыз қызмет ете берiңiздер!» дейдi оқырманымыз.

Интернет-конференция соңында ОҚО IIД жергiлiктi полиция қызметiнiң басшысы, полиция полковнигi Ә.Сейдуалиев журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да жан-жақты жауап бердi.

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, Назгүл НАЗАРБЕКОВА, Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper