"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ТҮПКI МӘН – ЖАСАҒАН ИЕНIҢ РАЗЫЛЫҒЫНА ҰМТЫЛУ

Жұма, 01 Қыркүйек 2017 15:27
ТҮПКI МӘН – ЖАСАҒАН ИЕНIҢ РАЗЫЛЫҒЫНА ҰМТЫЛУ

 

Мұсылман жұртшылығының асыға күткен қасиеттi мерекесi – Құрбан айт үстiмiздегi жылдың 1 қыркүйегiне сәйкес келiп отыр.

Құрбан – араб тiлiнде «жақындау» дегендi бiлдiредi, яғни жасаған сауап iстер арқылы жүректi тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал, шариғаттағы терминдiк мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетiмен мал бауыздау» дегенге саяды.

 

Құрбандық шалудың мәнiсiнiң кеңдiгiн ұғыну үшiн дiннiң не екенiн, құлшылықтың не үшiн жасалатынын жақсы бiлген жөн. Мына кең-байтақ ғаламды жаратқан құдiреттi Ие жер бетiндегi саналы пенделерiн бекерге жаратпаған. Олардың қоғам құрып, дұрыс өмiр сүруi үшiн тура жол көрсетiп дiн жiберген. Қасиеттi кiтабы Құранда «Мен жындар мен адамдарды (Менi танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресi, 56-аят) делiнедi. Демек, құлшылық жасаудың түп мәнi – Жасаған Иенiң жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.

Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейдi. Онда адамның iшкi ниетi, шын пейiлi, дiнге бекемдiгi, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседi. Сондай-ақ, пенденiң пендешiлiгi мен мәрттiгi, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.           Мұсылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиiс. Өзiм ғана iшсем, жесем, өзiм тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын деген түсiнiк оған жат. Өйткенi, Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) «Көршiсi аш кезде өзi тоқ түнеген адам бiзден емес», «Өзiңе тiлеген жақсылықты басқаға да тiлемейiнше шынайы мұсылман бола алмайсың», «Мұсылмандар бiр дене тәрiздi, бiр жерi ауырса, басқа мүшелерiнiң де мазасы кетiп, ұйқысы қашады» деген хадистерi күллi мұсылман жұртшылығын бiр-бiрiне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейiрiмдi болуға шақырады.

 

Құрбандық шалудың үкiмi

Жағдайы бар адам Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжiп. Уәжiптiгiнiң аят-хадистердегi дәлелдерi төмендегiдей: Алла тағаланың Құран Кәрiмде: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжiптiгiн бiлдiредi.

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемi болсын) «Құрбан шалыңдар! Өйткенi, ол Ибраһим бабаларыңның сүннетi» деуi құрбан шалудың уәжiптiгiне қайшы емес. Өйткенi, хадисте айтылған «сүннет» – жол деген мағынаны бiлдiредi. Яғни, бiзге уәжiп ретiнде мiндеттелген құрбан шалу – Ибраһимнiң (а.с.) жалғаса келген жолы деген мағынаны меңзейдi.

Төмендегiдей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжiп (мiндет):

1. Мұсылман болуы;

2. Ақылды және балиғат жасына толуы;

3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы;

4.Негiзгi қажеттерден тыс нисап мөлшерiндегi қаржыға ие болуы.

Нисап мөлшерi – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетiн ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжiп болуы үшiн нисап мөлшерiне жеткен малға бiр жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта мiндеттi түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшерi қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу мiндет болмағанмен жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат.

 

Ниеттiң де сауабы бар

Мұсылман адам амалымен жете алмайтын сауапқа ниетi арқылы жетедi. «Әркiмнiң iсi ниетiне қарай бағаланады. Мүминге ниеттенген нәрсесiнiң сауабы берiледi» және «мүминнiң ниетi амалынан қайырлы» деген секiлдi хадистер қай iсте де мұсылман баласын ниетiн таза ұстауға шақырады. Сол себептi құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар: «Раббым, мүмкiндiк нәсiп еткенiңде мен де құрбандық шалар едiм» деген ниетте болса, мейiрiмдi Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап жазады.

 

Қандай мал жарамды?

Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретiнде шалынатын малдың ерекшелiктерi мынадай болуы қажет:

1. Құрбандыққа қой, ешкi, сиыр, түйе секiлдi малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елiк секiлдi тағы басқа аң-құстар құрбандыққа жарамсыз.

2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкi ең кемi бiр жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бiр жасар қой секiлдi iрi, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкiнiң мiндеттi түрде бiр жасқа толған болуы қажет. Сиыр екi жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

3. Құрбандық малдың денi сау, еттi және дене мүшелерi түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретiнде шалуға кедергi келтiретiн кемшiлiктер болмауы қажет.

4. Құрбандық мал ғибадат ретiнде бауыздалуы шарт. Шын мәнiсiнде Алла пенделердiң құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бiзге мәлiм әрi беймәлiм көптеген пайдалары мен хикметтерi бар. Дегенмен, негiзгi мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердiң ниетiнiң негiзге алынатындығы Құран Кәрiмде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың етi де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейдi. Оған жететiн жалғыз нәрсе – жүректерiңiзге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет» (Хаж сүресi 37).

 

Мерекенi қалай атап өтемiз?

Аллаға шүкiр, Елбасы Н.Назарбаевтың тiкелей Жарлығымен Құрбан айты елiмiзде ресми тойланатын мейрамдардың қатарына енгiзiлiп, айттың бiрiншi күнi демалыс болып белгiлендi. Парасатты шешiм халықтар достығы мен бiрлiгiн нығайта түсуге септiгiн тигiзiп келедi. Бiз мұны дәстүрлi дiнiмiз Исламға көрсетiлген аса зор құрмет деп бiлемiз.

Бiр күн бұрын жақсылап ғұсыл құйынғаннан (дененi толықтай жуу) кейiн әдемi, таза киiмдерiн киiп, үстiне хош иiс сеуiп, мешiтке айт намазына бару – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт намазын оқығаннан кейiн құрбан шалу мiндеттелген жандар құрбандықтарын шалады.

Айт күнi мұсылмандар көршi-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндерi мейлiнше көтерiңкi көңiл-күйде, жылы жүздi, кешiрiмдi болуға тырысу керек. Ренжiскен кiсiлер қайта табысып, айтта бiр-бiрiн кешiрiскенi, түсiнiскенi жөн. Ауырып жатқан кiсiлердiң көңiлiн сұрап, арнайы бас сұғу, жетiм, жесiр, мұң-мұқтаждарға қол ұшын берiп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездiру өте сауапты iстерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесiне, отбасындағы жандарға, көршi-қолаң, жора-жолдастарына мүмкiндiгiнше кiшiгiрiм болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткiзуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау адамдардың бiр-бiрiне деген жылылықтары мен сыйластықтарын барынша арттырады.

Құрбан айтта Ұлы Алла тағала барша ниеттерiмiз бен тiлектерiмiздi қабыл етсiн! Елiмiздiң егемендiгi баянды, тәуелсiздiгiмiз тұғырлы болғай! Әмин!

Мұхамеджан ЕСТЕМIРОВ, ҚМДБ ОҚО бойынша өкiл имамының орынбасары, дiнтанушы.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper