"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 323.2 -1.45   EUR: 395.56 -2.10   RUB: 5.72 -0.02   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


Қос өнердi тел емген Тәлiп аға

Бейсенбі, 11 Қаңтар 2018 10:58
Қос өнердi тел емген Тәлiп аға

Жәмила МАМЫРӘЛІ, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкенттік Тәліп Әлжановты мәдениет саласында қызмет атқарып жүргендер ғана емес, жалпы облыс­тағы руханияттан хабары бар зиялы қауым өкілдері түгел таныса керек. Ол аз десеңіз, Тәліп ағаны боксшылар да, дзюдошылар да, желаяқтар да, бір сөзбен айтқанда, спортшылар қауымы да жақсы біледі. Себебі, бұл кісі жан-жақты.

Төлеби ауданында Кеңес өкіметі тұсында ауыл-аймақтың атауы кілең «Қызыл әскер», «Қызыл ту» болып аталатын уақытта «Қызыл үй» деген ауыл болған. Біздің кейіпкеріміз сол ауылда туған. Ұл-қызының оқу оқып, білім алуына жайлы болсын деп кейін Шымкентке қоныс аударды. Мұнысы бекер болмады. Бала күнінен домбыра шертуге құмар болып өскен Тәліп қалаға келгенде спортқа бір иығын бере бастады. «Жігітке жеті өнер де аз» дегенді бұрынғының адамдары қағида деп қабылдағандықтан, баласының домбыраны тастап, спорттың алдымен жеңіл атлетикасын, сосын боксын таңдағанына ата-анасы ренжи қоймады. Бірақ, «музыкалық колледжге барасың» дегеннен танбады.

Ата-анасының талабына қарсы шықпаған Тәліп аға музыкалық колледжге оқуға түсті. Бірақ, боксты тастамады. Боксқа бірге баратын Тағай есімді дос та табылды колледжден. Досқа деген адалдығы болар, сол досының негізсіз қудалануы Тәліп ағаны бей-жай қалдырмады.

– Досым Тағай Бабахановты бір күні колледжден «бұзақылығы үшін» деп әділетсіз бұйрықпен шығарып жіберді. Колледждің сол кездегі басшылығы шығарған бұл шешімге қатты ашуландым. Бірақ, қолымнан не келеді. Мен де қатардағы көп студенттің бірімін. Досымды қолдайтынымды «мен де кетемін онда» деп колледжден кетіп қалу арқылы білдіруден басқа амалым қалмады, – дейді сол күндерді еске алғанда Тәліп Әлжанов.

Ал, кейін әскерде жүргенде Бішкектегі денешынықтыру институтына оқуға түсуді армандады. Бұл тағдыр дегенді қойсаңызшы, ендігі өмірін тек спортпен байланыстырамын деген бозбалаға осы кезде Шымкентте жаңадан ашылған мәдениет институты тағы да дес бергіздірмеді. Ата-анасының «музыкадан, домбырадан ажырап қалмаса екен» деген қалауын жерге тастамаған ол, осы институтты тәмамдап, мәдениет саласының маманы болып шыға келді. Облыстық көркемөнерпаздар үйінде, Сайрам аудандық мәдениет бөлімінде басшы, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары болып 11 жыл қызмет атқарды.

Облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында директор болған жылдарында бірге қызметтес болған азаматтар «өте талапшыл, ең бастысы, әділіне жүретін, адал бастық болды» дегенді жиі айтады. Ал, облысымызда алғаш рет ұлт аспаптар оркестрін құрған жан ретінде Тәліп ағаны мәдениет майталмандары зор ілтипатпен құрметтейді. Сүгір атындағы оркестрді ұйымдастыру үшін Т.Әлжанов 2001 жылы аты аңызға айналған Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің дирижерін облысқа шақыртып, өнерпаздарды байқау арқылы біртіндеп таңдап алды.

Естеріңізде болса, осыдан бірталай жыл бұрын республикалық телеарналар арқылы командалық айтыс өнері дүбірлеп тұрып өтті. Әр облыс өз ақындарын арқаландырып, үміттерін үкілеп дүбірлі бәйгеге қосуға ынтық болды. Ал, осы сайыстың бастауында тағы да Тәліп аға тұрғанын көп адам біле бермейді.

– Бұрынан сіз-бізіміз жарасқан достар болған соң Жүрсін Ерман хабарласып, «командалық айтыс өткізсек қалай болады? Алдымен шымкенттік және алматылық ақындарды жарыстырып көрсек...» дегенде, шынымды айтсам, қуанып кеттім. Бастапқыда оңай көрінгенімен, командалық айтысқа жас ерекшеліктеріне қарай ақындар табу оңай болмады. Әсіресе, Көпбай Омаровты бас ақын етіп құрған командамызға кемпір ақын табу қиынға соқты. Командамызда термешілер де болуы міндетті еді, – дейді Тәліп аға сол күндерді еске алып.

– Содан, Әселхан звондады. «Таптым. Кемпір ақын таптым...» деп. Әселханға көп рахмет, Тәушен апаны ертіп келген. Команда толық жасақталған соң ақындардың айтысын облыстың сол кездегі басшысы Рысбек Мырзашев тыңдайтын болды. Ақындар барын салып айтысты. Айтыс көріп отырғанда байқағаным Р.Мырзашевтің көмекшісі келіп: «Сізге Мәскеуден звондап жатыр...» деді. Ана кісі «күте тұрсын!» деп қысқа қайырды. Мұны көргенде ішім жылып қалды. Айтыс өнеріне деген облыс басшысының құрметі жоғары екендігіне сүйсіндім. Оған, әсіресе, Көпбай ақын мен Тәушен апамыздың айтысы қатты ұнады. Айтыстың соңында Мырзашев ақындарға жақын келіп: «Сіздер бүкіл бір облыстың намысын ту етіп бара жатырсыздар. Алматылық ақындарды қалай да жеңіп қайтыңыздар!» деп шабыт бере тілек айтты.

Облыстың намысын желбіретіп Алматыға аттанған шымкенттік айтыскер ақындар командасы сол жолы ешкімге дес бермеді. Алматыны жеңіп, өзге облыс ақындарынан да мерейі үстем болды. Тек Қызылорда облысының командасымен сайысқа түскен кезде қазылар алқасы екі командаға да теңдей баға берді. Біздің облыс командасы қай жағынан болсын, айтыстан да, жыр-терме орындаудан да басым түсіп тұрғанын көрермендер де көріп отырғандықтан, залда наразылық туды. Мұндай әділетсіздікке төзбейтін Тәліп Әлжанов команданы сахнадан алып шығып кетті. Ашуға булыққаны сонша, Шымкентке ұшып кетті.

– Қанша қатты ашулансам да қайтымым тез. Шымкентке келген соң ойландым. «Мұным жарамас, барып, команданы жігерлендірейін» деп тікелей басшыларым

Д.Бопова, Қ.Тұяқаевтың жина-

лыстарын тастай сала, Алматыға қайта ұшып бардым. Біздің команданың түбінде жеңімпаз боларына сендім. Финалға үш команда шықты. Қызылорда, Жезқазған және Шымкенттің командалары. Жыр таластырған, елдің жайын өлең сөзбен өрнектеген сол айтыста біздің команда шынында да бас жүлдеге ие болды.

Тәліп ағай өткен күнді еске алғанда облыстың намысы үшін өңірдегі өнерпаздардың есімдерін елге таныстыру жолындағы жігерлі еңбегі үшін қуанатыны көзінен байқалады. Жанарында жасындай жарқыл пайда болып, сол күндердің қызығы мен қиындығы қатар жүрген сәттерін жымия отырып баяндайды.

Ал, облысымызда алғаш рет 1984 жылы

Байдулла Қонысбек, Мұхтар Шерім, Мархабат Байғұт, Құрбан Мәмеков сынды азаматтармен бірігіп «Күлкі жәрмеңкесін» ұйымдастырғаны, оған бүгінде елге танымал әртістер Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшораның келіп қатысқаны жайлы естелігі өз алдына бір әңгіме.

Бүгінде жасы 77-ге аяқ басқан Тәліп Әлжановтың бойы тік, жүрісі сергек. Әлі де еңбек етуден жалықпайды. «Шымкент жасыл қала» ЖШС-ге қарасты Орталық саябақтың әкімшісі. Саябақтың таза, көрікті болуына бірден-бір мүдделі жан. Келушілердің ілтипатына бөленіп жүрген ол қаламызда жасыл желек көп болса екен дейді. Реті келгенде Тәліп ағадан өз қатарластарынан сергек жүруінің сырын сұрадық.

– Бәрі де спортпен шұғылданғанымның арқасы. Пауэрлифтингтен ардагерлер арасында Азияның 10 дүркін чемпионымын. Қазақстан құрамасының мүшесімін. Спорт десе ішкен асымды жерге қоямын. Рингке Головкин шыққанда арқаланып, рухтанып кетемін. Біздің елде мықты спортшылар өте көп. Өзім де әліге дейін күн сайын жаттығу залына барып тұрамын, – дейді кейіпкеріміз.

Тамақты талғаммен жейтін, көбіне көк-сөкке құмар, жұмыртқаның тек ағын ғана аузына салатын ағамыз қос өнерді бірдей меңгерген майталман. Айтпақшы, халықаралық жарыстарға қатысып жүрген өз жасындағы спортшылардың арасында Тәліп аға жалғыз қазақ екен.

Екі ұлдан алты немере көріп отырған Тәліп ағаның жары Бибіхадиша апамыз да өнердің төңірегіндегі адам. Облыстық филармонияның костюм цехында еңбек етеді.

Әне, Тәліп аға Әлжанов тағы да жаттығу залына асығып барады...

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper