"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 323.2 -1.45   EUR: 395.56 -2.10   RUB: 5.72 -0.02   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


Он саусағынан өнер тамған – Мұратәлі

Сәрсенбі, 10 Қаңтар 2018 14:44
Он саусағынан өнер тамған – Мұратәлі

Мұратәлі Көшкінбаев – ағаш ұстасы. Жастайынан есік-терезе емес, ұлттық бұйымдар мен музыкалық аспаптар жасайды. Ол өнерімен талайларды таң қалдырған жан. Бәйдібек ауданында туып-өскен ол бүгінде Шымкент қаласында тұрады.

Ұстаның шеберханасы өз үйінің ауласында орналасқан. Бар жұмысын сол жерде істейді. Шеберханасының ішіне енгенде бір байқағанымыз әркез «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосы қосулы тұрады екен. Кәсібінен бөлек қорасында мал ұстап, күркетауық асырайды.

Мұратәлі аға ағаштан түйін түюді еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастапты. 1993 жылы Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжіне оқуға түсуге бел буады. Бала арманы оны «Безендіру» мамандығына оқуға түсуге, суретші болуға жетелейді. Алайда, қаладағы туыс ағасы оны жаңадан ашылған «Ағашты көркемдеп өңдеу» мамандығына тапсыруға үгіттейді. 1997 жылы оқуын ойдағыдай тәмамдап, қолына дипломын алады.

– Ол жылдары халықтың жағдайы қазіргідей емес еді. Мұндай өнерді түсінбейді. Базарда «ала сөмкені» арқалап, жасаған бұйымдарымды сатып жүрдім. Бұл өнерім «қарнымды ашырғанмен, қадірімді қашырған жоқ». Кейін келе елдің, халықтың жағдайы оңалып, жұрттар осындай бұйымдарды іздей бастады. Өткеніне, тарихына, әдет-ғұрпына іздеу салды. Содан бері шығармашылығым жаңа белеске көтерілді, – дейді Мұратәлі Көшкінбаев.

(Ұстаның қолынан шыққан тұрмыстық бұйымдар)

 

Айтуынша, бұл ерекше өнер атасынан дарыпты. Атасы Ақбастау ауылына белгілі ағаш ұстасы болған екен. Соның қасында көмектесе жүріп, осы кәсіпті меңгерген. Кейіннен кәсіби білім алып, өнерін ұштаған.

– Оқуға түскен алғашқы жылдары мардымды ештеңе үйрене қоймадық. Бізден жоғары курста оқитын жігіттер қобыз жасайтын. Және онысын бізге көрсетпейді. Көрсетер болса біз үйреніп алып, оларды «нанынан» айырамыз ғой. Ол жылдары 1 қобыздың бағасы 10-15 мың теңгенің арасында еді. Ол ақшаға бір көлік сатып алуға болатын. Сонда олар бізден жасырып, жатақхананың төртінші қабатына шығып кетіп, терезелерін газетпен жауып алады. Сонда ағаштан қобыз ойып, жасап шығарады. Төменгі курстар, біз қайтеміз?! Екі-үш бала бірігіп, арқан алып, жатақхананың шатырына шығамыз. Бір адам беліне арқанды байлап, терезенің ашық қалған тұсынан сығалайды. Қолымыз талып, шыдамай бара жатсақ жоғарыға белгі береміз. Олар жіппен тартып алады да, екінші жігіт төмен түсіп, сығалауды жалғастырады. Содан бәрі біткен соң көрген-түйгенімізді ортаға салып, қобыз жасап шығарамыз, – деп еске алады студент шағын кейіпкеріміз.

Ол қазіргі жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайға, қолдауға қызығады. «Шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?» деген сұраққа қарсы емесігін жеткізді. Алайда...

 – Бір-екі шәкірт тәрбиелеп көрдім. Нәтиже шықпады. Мүмкін менен жақсы ұстаз шықпайды, яки, қазіргі жастардың бұл іске құлқы жоқ. Бірер күн қол астымда жұмыс істеп, өзімнен ақша талап еткендері болды. Тегін жатын орын, тегін тамақ бердім. Білгенімді үйреттім. Кәсібін толық меңгермей жатып ақша сұрады. Содан оларды еркіне қоя бердім, – дейді ол.

Ал, ұл-қыздарының ешқайсысы әке жолын қумапты.

Ұстаның айтуынша, бүгінде ең сұранысқа ие бұйым – ол ағаш астаулар. Одан кейін қымыз құятын саба, кесе, ожаулар өтімді екен. Тапсырыстан бөлек шығармашылық жұмыстармен де айналысады. Бізді «Жанайқай» деп аталатын композициясымен таныстырды. Философиялық толғаныстан туған туынды төрт жағынан қоршалған. Оны автор төрткүл әлем деп түсіндірді. Төрт қоршаудың ішінде Жерді бейнелейтін дөңгелек шар бар. Ортасында адамзаттың бет-әлпеті бейнеленген. Ал, одан сәл төменіректе Құдайға құлшылық етіп отырған адамның іс-әрекеті бейнеленген.

 

  (Ұстаның шығармашылық жұмыстары)

Айтпақшы, ұстаға алыс-жақын облыстардан да тапсырыс берушілер көп. Тіпті, Ресей астанасы Мәскеу қаласынан келген кәсіпкер әйел бірнеше астау алып кетіпті. Астаулары Мәскеуде қазақы нақышта жасақталған дәмхана үшін керек болыпты. «Сондағы қазақтарға бесбармақ істеп, осы астауға салып беремін деп алып кетті» дейді Мұратәлі аға.

Ұстаның айтуынша, бүгінде мұндай бұйымдарға халықтың көзқарасы дұрыс. Жуырда бір әйел келіп, өзіне елде жоқ сандық істеп беруін өтініпті. Қазір сол сандықты істеу үстінде. Жұмыс ойдағыдай аяқталып, сандық сәтті шықса, бұл оның ең қымбат бұйымы болмақ. Ұста сандықты 1 200 000 теңгеге бағалапты.

 

  (1 200 000 теңгеге бағаланған сандық. Әлі толық аяқталмаған)

 

Мұратәлі ұста бүгінге дейін бірнеше көрмелерге, байқауларға қатысып, жүлделі орындарға да ие болған. Ұлттық өнерді дәріптеп, халықтың бай мұрасын сақтауға үлес қосып жүрген осындай азаматтарымыз көп болсын деп тілейміз. Бір қызығы ұлттық өнерді насихаттап, салт-дәстүріміздің сақталуына үлес қосып жүрген азаматтың үйі де Шымкенттегі «Дәстүр» көшесінде орналасқан...

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper