"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ

Сейсенбі, 09 Қаңтар 2018 10:24
ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ

 

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Демек, көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, ізгі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару мүмкін емес. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі – отбасы құндылықтары. Тіпті, біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателес­пеген болар едік.

 

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызын көрсетіп берді.

Тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл сайын артып, көптараптанып келе жатқанын аңғару қиын емес.

Бұл мақсаттарға тек 2017 жылғы республикалық бюджеттен 149,7 млрд. теңге қарастырылған және ол жыл сайын кемінде 15%-ға артып келе жатыр. Әр жылы өтетін «Мерейлі отбасы» байқауында еліміздегі ең үлгілі отбасылардың өмірі насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы да елімізде дәстүрге айналған. Әрине, отбасылық саясаттан бөлек отбасылық құндылықтар деген бар. Ол – халқымыздың тарихымен бірге қайнап, пісіп шыққан отбасылық дәстүрлер, отбасы мәдениеті мен этикасы. Отбасының қалыптасуына қоғамның қалыптасуы тікелей байланысты. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген даналық сөз ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай.

Қазақтың тарихында киелі отбасының қасиетті ұрпақтары туралы, олардың ел өміріндегі алатын орны, сіңірген еңбегі, қалдырған рухани байлығы, үлгі боларлық тірліктері, өнегелі өмірлері туралы мысалдар көп. Уақытында бізге бай, феодал ретінде оқытылған Құнанбайдың өзі тегін адам болмағандығын еліміз егемендікке жеткенде ғана білдік. Кішкене артық сөйлеп кетіп «Мен сізден оздым әке, мені бүкіл қазақ таниды» деген Абайға, «Е, Абай, сен менен оздым деуің үшін әуелі мен құсап өзің сияқты ұл тудырып ал» деген сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өнегелі сөз емес пе?

Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Қазіргі уақытта өмірге келген біздің балаларымыздың кіндігін кім кеспей жүр, бұрын жерге ғана көмілетін сол кіндік қайда қалмай жатыр? Басқасын айтпағанда, ұлдарымыздың сүндет тойын, мұсылмандыққа қадам басу сәтін қай жер болса, сол жерде, арақ-шарап араластырып, ысырапшылдықпен өткізуіміз қай атадан қалған дәстүрімізде бар еді? Өкініштісі, той өткізу бәсекеге айналып, құдалық даңғазалыққа ұласып бара жатыр. Сол қыруар шығынның үйленген жастардың бақытына емес, бақталастығына айналып, ақыры жақсылыққа апармай жатқандығын да көріп жүрміз. Бұған дәлел ретінде неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың кейінгі жылдары аса қауіпті деңгейге жеткенін айтсақ та жеткілікті.

Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы, 2016 жылғы ресми мәліметтерге қарағанда, қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40 пайыз болса, ауылдық жерлердегі ажырасу деңгейі 27 пайызға жеткен. Ажырасулардың 40%-ы алғашқы бес жылда орын алатындығы да ойландырады. Соңғы бес жылда еліміздегі тіркелген некенің саны азайып, ажырасулардың саны көбейген.

Ажырасулардың кесірінен республика бойынша толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалар саны жылына 40 000-нан асып отыр. Бұл жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Әрісінде қаншама адамның тағдыры бар. Қаншама жас сәбидің көз жасы, көңіл наласы бар. Әкесіз тәрбиеленген ұл мен қыздың жарымжан тағдырына жалпы қоғам болып жауапты екенімізді ұмыта бастаған сыңайлымыз. Батыстық оңашалаудың әсерінен бе, кейінгі кезде біреудің отбасындағы мәселеге мүлдем бейжаймыз. Әркімнің жеке басының шаруасы дейтінді шығардық. Әке мен шеше тым балажан болып алды. «Ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды» деген сөз бүгінгі ата-ананың басты уәжіне айналған. Осы бір сұрқия сөздің қай дәуірден жеткенін кім білсін?.. Астарынан жаугершілік заманның салқыны сезіледі. Ендеше, бүгінгідей бейбіт заманда мұншалықты салмағы ауыр сөзге арқа сүйеуіміз бекершілік екенін білсек.

Жоғарыда атап өткеніміздей, отбасылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы – жалпы әлемдік тенденция. 2016 жылғы ажырасулардың деңгейі бойынша алғашқы ондыққа енетін елдердің басым бөлігі экономикасы дамыған Еуропа елдері екен. Зерттеушілер тіпті дәстүрлі құндылықтарын берік ұстанатын мұсылман елдеріне де бұл індеттің кең тарай бастағанын айтады. Бірақ бұл өркениетті елдердің өресін көрсетпейді. Дамыған сайын сол елдерге бар жағынан ұқсас болуымыз керек деген де дұрыс емес. Қайта әлемдегі ең дамыған сегіз елдің қатарына ене отырып өз салты мен дәстүрін, рухани құндылықтарын, отбасындағы мәдениетін сақтап отырған Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерге еліктегеніміз жөн болар. Қандай бай, қаншалықты биік дәрежеде тұрса да иіліп сәлем салып тұрған, жымиып байсалдылық танытқан жапондық, не корей азаматын көріп тұрып таң қаласың. Алысқа ұзамай-ақ өзіміздің тамырлас туысымыз, көршілес өзбек халқының кішіпейілділігі мен еңбекқорлығы, үнемшілдігі, үлкенге құрметі баршаға үлгі болатын-ақ нәрсе. Сол көршілес жатқан Өзбекстанда некенің бұзылу деңгейі 10%-дан аспайды екен. Бұл елде де қиыншылықтар бастан асады, тұрмысы төмен отбасылар да аз емес. Бірақ тұрмыс қиыншылығынан гөрі өзбек ағайындарда ар-ұят, намыс, ұрпақтың тағдыры биік тұрады. Бұл да отбасындағы тәрбиенің біздің қоғамымыз үшін қаншалықты маңыздылығын көрсетсе керек. Тиісінше әр елдің аталмыш мәселенің алдын алу үшін қоғамдық деңгейде көтерген бастамалары мен мемлекеттік бағдарламалары бар. Бұл шаралардың басым бөлігі отбасыларға кәсіби деңгейде психологиялық кеңес беріп, көмек көрсете алатын орталықтардың санын көбейтіп, сапасын көтеруге бағытталады екен. Ал, біздің елде осындай отбасылық орталықтар бар ма? Бар болса олардың саны қанша? Сол отбасылық кеңес беру орталықтарындағы мамандардың кәсіби деңгейі, біліктілік, құзыреттілік дәрежесі қандай? Қазіргі тілмен айтқанда, әуелі осы мәселелердің ауқымды аудитін өткізіп, қоғамдық және мемлекеттік деңгейде қолға алу керекпіз. Әдетте отбасылық қайшылықтарға ұрынған жұптар психолог мамандардың көмегіне жүгіне бермейді. Мұның да себеп-салдарын анықтаған абзал. Отбасылық психологиялық кеңес қызметтерінің беделін көтеріп, абыройын арттыруға бағытталған кешенді үгіт-насихат іс-шаралары да керек-ақ. Тіпті, сол отбасылық кеңес орталықтарын АХАЖ бөлімдерінің қасынан ашу мүмкіндігін де қарастыруға болады.

Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Баланың тағдыры анаға тікелей байланысты. Соңғы кезде жаңа ғана туған баласын сәбилер үйінің алдында қалдырыпты, күл-қоқыстың арасына тастап кетіпті деген ақпараттарды көп естиміз. Көңіліміз құлазиды. Өзі туған сәбиін керексіз бір зат сияқты лақтырып кету үшін қандай адам болу керек? Баласын тастап кеткен әйелді де, сондай жағдайға душар еткен еркекті де ақтап алу мүмкін емес. Статистикаға сүйенсек, бүгінде балалар үйіндегі 7200-ден астам сәбидің 696-сының ата-аналары құқығынан бас тартқандар, 436-сы тастанды балалар екен. Ал, 3400-інің ата-аналары құқықтарынан айырылғандар. Яғни балалар үйіндегі бар баланың 63%-ның әке-шешесі тірі деген сөз. Бұл адам тауқыметі ғана емес, нағыз қоғам тауқыметі деп айтуға болады.

Отбасылық саясатты қалыптастыруда атқарылатын шаруалар әлі көп. Отбасылық құндылықтарды насихаттау және көп балалы отбасыларды ынталандыру бағытындағы жәрдемақы түрлерін әр кезеңнің талабына сай жетілдіріп отыру маңызды мәселе. Мысалы, бес бала немесе бес баладан көп баланы дүниеге әкелген аналарға айлық еңбекақы тағайындау арқылы олардың еңбек өтілін сақтап қалу мүмкіндігін қарастыру маңызды шаралардың бірі болар еді. Бұл өз кезегінде қоғамда көп балалы отбасы болудың беделін бекемдеп, абыройын арттырары хақ. Аталмыш жәрдемақы түрінің әлеуметтік маңызын да ешкім жоққа шығара қоймас. Себебі, бала тәрбиесімен айналысудан қиын әрі маңызды, пайдалы әрі құнды еңбек бар ма?

...Бір отырыста төрде отырған абыз ақсақалдың «дінімізден айырылып, тілімізді ұмытып, ұлт ретінде жойылып бара жатқанда бізді аман алып қалған қазақы кең пейіліміз бен ақ дастарқанымыз» деген ұлағатты әңгімесін естіп едім. Түсінген адамға астары терең, мазмұны мәнді сөз. Рас, кейінгі бір-екі ғасырдың төңірегінде қазақ қоғамы жантүршігерлік зұлматты замандарды басынан өткерді. Мың өлдік, мың тірілдік... Елімізді алып бәйтерекке теңеуіміз тегіннен-тегін емес. Замана дауылы сын тезіне салғанда сол бәйтеректің белі бүгілді, бұтасы үгілді, жапырағы төгілді. Бірақ діңгегі құламай дін аман қалды. Себебі, оның тамыры тереңге бойлаған. Тамыр дегеніңіз – ол біздің өткеніміз, тарих бойғы тәжірибе құнарын ұлт бойына дарытып, сол алып бәйтеректің діңгегін нықтап, бұтасын көгертіп, жапырағын жайқалтатын жалғыз күш.

Бірде, көп балалы аналармен болған кездесуде, жасы 80-ге таяған, өзін 12 перзенттің анасымын деп таныстырған бір әже: «Қарақтарым! Тәуелсіздік бізге Тәңірдің берген үлкен бақыты. Біз, шалымыз екеуміз, осы тәуелсіздікке қалай үлес қоссақ екен деп көп ойланамыз. Үлкен кәсіпкер емеспіз, қаржылай қоса салатын, үлкен қызметкер емеспіз, жай ғана зейнеткерміз. Бірақ тереңінен ойласақ, біздің әлі де қосатын еңбегіміз көп екен. Біріншіден, біз балаларымызға дұрыс тәрбие беруіміз керек екен. Әр үйдің баласы тәрбиелі болса, қоғам тәрбиелі болады. Екіншіден, өз үйімізді таза ұстауымыз керек екен. Әр үйдің іші, есігінің алды таза болса, ауылымыз, еліміз таза болады. Үшіншіден, өз көршімізбен тату тұруымыз керек екен. Әр көрші тату болса, еліміз ынтымақта болады. Әрбір отбасы осы үш қағиданы дұрыс ұстанса біздің тәуелсіздігіміз баянды, мемлекетіміз мықты болары сөзсіз» дегені есімде. Бұл қарапайым ғана ауылдағы «Батыр ананың» сөзі. Ұлы сөз. Осыдан артық айту да мүмкін емес сияқты.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» деп атап көрсетті. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Әр бала атаның қанымен, ананың сүтімен келетін туабітті қасиеттер сияқты ұлттық рухани құндылықтарды да ең алдымен отбасында ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Ендеше, ұлттық тәрбие – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ.

Әли БЕКТАЕВ, Парламент Сенатының депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы.

«Егемен Қазақстан».

13.11.2017 жыл.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper