"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ӨСИЕТНАМА

Бейсенбі, 04 Қаңтар 2018 11:16
ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ӨСИЕТНАМА

 

Үмiтхан АЛТАЕВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеттiң профессоры Бегман Ысқақтың «Қызым, саған айтамын...» атты кiтабы жаңа жылдың алғашқы күнi қолымызға тидi. Жарты ғасырдан астам уақыт шәкiрт тәрбиелеумен айналысып келе жатқан ұлағатты ұстаз жылдар бойы жиған-терген ақыл-кеңесiн сүзгiден өткiзiп, немере қызы Айданаға мұра етiп қалдыруды жөн санапты. Кiтапты парақтағанымызда 63 жасында перзентi Гиланшахқа арнап «Қабуснама» атты кiтап жазып, мұраға қалдырған Кейқауыс бабамыз ойымызға оралды.

 

ХI ғасырда жазылып, тәлiм-тәрбиелiк маңызы жағынан аса құнды шығармалар қатарынан саналған өсиетнамасы жайында Кейқауыстың «Менiң дүниедегi жиып-терген ең қымбат асыл заттарым – саған арнап жазған осы үгiт-насихат кiтабым» деген екен. Сондай-ақ, қазақ жазушысы Немат Келiмбетовтiң «Ұлыма хат» эссесi жазушының ұлына ғана емес, тұтас қазақ жастарына арнап жазған хаты деуге болады. Туынды «дүниеге не үшiн келдiң, ұлтыңның келешегi үшiн не iстедiң?» деген мәселенi бала тәрбиесiнде арқау етiп қоюымен құнды саналды.

Қадiрмендi Бегман қария да немересi Айданаға сөз арнай отырып, ақыл-кеңесiн тұтас қазақ бойжеткендерiне бағыштайды. Қазақ арулары әрдайым абырой биiгiнен көрiнiп, жаман әдет, өрескел мiнез, жөнсiз iс пен жат пиғылдан абай болса екен дейдi. Қазына боп қартаюды ойлаған ұстаздың өмiрлiк ұстанымына тәнтi бола отырып, қазақтың әрбiр қариясы ұрпақ тәрбиесiне осылай алаңдайтын болса, ұл-қыздарымыз ұят деген асуды аттап өтiп, жағымсыз қылықтарға бармас па едi деген ойға қаласың.

Автор ақыл-кеңесiн құрғақ баяндамай, халқымыздың ғибраты мол тыйым сөздерiмен тұздықтап отырады. «Күн батқан соң қызды су әкелуге жұмсама», «Қызға құрық ұстатсаң да, малыңның түнгi күзетiне қойма» деген тыйым сөздер табиғаты нәзiк жаратылысты қаңқу сөз бен жат пиғылды аңдушыдан қорғап, сақтау ниетiнен туған. «Қыз – қазақтың бетiндегi ұяты, көңiлiндегi мияты». Бойжеткен намысы – ұлт намысы. Ел келешегi тектi қызға тәуелдi. Тектi қыздан тектi ұрпақ өрбидi» деген жолдар мақал-мәтелге сұранып тұрған тiркестер деуге болады.

Отыз тақырыпты қамтыған туындының әрбiр бөлiгiнiң көтерген жүгi салмақты. «Жатқа неге қор болдың, қарашығым?» атты тақырыпта автор жат елдiкке тұрмысқа шыққан қазақ аруларының қате қадамына наразылығын бiлдiредi. Ұлттық салт-дәстүрiмiзде қазақ қызын жат елдiкке тұрмысқа беру қорлық саналғанын баяндай келiп: «Жеңiлiске ұшыраған елдiң қызын күңдiкке әкетiп, ұлтты қорлау үрдiсi тарихта бар нәрсе. Қызды бұзу – ұлтты бұзу, қызды қорлау – ұлтты қорлау» деп кесiмдi сөзiн айтады. Осынау кесiр-кесепаттарға қарсы тұрып, халқымызды қорғап қалатын жалғыз нәрсе – ұлттың салт-дәстүрi екенiн тереңнен әңгiмелейдi. «Дастарқан басы – адамдардың бiр-бiрiне пейiлi, мейiр-шапағаты түсетiн киелi орын. Мұндай салт-дәстүрдi бiлмеген жанды қазақ қоғамында «тәрбиесiз, көргенi жоқ, көргенсiз» санаған. Халқымызды қалыптастырған – дәстүр өрнектерi, кәде-ғұрыптары, тұрмыс тiршiлiгiндегi ырым-тыйымдары, әдет-ишаралары, ортақ мұралары» дей келе қоғамдағы тәртiп, әрекеттердi тек заңмен реттеу мүмкiн еместiгiн ескертiп, «Заңға сыймайтын қатынастардың бәрi дәстүрмен реттеледi. Дәстүрдi заңнан да жоғары тұратын ұғым деп тану керек» деп шешiмiн айтады.

Сонымен, қазақ қызы кiмге қарап бой түзегенi жөн? Бұл орайда автор сақ дәуiрiндегi Тұмар (Томирис), Зарина, ХҮI ғасырда өмiр сүрген Сүзге ару, Әбiлқайыр ханның қызы Тойқараның ерлiктерiн мысалға келтiредi. Одан бергi дәуiрдегi белгiлi кинорежиссер Дариға Тыналина, ақын Фариза Оңғарсынова, желтоқсаншы Ләззат Асанованың ерлiк iстерiн баяндай отырып, намысы тұғырлы, рухы биiк арулардың өз мүддесiнен ел мүддесiн, өз бақытынан халқының бақытын жоғары қойғанын дәрiптейдi. «Қыз мiнезiмен көрiктi» тақырыбында қолдағы бақытты ұзағынан ұстап тұру да, не болмаса бақытсыздыққа ұшырау да мiнезге байланысты екенiн айта келiп жақсы мiнез ғұмыр бойы таусылмайтын жан азығы екенiн жеткiзедi. Бегман Ысқақтың өсиетнамасында дос таңдау, кiтапты өмiрлiк серiк ету, жар таңдау, қызғаныш, есеппен тұрмыс құру, әлеуметтiк желi арқылы танысу, ұрпақ жалғастыру, кәрi қыздар, қарттар үйiндегi бейбақтар мәселесi де кеңiнен қамтылған. Әрбiр қазақ қызы жүрiп өтуi тиiс ақылды бойжеткен, келiстi келiн, парасатты ана, кемеңгер кейуана секiлдi уақыт кезеңдерiнiң қыр-сырына жан-жақты тоқталып, мәндi де нәрлi мысалдармен өрнектеп, дұрыс бағыт-бағдар сiлтеуге ұмтылады.

Эсхил ғұламаның «Көп бiлген кiсi кемеңгер емес, бiлгенi елге көп пайда келтiретiн кiсi кемеңгер» деген өсиетiн бағдар ете отырып «Қызым, алған бiлiмiңдi Отаныңның, халқыңның, кiндiк қаның тамған туған жерiңнiң, қазағыңның көсегесiн көгерту үшiн жұмсасаң, өмiрiң ажарлы да базарлы болмақ. Ұлттық мүдде үшiн ешнәрседен тайсалмай қорғап, қолдап отырсаң, халқыңның сүйiспеншiлiгiне бөленесiң. Одан артық сый-сияпаттың қажетi шамалы» дейдi.

«Қызым, саған айтамын...» атты туынды –жалпы қазақ қыздарына арналған өсиетнама. Автор қазақ қыздарын бала жасынан ұлттың ұлы мұрасын, құндылықтарымызды әспеттеуге, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтауға, ұлтжанды болуға тәрбиелеудi алдына мақсат қояды. «Кiмде-кiм барған жерiнде судай сiңiп, тастай батамын десе осы кiтапты оқығаны дұрыс» деп шарт қояды.

Қане, қазақ арулары, «Қызым, саған айтамын...» кiтабы қолыңыздан түспейтiн өсиетнамаңызға айналсын!

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper