"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 325.2 -1.90   EUR: 397.13 -3.40   RUB: 5.74 -0.04   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ӘҢГIМЕ ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сенбі, 30 Желтоқсан 2017 20:44
ӘҢГIМЕ ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ, «Оңтүстiк Қазақстан».

2017 жыл газетiмiздiң Созақ және Бәйдiбек аудандарындағы меншiктi тiлшiсi Мақсат ҚАРҒАБАЙ үшiн жемiстi болды. Қаламының желi бар журналист алтыншы рет өткiзiлген «Алтын қалам – 2017» республикалық әдеби жүлдесiнiң «Жылдың үздiк прозасы» аталымын жеңiп алып, мәртебесi өстi.

Оқырмандарымызға Мақсаттың келе жатқан Ит жылына арнаған әңгiмелерiн ұсына отырып, қаламың ұшқыр, ойың ұтқыр болып, шығармашылық биiктерден көрiне бер деймiз.

 

ЖАҚСЫ ИТ...

Арланның иесi үйiн сатуға қойып, өздерi қалаға көшiп кеттi. Иесiз қалған иттiң жарытып ас iшпегенiне аптадан асты. Көшуге әрекет жасалып, көлiктер қақпадан енiп, заттар түйдек-түйдек теңге айналып, буыншақ-түйiншектер көлiкке артыла бастағанда ғана көшiрiсiп жатқандар байлаулы тұрған Арланға назар аударды.

Бiрi «босатып жiберейiк» десе, ендi бiрi «босқа қаңғыртқанша атып тастаған жөн шығар» дедi. Иттiң аянышты түрiн көрген көршiсi «жаңа иесi табылып қалар, обал-ды» дедi. Не керек, Арлан иесi өзiн қалаға әкетпейтiнiн анық түсiндi. Иесi «асыл тұқымды ит асырасам, керек болып қалар» деп мойнындағы қарғыбауын ағытып алды да, Арланды босатып жiбердi. Ит иесiн қимай көш артқан көлiктiң соңынан ауылдың шыға берiс қақпасына дейiн қапталдаса жүгiрiп отырды. Ақыры арқыраған көлiкке iлесе алмай жол бойында шоқиып ұзақ отырды. Осы сәтте Арланды жақын барып көрген пенде болса оның көзiндегi мұңға шыланған жасты байқайтын едi.

Содан берi орталықтағы базардың күл-қоқысын кезiп жүргенi. Iлуде болмаса ешкiм есiркеп нан, сүйек-саяқ тастай қоймады. Арлан таңғы елең-алаңда, кешкi апақ-сапақта көшеге шықпайтын болған. Өйткенi, бұл уақыттарда тарс-тұрс атылатын от қару асынған адамдар жүредi. Өткен жолы сондай жандарға кезiгiп, жамбасына оқ сүйкетiп алып, әзер аман қалған болатын. Ауық-ауық өздерi тұратын үйдiң қаңыраған жұртын айналып шығады. Үй әлi иесiз. Шарбақтың iргесiнен кiрiп шығатын тесiгi бар. Иесi көшерде көршiлерiне дайындап «алатын адам келсе, саудаласа бер. Бiзге хабарын айт!» деп кiлтiн де тапсырып кеткен. Арланның иесi қалаға көшiптi деген аты болмаса, қаланың шетiнде кәдiмгi ауылдағыдай жер үйде тұрады екен. Көшiп барғалы тiрлiгi өнбей, жұмысы керi кете берiптi. Жандары ашыған әркiм-әркiм оны маңдайдағы жазулы тағдырдан, қоғамнан, анадан-мынадан көрiп жұбатпақ та болыпты.

Ауылдан хабарласқан көршiсi:

– Сендер көшiп кеткелi ит үйге жан баласын жолатар емес. Ешкiмдi қауып немесе жұлмалап жатқан жоқ. Алайда, ырылдап, сес көрсетiп, үйге жақындатпайды. Әлгi иесiз ит-мысықтарды аулайтын мекеме жұмысшыларын шақырған мезетте Арлан iзiм-қайым жоқ болып кетедi. Тура бiр елес сияқты.Үйлерiң әзiр өтер емес, – дедi.

Осы сәтте Арланның иесiнiң санасына әлдебiр ұшқын ой сап ете қалды. Таңертеңгi шай үстiнде отбасы мүшелерiне қарап: «Үлкен бала келiнмен қалада қалсын. Қалғанымыз ауылға қайта көшемiз. Ырыс пен несiбенi, кие мен қазынаны жұртқа қалдырып кеткен кiнәнiң кiлтi өзiмiзде екен ғой» деген Арланның иесi елге бет алмаққа бекiндi.

Ауылдың ортасындағы қарашаңырақтың қақпасынан енгенде есiгiнiң алдында артық етi қалмай, арса-арсасы шығып, жүнжiп кеткен Арланды көрiп, «кешiр менi, қарашаңырағымның қазынасы, отбасы, ошағымның киесi» деп жылап жiберген иесi итiн қапсыра құшақтай алды. Сол түнi Арлан аула iшiнде қуаныштан арлы-берлi ұзақ шапқылады. Ертеңiне Арланды ешкiм де көре алмады. «Жақсы ит...».

 

ӨЗIМIЗДЕН КӨРЕЙIК

Ауылды жерде «жақын туысыңнан, ағайыннан күшiк, ит алып асырауға болмайды, итше ырылдасып қаласың» деген тыйым бар. Арқабай туысы Әндiрдiң үйiндегi ала шұбар дүректiң қос күшiгiн көрiп қызыға түстi. Алайда, әйелi Сусұлу әлгi тыйымды есiне салды. Оның үстiне өткен жолы Әндiрдiң өзi күшiктерiн қайта-қайта мақтап, Арқабайдың әуесiн келтiрiп «осы дүректiң күшiктерi төбет шығады. Себебi, итiм Бәйдiктiң Ақтырнақ атты төбетiнен қашқан» деген.

Бәйдiктiң Ақтырнағы – дене тұрқы есiк пен төрдей зор төбет. Ақыры Арқабай Әндiр туысқанының үйiне қайта-қайта барғыштап жүрiп қос күшiктiң бiрiн зып еткiздi. Күшiктi тез арада қойларын қосып бағатын Қоспан қойшының ауылына аттандырды. Күшiк жаз бойы қойлы ауылда еркiн жүрдi. Күзге салым Арқабай күшiктi ауылға алдырды. Бұл уақытта жалы күжiрейiп, тiсi ақсиып, бойы тарала өскен қоңқақ дүректi Әндiр түгiлi Арқабайдың өзi танымай қалған едi. Тура енесi сияқты ала шабыр дүрекке айналған. Ең нашар қасиетi, итаяғына жақындасаң, сирағыңнан ала түседi. Жуындысын қызғанып iшедi.

Жерге қар түсiп, соғым басталысымен қонақ шақырыс көбейдi. Әрине, туыс-ағайын, көршi-қолаң түгел шақырылды. Келген қонақтар астан кейiн тысқа тыныстауға шыққан. Қонақтардың бiрi шақшасын шертiп, екiншiсi шылымын шымшылап, әжiк-гүжiк әңгiмелесiп тұрған. Иттiң итаяғына Әндiрдiң қайдан жақындағанын кiм бiлсiн, ала дүрек қонақтың тiрсегiнен ала түсiптi. Ал, керек болса?! Алақұйын шабылыс басталды. Шұғыл шақырылған «жедел жәрдем» көлiгi Әндiрдi ауруханаға алып кеттi. Ертеңiне «қарғы бауы қайда?», «неге бос жiбересiздер?» деп полиция қызметкерi, одан «төлқұжаты қайда?», «вакцина егiлген бе?» деп ветврач келiп тұр. Шарадай басы шақшадай болған Арқабай ауданға барып құжат жинап, итiн таусылмайтын тексерiстерден өткiзiп жүргенiнде отыз күн өте шығыпты. «Несiн айтасың, кiсiнi құтырған ит қапса, отыз тоғыз күн өтiп, қырқыншы күнi құтырады екен» дегендi естiп, уайыммен күн санап жүрдi.

Отыз тоғыз күн өтiп, қырқыншы күнi таңертең Арқабай ұйқыдан ояна сала Әндiр туысының үйiне асыға жүгiрдi. Асыққанда жете алсашы? Есiгiнiң алдында қар күреп жүрген Әндiрдi көрiп «құтырмапты, құтырмапты!» деп туысын қуана құшақтай алды.

Содан берi Арқабай ағайын түгiлi алыстан ит алып асырамайтын болды. Иә, Алланың берген аз ғұмырында итше ырылдаспай, күшiкше шәуiлдеспей өткенге не жетсiн!

 

ӘКIМНIҢ ТӨБЕТI

Арқабайдың үйi тура ауыл әкiмiнiң үйiнiң қарсы қапталында орналасқан. Арагiдiк жұмысқа барар және қайтар жолда әкiммен кездесiп қалады. Өзге жақтан көшiп келген ауыл әкiмiнiң жүзi Арқабайға сұсты көрiндi. Алайда, амандасуы жақсы.

Арқабай күндегiсiнше бүгiн де жұмыстан кештеу шығып үйiне келе жатқан болатын. Қайдан тап болғаны белгiсiз, бiр нән қасқыр-ит тарпа бас салды. Екеуi арпалыса кеттi. Кәдiмгi дәу ойыншық аюдан аумайтын денелi төбеттiң май басқан денесi қопаң-қопаң етедi. Бiрақ, батырып жатқан тiсi жоқ. Бiр сәтте сасып қалған Арқабай иттiң кеудесiнен итергенде байқағаны – өзiне бас салған ауыл әкiмiнiң итi екен. Жерден тас алып қорқытпақ болған әрекетiнен қаймығатын ол жоқ. Керi шегiнiп барып бар денесiмен бас салмақ болған сәтiнде Арқабайдың Арланы жетiп келдi де, әлгi тайыншадай қасқыр-иттiң алқымынан ала сүйрей жөнелдi. Ойпыр-ай, шағын денелi Арланның мұншалықты ашуланғанын, тұла бойы толған күшi барын бұрын-соңды көрмеген Арқабай әп-сәтте абдырап қалды да, денесiн қан жуып кеткен әкiмнiң итiне арашаға ұмтылды.

Әрең дегенде екеуiн ажыратып алған Арқабай әкiмнiң итiн әупiрiмдеп ауласына кiргiзiп жiбердi. Әп-сәтте зор iс тындырып, иесiн қасқыр-иттен құтқарып қалған Арлан иесiнен мақтау естiп, басынан сипап, еркелететiнiне нық сенiп, Арқабайдың қасына келгенде кенеттен басына таяқ сарт ете қалды.

– Өй, оңбаған, басқа талайтын ит құрып қалғандай, әкiмнiң итiнде нең бар! Жоқ әлде, менi жұмыстан шығартып, құртпақпысың? Мен жұмыстан кетсем үйдегiлердiң халi не болмақ? Өзiңдiкi не болмақ? Iшерге ас, киерге киiм таппай қалсам, саған жуындыны қайдан беремiн? Соны ойладың ба, ақымақ! – деп, таяғымен қақ басынан қайта тартып жiбергенде Арлан байғұс үйшiгiне зып бердi.

Иесiне адалдық танытқан иттiң не жазығы бар едi? Кейде адамдардың арасында адалдыққа қиянат жасалып, сол қиянаттың құрбаны болған сәтте жаныңды қоярға жер таппасың анық.

Түнiмен шамы жанып тұрған бөлменiң терезесiнен көзiн алмаған шынжырдағы Арлан да шынында «адамдар арасындағы заңдылықты» түсiнбеген едi.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper