"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ТҮЛКIБАС – ҚҰТТЫ МЕКЕН

Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 10:23
ТҮЛКIБАС – ҚҰТТЫ МЕКЕН

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерiлген мәселелердi басшылыққа алған «Туған жер – алтын бесiгiм» облыстық фестивалiн бұл жолы Түлкiбас ауданының зиялы қауым өкiлдерi, құрметтi азаматтары мен өнерпаздары жалғастырды. Табиғаты көркем, ауасы таза, жемiсi ерекше ауданның әкiмшiлiгi Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап Шәмшi гүлзарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесiн ұйымдастырды. Жәрмеңкеге ауданда өндiрiлетiн табиғи таза сүт өнiмдерi, қоспасыз жемiс-жидек сусындары, түрлi көкөнiстер қойылды. Әсiресе, қалалықтар оңтүстiктiң брендi саналатын Түлкiбастың жоғары сортты алмалары мен жүзiмдерiн «пышақ үстiнен» алып кетiп жатты. Өнiмдердiң бағалары күнделiктi базар нарқынан әлдеқайда төмен, қолжетiмдi.

 

Осы күнi түлкiбастықтар бiрнеше мәдени iс-шара өткiздi. Облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кiтапханасында «Туған жерге туын тiккен қаламгерлер» атты кездесу кешi аудан топырағынан түлеп ұшқан ақын-жазушыларға арналды. Жиынға «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы Мархабат Байғұт, сатира сардары Алпысбай Боранбайұлы, Шынарбек Үсiпбайұлы, Мұхтар Шерiм сынды қаламгерлер және өзге де зиялы қауым өкiлдерi қатысты. Кездесуде Түлкiбас ауданы әкiмiнiң орынбасары Жанар Бектаева сөз сөйлеп, келген қонақтарға ризашылығын бiлдiрдi. Жазушы М. Байғұт қазiргi жастардың бойында кiтапқа құмарлық қасиеттiң кемшiндiгi туралы келелi ой айтса, кiтаптарын ел аралап сататын Алпысбай ақын рухани жаңғыруды әркiм өзiнен бастау керектiгiне тоқталды. Кешке келген оқырмандар көптен берi көкейлерiнде жүрген ауданның «Түлкiбас» атауының неге «Түркiбасы» деп аталмай жүргенiн сұрады. «Бiз де бұл мәселенi көптен берi көтерiп жүрмiз. Алдағы уақытта шешiмiн табатынына сенiмдiмiз» дедi айтулы азаматтар. Аудан әкiмшiлiгi атынан оларға сый-құрмет көрсетiлдi.

Түлкiбастық өнерпаздардың қатысуымен облыстық әзiл-сықақ және сатира театрында Мұхаммед Ахмад Қанғамның «Жұбайлар шаттығы» атты спектаклi қойылды. Бүгiнгi өзектi тақырыптардың бiрi ерлi-зайыптылардың арасындағы өзара сыйластық, бала тәрбиесi отбасындағы жағдайға байланысты өрбитiнi рас. Аудандық өнер ұжымы осы тақырыпты қозғаған пьесаны нанымды шығарып, кейiпкерлердiң образын шынайы сомдап, көрермендердiң қошеметiне бөлендi. Орталық саябақтағы түлкiбастық жастардың қатысуымен ұйымдастырылған көңiлдi тапқырлар клубының өнерi қалың көпшiлiктi риза еттi.

Мазмұнды көрсетiлiмнiң бiрi – қоғам қайраткерi Тұрар Рысқұлов жайында көрсетiлген фильм дер едiк. Аталмыш шығарманы тарихи тұлғаның көркем кестеленген өмiр жолы деп қабылдады көрермен қауым.

Шымкенттiктер осы күнi Шәмшi гүлзарында қолөнер шеберлерi жасаған бұйымдардың көрмесi мен ұлттық спорт ойындарына куә болып, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптар арқау болған сахналық қойылымды тамашалады.

Iс-шара барысында зиялы қауым өкiлдерi ұлы композитор Шәмшi Қалдаяқовтың ескерткiшiне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсеттi.

– Бiздiң аудан құтты мекен. 26-дан астам түрлi ұлт өкiлдерi тұратын аймақта бiрлiгiмiз берiк, достығымыз адал. Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында өткiзiлген мерекелiк мәдени шаралардың басты мақсаты – халықтың рухын көтерiп, туған жердi түлету арқылы ұлттық салт-дәстүрлердi жаңғырту, насихаттау, – деген аудан әкiмi Нұрбол Тұрашбеков қала жұртшылығына разылығын бiлдiрдi.

Түлкiбас ауданының өнерпаздары бұл күнi бiрнеше жанр бойынша өнер көрсетiп, тыңдармандарын тамсандырып, көпшiлiкке көтерiңкi көңiл-күй сыйлады. Фестиваль соңы гала-концертке ұласып, отшашумен аяқталды.

А.ЖАХИЯҚЫЗЫ.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper