"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ЕСКЕРТКIШТЕ ҮЛКЕН МӘН БАР...

Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 10:22
ЕСКЕРТКIШТЕ ҮЛКЕН МӘН БАР...

 

Өмiрзақ АҚЖIГIТ. «Оңтүстiк Қазақстан».

Жақында Шардара қаласына кiреберiсте арба мен құмыраға ескерткiш орнатылыпты. «Онда тұрған не бар?» дерсiз... Мәселе «шардаралық арбаның» да, бұдан бiраз жыл бұрын облыс орталығынан Сайрамға шыға берiске қойылған «шымкенттiк арбаның» да халық арасында «Қоқан арба» аталған, дөңгелегi үлкен арба екендiгiнде. Ал, «қоқан» сөзi күнгей қазағына «Қоқан хандығын» еске түсiредi, ол оның жадында қатыгездiктiң, «қыз салығын» салудың символы болып қалған. Бiр сөзбен айтқанда, бүгiнде Шымкент пен Шардарада ескерткiш болып тұрған арбалар қазақ арбасы емес, Қоқанның арбасы...

 

Ендеше, елiмiзде бүгiнгi таңда Президентiмiз Н.Назарбаевтың бастауымен «ұлттық жаңғыру» үдерiсi жүрiп жатқан кезде, басқыншылықтың бiр көрiнiсiн тiрiлткенiмiз қалай болады? Арбаға ескерткiш қойғымыз келсе ұлттық төл құндылығымызға – қазақы арбаға неге ескерткiш қоймаймыз? Ең алғашқы арбаның бұдан 6 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен қазақ даласында дүниеге келгенi ғалымдар үшiн даусыз мәселе. Даусыз болатын себебi – қазақ даласы әлемдiк металлургия ошағының бiрi, бабаларымыз алғашқылардың бiрi болып осы жерде қола мен темiр балқытуды игерген. Ол дәуiр ғылымға Әлкей Марғұлан атамыздың ширек ғасырлық ерен еңбегiнiң арқасында Сарыарқадағы темiр кен орындарының атауымен «Бегазы – Дәндiбай мәдениетi» болып енген. Қосымша дәлел iздейтiн кiсiлер болса – «шынайы тарих – қазба тарих» деп Әлкей атамыз ескертiп кеткендей, даламыздағы тастарда қашалып қалған арба суреттерi аз емес. Осы жауынгерлiк арбамен ата-бабаларымыз Мысыр мен Қытайға дейiн барған. Одан берiдегi орта ғасырларда бай-бағландар үстiне киiз орнатылған төрт дөңгелектi арбамен көшiп жүретiн болған. М.Мағауиннiң «Аласапыран» романында осындай арбалар кеңiнен суреттеледi. «Қыз-Жiбек» лирикалық эпосындағы «Қыз-Жiбек мiнген күймесiн, күймеге таққан түймесiн» деген өлең жолдарды есiтпей өскен қазақ кемде-кем шығар. Сол күйме бүгiнгi таңда да жас жұбайлар тойына қызмет етiп жатыр.

Адамзат өркениетi үшiн жылқыны қолға үйрету, қола мен темiр балқытуды меңгеру, сондай-ақ арбаны ойлап шығару – өз заманындағы озық ой мен терең бiлiмнiң теңдессiз үлгiсi. Осы үш құндылығымызды айтып қанша мақтансақ та, оларға қанша ескерткiш қойсақ та жарасады, ешкiм бiзге «мынауың артық!» дей алмайды. Дұрысы – ескерткiш қоюға мiндеттiмiз. Ежелгi ата-бабаның шынайы жетiстiгiн тиiстi деңгейде насихаттай, дәрiптей бiлу, сол арқылы бүгiнгi өскелең ұрпақты бiлiм мен техниканы игеруге үгiттеу, жетелеу – нағыз «ұлттық жаңғыру» осылай iске асатын болса керек.

Иә, арба жайлы айтар сөз көп, ағайын...

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper