"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


«ҚАЗАҚ БАЛАСЫ ҚАЖЫМҰҚАНҒА ЕЛIКТЕСIН»

Сенбі, 09 Қыркүйек 2017 13:59
«ҚАЗАҚ БАЛАСЫ ҚАЖЫМҰҚАНҒА ЕЛIКТЕСIН»

 

«Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмiнiң тұсаукесерiне қатысқанымызда Оңтүстiк өңiрiнiң шын мәнiнде анимациялық фильмдер отаны екенiне тағы да бiр рет көз жеттi. Облыстық iшкi саясат басқармасының басшысы Б.Төлеген туындының жас ұрпақты тәрбиелеудегi маңызына тоқталып, аниматорларға шығармашылық табыс тiледi. ЭКСПО–2017 халықаралық мамандандырылған көрмесi кезiнде астаналықтар мен қонақтар «САҚ» киностудиясы түсiрген 25 минуттық анимациялық фильмдi ерекше әсермен тамашалапты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға орай облыс әкiмi Ж.Түймебаевтың тапсырысымен жасалған фильм халқымыздың мақтанышына айналған тарихи ұлы тұлға Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмiрiн көпшiлiкке таныстыруды мақсат етiптi.

 

Фильмге балуанның дүниеге келуiнен бастап қызықты балалық шағы, ер жетiп, ел аузында қалған ерлiктерi және әлемдiк ареналарда ең мықты деген балуандарды жеңгенi арқау болған. Күш атасы кешегi Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ халқының болашағы үшiн ел аралап, өнер көрсетiп, содан түскен қаржыға әскери ұшақ жасатып, оны майданға жiбергенi де кеңiнен баяндалған.

Заманауи 2D форматта жасалған анимациялық фильмнiң бас суретшiсi Азамат Ерназаров, ал, композиторы Руслан Шынықұлов. Анимациялық фильмнiң режиссерi Батырхан Дәуренбеков.

– Қазақ балаларының шетелдiң тәрбиелiк мәнi жоқ Том мен Джерри, Спанч-Боб, Доро мен Диего, Аю мен Маша секiлдi мультфильмдерiне қызығуының қажетi жоқ. Қазақ балалары көруi тиiс ұлттық сипаттағы мультфильмдердi бiздiң «САҚ» киностудиясы жасап шығарып жатыр. Балалар Қажымұқанға елiктеп, патриот болып өсуi үшiн сценарий авторы әрi продюсерi Бақытжан Құлжабаев екеумiз балуанның жас кезiндегi оқиғаларын көбiрек қамтуға тырыстық. Мәселен, балуан 15 жасында шанаға шөп артып келе жатқанында екi өгiздiң бiрi зорығып құлайды. Зорыққан өгiздi шанадағы шөптiң үстiне жайғастырған жас балуан шананы өзi сүйрейдi. Кешегi соғыс жылдары егде жасына қарамастан ауыл-ауылды аралап, цирк өнерiн көрсетiп, жиналған қаржыға ұшақ сатып алып, майданға жiберуi – ұлтжандылық пен елжандылықтың нағыз үлгiсi. Елбасы айтқан жаңа қазақстандық патриотизмнiң бұдан артық көрiнiсi болмаса керек. Оның үстiне бұл фильм балалардың салауатты өмiр сүру салтына қызығушылығын арттырады, – дейдi фильм жайлы ойын бөлiскен режиссер Батырхан Дәуренбеков.

Фильмнiң Астанада өткен тұсаукесерiне қатысқан облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кiтапханасының директоры Күлия Айдарбекова:

– Оңтүстiк Қазақстан облысына «Анимациялық фильмдер отаны» деген статус әлдеқашан берiлуi тиiс едi. Мен мұны асыра айтып отырғаным жоқ. Бұл қазақ елi мойындауы тиiс ақиқат. «САҚ» киностудиясының батыр жүректi бабамыз Қажымұқан жайлы түсiрген фильмiн көрiп, кеудемдi мақтаныш сезiмi биледi. Елбасының мақаласындағы ұлттық код, рухани жаңғыру, ұлттық тәрбие деген мәселелердi осы дүниеден молынан кездестiресiз. Фильмдi балалар ата-аналарымен бiрге отырып көруi керек, өйткенi, бұл отбасылық фильм. Алдағы кезде Қажымұқан туралы сериал түсiрудi қолға алуға тиiспiз. Сонда ұлдарымыз қыздар секiлдi сырға тағуға қызықпай, батыр тұлғалы Қажымұқанға елiктейдi. Ел iшiнде Қажымұқан есiмiн иеленген балақайлар көбейер едi, – деп пiкiр бiлдiрдi.

Тұсаукесерге қатысқандар «Қалқанқұлақ» қиял-ғажайып телехикаясын да тамашалады.

Үмiтхан АЛТАЕВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper