"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 340.11 0.00   EUR: 407.93 0.00   RUB: 5.91 0.00   


БIЗ КIТАПТАН АЛШАҚТАП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ БА?

Сенбі, 09 Қыркүйек 2017 13:54
БIЗ КIТАПТАН АЛШАҚТАП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚПЫЗ БА?

 

Үмiтхан АЛТАЕВА, «Оңтүстiк Қазақстан».

«Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалында партия жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесiнiң кезектi отырысы «Кiтапхана жұмысына жаңа технологияларды ендiру және ақпарат кеңiстiгiн дамыту» тақырыбында өттi. Мәжiлiстi кеңес төрағасы, облыс әкiмдiгi жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық кеңесiнiң хатшысы Мархабат Байғұт жүргiздi.

 

«Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кiтапханасының директоры Күлия Айдарбекова облыс кiтапханаларының бүгiнгi хал-ахуалын көпшiлiкке баяндап бердi. Облыстағы 423 кiтапханада

7 миллионнан астам кiтап қоры бар. «Отырар» кiтапханасының сирек кiтаптар бөлiмiнде 3460 кiтап болса, оның 22-сi ХIХ ғасырға тиесiлi қолжазба екен. Соңғы кездерi демеушiлердiң көмегiмен бiрқатар залдар ашылған. Дегенмен, материалдық-техникалық базаны нығайтып, өркениет талабына iлесу үшiн кiтапхана RFID заманауи технологиясымен қамтамасыз етiлiп, жеке баспаханаға қол жеткiзуi керек. Сондай-ақ, облыс орталығындағы кiтапханалардан балалар бөлiмi ашылса, ол жеткiншектердiң кiтапқа қызығушылығын арттырған болар едi.

ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрайымы, «Шымкент келбетi» – «Панорама Шымкента» газеттерiнiң директор-бас редакторы Айгүл Қапбарова жас ұрпақ үшiн кiтап оқудың маңыздылығы жайлы ойларымен бөлiстi. Өркениет көшiнiң алдыңғы легiндегi Жапония, АҚШ сияқты елдерде соңғы кезде қағаз кiтаптардың жаңа «бумы» басталыпты. Теледидары мен интернетi дамыған бұл елдерде кiтап шығару және оны оқу мәдениетi әбден қалыптасқан. Олардың мектептерiндегi ең басты тәрбие – баланы кiтап оқуға қызықтыру! Америкалықтар да, еуропалықтар да кiтап саудасына ерекше құрметпен қарап, аса ардақты кәсiп санайды. Айгүл Жарылқасынқызының айтуынша, кеңес өкiметi кезiнде елiмiзде 1500 кiтап дүкенi болса, бүгiнде аудан орталықтарынан кiтап дүкенiн табу қиынның қиыны. Көршi Ресейде 500 адам тұратын ауылда бiр кiтапхана болуы керек деген заң жұмыс iстейдi. Кiтап қоры жөнiнен елiмiз әлем бойынша 41-орында тұр, яғни мың адамға 249 кiтаптан келедi екен. Әйтсе де, сол кiтапты оқитын адамды қайдан табамыз? АҚШ дәстүрге енгiзген «Бiр ел – бiр кiтап» акциясын науқандатып өткiзгенiмiзбен, сол кiтапты кiтапханасы жоқ ауыл адамдары тауып оқи ала ма?

Алқалы жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрмахан Жолдасов айтылған ұсыныстар мен пiкiрлер бойынша хаттама толтырылып, ол партияның орталық аппараты мен республикалық жұмысшы сараптамалық тобына жолданатынын мәлiмдедi.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper