"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ЗУБИН МЕТА: «БҰЛ САПАРДЫ ЕШҚАШАН ҰМЫТПАЙМЫН»

Бейсенбі, 07 Қыркүйек 2017 11:47
ЗУБИН МЕТА: «БҰЛ САПАРДЫ ЕШҚАШАН ҰМЫТПАЙМЫН»

 

Дирижер әрi танымал музыкант Зубин Мета жуырда Түркiстан қаласында болды. Өнер қайраткерiмен бiрге ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы да киелi шаһарға арнайы ат басын бұрды.

 

Зубин Мета мұның алдында ЭКСПО–2017 көрмесiне қатысқан. Ла-Скала театры қазақстандық көрермендердiң назарына Джузеппе Вердидiң «Фальстаф» операсын және Л.Бетховеннiң симфониясын ұсынуды жоспарлаған. Осы мақсатта ТМД елдерi арасында тұңғыш рет Астана қаласына табан тiреген Зубин Мета Түркiстан қаласына арнайы келiп, сәулет өнерiнiң озық үлгiсi, рухани мұра Қ.А.Ясауи кесенесiн тамашалады.

Белгiлi өнер иесiн зор қошеметпен қарсы алған түркiстандықтар мәртебелi меймандарға ұлттық дәстүрмен жөн-жоралғы жасап, ерекше құрмет көрсеттi. Түркiстан қаласының әкiмi Әлiпбек Өсербаев қадiрлi қонаққа ыстық ықыласын жеткiздi. Зубин Метаға шапан жауып, қазақтың қыл қобызын тарту еттi. Қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Ж.Әзiретбергенұлы музыка әлемiнiң көрнектi тұлғасына барша Түркiстан халқының сәлемiн жолдап, мол шығармашылық табыс тiледi.

Сапар Қ.А.Ясауи кесенесiмен танысуға ұласты. Зубин Мета журналистерге берген сұхбатында қазақ халқының дүниетанымына, рухани мұраларға деген құрметi мен қонақжайлылығына ерекше таңданысын жеткiздi. Сондай-ақ, ол «Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел басқарудағы кемеңгерлiгi маған айрықша әсер еттi. Аз уақыт iшiнде сәулеттiк келбетi әлемнiң өзге қалаларына ұқсамайтын Астанадай қала тұрғызып, жас мемлекеттi өркениетi биiк, әлеуетi жоғары елге айналдырғаны айқын сезiлiп тұр. Қазақстанға, оның iшiнде Астана қаласына жасаған сапарым мен үшiн ұмытылмастай әсер сыйлады. Ал, Түркiстан қаласы мен оның қонақ келсе құшағын кең жаятын дархан пейiлдi тұрғындарын мен ешқашан ұмытпаймын. Барған жерiмде қазақ елi туралы айта жүретiн боламын» дедi. Әйгiлi музыкантпен бiрге келген жұбайы Ненси Мета: «Мен Қазақстанға келгенге дейiн бұл ел туралы мүлде басқаша көзқараста едiм. Мiне, осы сапарда Н.Ә.Назарбаев басқаратын Қазақстан мемлекетiнiң өркендеп, өсiп келе жатқанын және халқының болашаққа деген сенiмiнiң нық екендiгiне көз жеткiздiм» деп өзiнiң жүрекжарды лебiзiн бiлдiрдi.

Сапар соңында ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Қазақстанға әлемге аты мәшһүр Зубин Метаның келуi – үлкен мәртебе. Сонымен бiрге, Ла-Скала театры қазақстандық көрермендердiң назарына ұлы композиторлардың мәңгiлiк туындыларын ұсынуы елiмiздiң өркениеттi елдер қатарында айтарлықтай белеске көтерiлгенiн байқатады. Елбасымыздың ұлттық өнерге, мәдениетiмiзге деген қамқорлығы қонақтарымызды да бей-жай қалдырмады. Өнердiң биiк шыңын бағындырған Зубин Мета мырза да ұлтымыздың өнерге деген құрметiнiң жоғары екендiгiн айтты. Ол Түркiстан қаласына жасаған сапарында құнды мұраларымызға ерекше қызығушылық танытып, халқымыздың дүниетанымының кең екендiгiне тағы бiр көз жеткiздi» деп тұжырым жасады.

Әбдiрахман ҚЫДЫРБЕК, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper