"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


МӘРТЕБЕМIЗ АСҚАҚТАП ҚАЙТТЫҚ

Бейсенбі, 07 Қыркүйек 2017 11:46
МӘРТЕБЕМIЗ АСҚАҚТАП ҚАЙТТЫҚ

 

Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кiтапханасының бiр топ қызметкерi ЭКСПО–2017 көрмесiн тамашалап, елге ерекше әсермен оралдық. Осы уақытқа дейiн халықаралық көрменi тамашалауға әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен миллиондаған шетелдiк қонақтар мен отандастарымыз келiптi. Көрменiң аяқталуына аз уақыт қалғанымен, халық нөпiрiнiң сирейтiн түрi байқалмайды.

 

ЭКСПО–2017 халықаралық мамандандырылған көрмесi – Қазақстанның әлем алдындағы мәртебесiн өсiрiп, мүмкiндiктерiн паш ететiн маңызы зор жоба. Елiмiз Орта Азияда бiрiншi болып өткiзiп отырған халықаралық көрме «Болашақ энергиясы» тақырыбын иемденiптi.

Көрменi тамашалауды елiмiздiң Ұлттық павильоны орналасқан «Нұр Әлем» нысанынан бастадық. Бiрiншi қабатта халқымыздың салт-дәстүрi, мәдениетi және тарихымен, «Болашақ энергиясының» үздiк үлгiлерiмен таныстық. Сегiз қабатты ғимараттың әр павильонында қазақстандық өнертапқыштар ұсынған жаңалықтарды тамашалап, ерекше әсер алдық. «Болашақ Астана» павильонынан бес бағытта дамыған Елорданың 2050 жылғы моделiн көруге болады. Ал, Планетарийде ғаламның эволюциясы бейнеленген. Энергияның шығарылуы, ғаламның кеңеюi мен күн жүйесiнiң қалыптасуы ғажап көрiнiспен айшықталған.

ЭКСПО-да әрбiр мемлекет қонақтарды өздерiнiң инновациялық өнiмдерiмен, мәдениетiмен, шоуларымен таң қалдыруға тырысты. Германия павильонындағы «Энергетикалық шоу» келушiлердi бей-жай қалдырмады. Алдын-ала таратылған арнайы құралды дөңгелек үстелге бiрдей етiп орнату керек. Сонда әлгi құралдар арқылы зарядталған жарық импульстерiне түрленiп, керемет лазерлiк шоу көрсетiледi. Ұлыбритания сегiз жыл бойы тоқтаусыз жанып тұратын электр шамдарымен есте қалса, Қытай Халық Республикасының «Болашақ энергиясы жасыл Жiбек жолы» тақырыбындағы павильоны көпшiлiктi таң қалдырды. Ауада iлiнiп тұрған отты шар павильонның негiзi iспеттi.

Ресей павильонына кiрген көрме қонақтары мәңгiлiк мұзды мекен – Арктикаға келгендей әсерде болады. Арктиканың қалыңдығы төрт метрлiк мұз сеңiн екi жылда түзiп, оны арнайы контейнермен тасымалдап әкелiптi. Сонымен қатар Өзбекстан павильонындағы күн сәулесiмен жүретiн автокөлiктi қызықтаушылар көп болды. Үндiстан мен Африка елдерi де өздерiнiң баламалы және жаңартылған энергия көздерi саласындағы ең үздiк өнiмдерi мен технологияларын әкелiптi.

Тарихи мәнге ие ЭКСПО–2017 халықаралық мамандандырылған көрмесi аясында тамыздың 29 жұлдызы мен қыркүйектiң 3 күндерi аралығында Астана қаласында өткен Оңтүстiктiң мәдениет күндерiне күнгей өлкенiң тарихи құндылықтары, ерекше мәдени келбетiн дәрiптейтiн ең көрнектi жәдiгерлер, 40-тан аса концерттiк бағдарлама, түрлi iс-шаралар астаналықтар мен шетелдiк қонақтарды тәнтi еттi.

«Этноауыл» ұлттық мәдени кешенiнде Раушан Бапанова, Ғалия Қарабаева, Бағланбек Желдiбай, Мұхамаджан Икрам сынды Оңтүстiк өңiрiнiң қолөнер шеберлерiнiң туындылары қойылған «Құтты өлке қолөнерi» атты көрменi тамашаладық. «Оңтүстiк өнiмдерi» атты тауар көрмесiн тамашалап болған соң кешке қаланың көрнектi жерлерiн араладық. Оңтүстiк Қазақстан облысы өнер шеберлерiнiң «Сәлем, Астана! Сәлем, ЭКСПО–2017!» атты мерекелiк концертi «Бәйтерек» алаңын өнер мерекесiне айналдырғанының куәсi болдық.

Астананың әсем келбетiне көзiмiз тоймай, «20 жылда осыншалықты жауһар қала тұрғызу мүмкiн бе?» деп риза болдық. Алып шаһардың қазақ елiнiң нағыз астанасына айналып, дамып келе жатқанына қуанып, Елбасының елiмiздi өркендету жолындағы ерен еңбегiнiң жемiсiн сезiндiк.

Күлия ТIЛЕНШИЕВА, А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кiтапханасының қызметкерi.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper