"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ЭКОНОМИКАМЫЗ БЕРIК, ТЕҢГЕМIЗ ТҰРАҚТЫ

Сейсенбі, 05 Қыркүйек 2017 11:08
ЭКОНОМИКАМЫЗ БЕРIК, ТЕҢГЕМIЗ ТҰРАҚТЫ

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Аймақтық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР «Ұлттық Банкi» ОҚФ РММ директоры Ә.Ботанбеков 2017 жылдың осы кезеңiндегi қаржы нарығындағы жағдай туралы баяндап бердi.

 

Оның айтуынша, жылдық инфляция болжамды 6-8 пайыз аралығынан жылжымай, 7,1 пайызға тұрақтаған. Бiрақ өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда бiрнеше есеге төмендеген. Инфляцияның азаюы теңге құнының жоғарылағанын көрсетедi. Соның арқасында базалық мөлшерлеме, яғни «Ұлттық Банктен» екiншi деңгейлi банктерге берiлетiн несие мөлшерлемесi 10,25 пайызға төмендетiлдi. Былтыр бұл көрсеткiш 19 пайыз шамасында болған едi. Сонымен бiрге, банктен алған қарызын өтей алмай, несие төлеу кестесi қайта қарастырылған борышкерлер үшiн де «Ұлттық Банк» тарапынан пайыздық жеңiлдiктер жасалды. Яғни бұрын жоғары пайызбен несие алғандар Ұлттық Банк белгiлеген базалық мөлшерлеме аясында қарызын төмен пайызбен қайтаратын болады.

Баяндамашы өз сөзiнде теңге бағамы қаржы нарығында ұсыныс пен сұраныс арқылы реттелетiнiн жеткiздi. Сондықтан бүгiнгi таңда теңгенiң долларға шаққандағы нақты құны 25 тамыздағы мәлiметке сәйкес, 331 теңге 22 тиынды көрсетiп отыр. Тiптi, жыл басынан берi ұлттық валютамыз 0,2 пайызға нығайған. Соның нәтижесiнде қазiргi уақытта өз ақшамызға деген халықтың сенiмi күшейiп, депозиттегi салымдарын өзге валютадан гөрi теңгелей сақтағанды дұрыс көруде. Былайша айтқанда, салымшылар депозиттерiне ақшаны теңге түрiнде салуда. Сондай-ақ, Ә.Ботанбеков күзге қарай теңге бағамы көтерiледi, кейбiреулердiң 1 доллар 450 теңгеге қымбаттайды деген болжамын жоққа шығарды. Оның айтуынша, теңгенiң мұншалықты құлдырауына ешқандай негiз жоқ. Ал, қоғамның дүрлiгуiне мәселенiң байыбына бармай жатып ақпарат беруге асыққан кейбiр жаңалыққұмар бұқаралық ақпарат құралдары кiнәлi дейдi.

Брифингте Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесiндегi өзгерiстер жайлы да әңгiме қозғалды. Баяндамашы зейнетақы қорындағы ақшалар отандық қаржы нарығында айналымда жүргенiн мәлiмдедi. Себебi, қаржы заңдылығы бойынша қаражат бiр жерде сақталып тұра бермеуi керек, ол көбейiп иесiне пайда әкелуi тиiс. Бүгiнде БЖЗҚ активтерiн басқару шетелдiк компаниялардың еншiсiне берiлiп жатыр. Мұндағы мақсат--Қор жұмысын ұтымды үйлестiрiп, қазақстандықтардың ертеңгi зейнет жасында қамсыз өмiр сүруi үшiн жинап жатқан ақшаларының тұрақты түрде өсiп отыруына жағдай жасау.

Сонымен бiрге, Ә.Ботанбеков кейбiр азық-түлiк өнiмдерiнiң бағасы шамалы арзандағанын, есесiне өзге тауарлар мен ақылы қызмет түрлерiнiң бағасы көтерiлгенiн атап өттi. Және банктер тарапынан қарапайым халық пен бизнес өкiлдерiн несиелеуде де бiраз белсендiлiктiң бар екендiгi байқалатынын тiлге тиек еттi. Бұл, экономика саласының бiрте-бiрте жанданып келе жатқанын көрсетедi.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper