"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ЕЛ ЖАҒДАЙЫН ЖОЛЫНА ҚАРАП ТАНЫ!

Сенбі, 26 Тамыз 2017 16:07
ЕЛ ЖАҒДАЙЫН ЖОЛЫНА ҚАРАП ТАНЫ!

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Әлемдi шарпыған қаржылық дағдарыстарға, экономикалық қиындықтарға қарамастан елiмiзде жол құрылысы бiр сәт те тоқтаған емес. Қазiр Қазақстан шығыстағы көршiсi Қытаймен және Ресеймен бiрлесiп ежелгi Жiбек жолы бағытын қайта жаңғыртуға кiрiсiп жатыр. Осыған байланысты аспанасты елiнен тiкелей Еуропаға құрлық арқылы ең ұзын автомобиль жолы салынуда. Оның едәуiр бөлiгi Қазақстан арқылы өтедi. Елiмiздегi жол құрылысы саласының жандануына, мiне, осы жағдай түрткi болды. Тек бұл ғана емес, сонымен бiрге, Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы да айналасына тегiс шуағын шашқан күн шұғыласы секiлдi Астананы бүкiл өңiрлермен бiрдей жалғайтын көлiктiк байланыстарды жақсартуға жол ашты. Осының нәтижесiнде облыста жол құрылыстары қарқын алып, елдi мекендер арасындағы көлiктiк қатынас бұрынғыдан да жақсара түсуде. Жолдың салынғаны жақсы, әрине, бiрақ оның сапасы қандай дәрежеде? Құрылыс жұмыстары бекiтiлген кестеден қалып келе жатқан жоқ па? Мiне, осы сауалдарға жауап iздеу мақсатында облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы жол апталығының аясында журналистерге арнап баспасөз турын ұйымдастырды. Онда мамандар бүгiнде салынып жатқан жолдардың құрылысымен таныстырып, бұл салаға қатысты өзге де нысандарды аралатты.

 

Бүгінгі таңда өңірдегі облыстық ма­ңызы бар бірнеше автомобиль жолдарында құрылыс жұмыстары бір сәтке де толастамай тұр. Соның бірі «Шымкент–Қызыләскер–Түйетас» автомобиль жолы. Ол жол «Алматы–Ташкент» тасжолы мен Шымкент қаласы Бәйдібек би көшесі қиы­лысындағы айналмадан басталады. Сөй­­тіп, Бозарық тұрғын алабынан өтіп, «Ба­тыс Еуропа–Батыс Қытай» халықара­лық кө­лік дәлізінің жолайрығына барып бір-ақ түйі­седі. Осы жолдың 3,9-шақырымында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізі­луде. Нысан пайдалануға берілген кезде Шымкент қаласының солтүстік бөлігін халықаралық көлік дәлізімен жалғайтын және Сайрам, Бәйдібек, Созақ аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын негізгі жолға айналады.

Көлік қатынасындағы бұл күретамыр­дың 4,9–6,15 шақырымы аралығында да құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Шымкент–Қызыләскер–Түйетас» бағы­тын­дағы жолдың жоғарыда аталған бөлігін биыл аяқтау көзделсе, Сайрам ауданына кіретін аумағын пайдалануға беру келесі жылға қалдырылды.

Облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 837 шақырым. Оның 420 шақырымы үш бағытқа бөлінген халықаралық «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» көлік дәлізіне тиесілі. Енді осы аталған бағыттардағы құрылыстарды қысқаша талдап өтсек.

Алғашқы бөлігі – «Шымкент–Қы­зыл­орда» бағыты. Бұл көлік дәлізінің 69-шақырымында ақаулар пайда болса, 55-шақырымының бір жағы көлік қозғалысы үшін жабылған. Ақауларды қалпына келтіру ісі биыл қыркүйек айында бітуі тиіс. Екінші бөлігі – «Шымкент–Тараз» бағыты. Бұл нысан 2 учаскеге бөлінген. Соның алғашқысында табылған ақауларды мердігер мекеме «Синохайдро корпорациясы» өзі қалпына келтіруде. Екінші учаскеде 4 жол айрығы, 3 кіші көпірдің және Шақпақбаба асуындағы жерасты өткелінің құрылыстары тоқтап тұр. Нысандарды биыл пайдалануға бере алмау қаупі бар. Осыған байланысты құрылысты жүргізген мердігер компания­мен түзілген арадағы келісімшарт бұзыл­ды. Халықаралық көлік дәлізінің үшінші «Шымкент–Ташкент» бағыты да 3 учас­кеге бөлінген. Бірінші учаскеге кіретін жолдың Қазығұрт ауданы Сауыншы ауылы тұсындағы оң жақ бөлігі отырып, жарықтар пайда болған. Мұнда да қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған. Екінші учаске бойынша су өткізетін құбырлар төселіп, жолөтпелердің және кіші көпір­лердің құрылысы аяқталуға жақын қалды. Үшінші учаскеде асфальтбетон төселіп, доңғалаққағар бағаналар мен қоршаулар орнатылуда. Десек те, аталған жол бөлігі биыл пайдалануға берілмей қалуы ықтимал.

Облыстық маңызға ие 4261,24 шақы­рым автомобиль жолының бойында 8 теміржол өткелі және 401 көпір бар. Осы нысандардың 290-ы қанағаттанарлық жағдайда болса, қалған 119-ы жөндеуді қажет етеді. Биыл 18 көпірді жөндеуге қаржы қарастырылса, соның екеуі қал­пына келтіріліп, қайта пайдалануға бе­ріл­ді. Қалғандарын жыл соңына дейін жөндеп бітіру қажет. Сондай-ақ, 23 көпірді қайта жаңалау үшін жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Егер келесі жылы бюджеттен қаржы қаралса, аталған көпірлерді 2018 жылдың аяғына дейін қалпына келтіру көзделуде.

Бүгінде Сарыағаш ауданындағы об­лыс­тық маңызы бар КХ-50 «Дербісек–Сарыағаш» автомобиль жолының 0-18,8 шақырымы орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Жоба бойынша жол жиегіне аяқжол төселіп, жарықшамдар орнатылады. Жол келесі жылы пайдалануға беріледі. Биыл облыстық маңызға ие КХ-11 «Сарыағаш–Жылға–Монтайтас–Рабат–Леңгір» авто­­мобиль жолының 0-89 шақырымы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жолдың маңыздылығы сол, Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш аудандарынан Қызылордаға қарай бағыт алған жүргізушілер Арыс қаласы арқылы халықаралық деңгейдегі М-32 автомобиль жолына оңай түсіп кете алады. Осылайша, қаншама уақыттарын үнемдейді. Түркістан қаласына да осы жолмен тез барады. Себебі, «Шымкент–Ташкент» бағытына қарағанда жолдың ұзақтығы 80 шақырымға дейін қысқарады. Жол жөнделмей тұрғанда ол жерден тәулігіне 500 ғана көлік жүрсе, қазір күніне 3 мың көлік жүйткиді.

Тәуелсіздік жылдары ішінде жол құрылысымен айналысатын отандық ком­паниялар шоғыры пайда болды. Олар бір кездері бұл жұмысты бәрі бірдей бастады. Алайда, солардың ішінде уақыт сынынан сүрінбей өткендер ғана кәсіптерін табысты жалғастырып келеді. Сондай компаниялардың бірі – «Түркістан Жолсервис» ЖШС-і. 2007 жылы құрылған серіктестік жол құрылысына қажетті барлық материалдар түрін шығарады. Иелігінде 265 техника, 4 асфальт-бетон зауыты бар. Шымкенттегі өндірістік база­да орналасқан зауытында сағатына 360 тонна асфальт-бетон шығарылады. Мекеме 550-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Жол салумен айналысатын тағы бір ірі компания – «Корпорация «Береке А» ЖШС-і. Ол 1998 жылы құрылған. Мұнда асфальт-бетоннан бөлек темірбетон шығару жолға қойылған. Темірбетон қадасы, науалар, жоғары вольтті желілерге арналған іргетастар, өтпелі тақталар, тіректер, іргетас блоктарын, жиектастар секілді 50-ге жуық темірбетон бұйымдарын шығарады. 2009 жылдан бастап серіктестік көпір құрылысы үшін пайдаланатын темірбетон қадаларын шығаруды қолға алды.

Облыста бүгінде жолаушыларға 7 автовокзал мен 23 автобекет қызмет көрсетіп тұр. Оларды ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру мақсатында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен автовокзал, автобекет иелері арасында арнайы меморандум түзілген. Осыған сәйкес кәсіпкерлер өздерінің басқаруындағы нысандарының эскиз-жобаларын әзірлеп, басқармаға ұсынды. Бүгінде ұлттық стандарт бойынша барлық автовокзалдар мен автобекеттер заманауи талаптарға сәйкес жабдықталу үстінде. Мәселен, Шымкенттегі «Самал» автовокзалында ерекше дизайнымен көз тартатын екінші күту залы ашылды. Сол секілді «Бекжан» автовокзалында да билеттерді сату, жүктерді сақтау қызметтері стандартқа сәйкестендіріліп, жолаушылардың қол жүгін бақылайтын аркалы тексеру құрылғысы, яғни рапискан орнатылды. Мұнымен қоса, жаңа талап бойынша автобустардың сыртында ON белгісі қойылған логотип болуы қажет. Және онда қоғамдық көліктің қай компанияға тиесілі екендігі де көрсетілуі шарт.

Жол саласына жауапты басқарма басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаевтың айтуынша, бүгінде облыс бойынша 691 елді мекен қоғамдық көлік тасымалымен қамтамасыз етілген. Ол өңірдегі барлық елді мекендерді қосқанда шамамен 90,2 пайызын құрайды. Осы жылдың 6 айында 3 ауданаралық, 1 облысаралық жолаушылар тасымалдау бағыттары ашылды. Олар «Шымкент–Бо­ралдай», «Қошқар ата–Алмалы–Шым­кент», «Түркістан–Жібек жолы» және «Шымкент–Ақтөбе» бағыттары. Жыл соңына дейін Төлеби, Ордабасы, Бәйдібек аудандарының 4 елді мекеніне қоғамдық көліктер жүргізу көзделуде. Сондай-ақ, Шымкент қаласының маңындағы ауылдар мен автобус жүрмейтін көшелерге де қоғамдық көліктер жүргізу жағы қарастырылып жатыр.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper