"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


МАҚТААРАЛДА СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОЙЫЛДЫ!

Сейсенбі, 22 Тамыз 2017 10:28
МАҚТААРАЛДА СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОЙЫЛДЫ!

 

Мырзашөл өңiрiн «тiршiлiк нәрiмен» қамтамасыз етiп отырған «Достық» каналының арнасынан биыл су азайған жоқ. Бастауын Өзбекстаннан алатын каналдан бұрын жаздың бел ортасында диқандар су ала алмай шаш етектен шығынға батып, төккен тер заяға кетiп жататын. Ал, қазiр мақтааралдық диқандар бұл азаптан құтылды. Ауданда коллекторлық жүйелер тазаланып, тiк дренажды ұңғымалар жарақтандырылуда. Соның арқасында су жүйелерi ретке келтiрiлiп, су тапшылығы жойылды. Сонымен қатар, су мәселесiнiң шешiлуiне қазақ-өзбек қарым-қатынасының жандануы да үлкен көмегiн тигiзуде.

 

Мақтаарал аудандық әкiмдiгi баспасөз қызметiнiң мәлiметiне сүйенсек, ауданда 136 мың гектар суармалы жер бар. Биыл мақта алқаптарының көлемi бiршама ұлғайтылып, 94 мың гектарға шит себiлдi.

– Жаз айларында өзiмiзге тиесiлi 50 пайыз су мөлшерiн ала алмай қиналып жүретiнбiз. Тиiстi жұмыстарды атқарудың арқасында тiрлiгiмiз алға басып, мәселе оң шешiмiн тапты. Оның нәтижесiн көрiп, қуанып отырмыз. Құдайға шүкiр, қазiр суды толығымен алудамыз. Мақтааралға «Достық» трансшекаралық каналынан секундына 100 текше метр су келiп жатыр. Бекiтiлген кесте бойынша 1 миллиард 116 миллион текше метр алуымыз керек. Бұл мөлшер суару маусымына және көктемгi сорды шаюға жеткiлiктi, – дейдi «Қазсушар» РҚМ ОҚО филиалы директорының мiндетiн атқарушы Толқын Балпиков.

Бiрнеше жылдан берi Өзбекстанмен су мәселесi жөнiнде келiссөздер жүргiзген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi су ресурстары жөнiндегi комитетiнiң төрағасы Ислам Әбiшев «Достық» каналының суын өзбек ағайындармен теңдей бөлiсуге келiскен болатын. Осы канал арқылы Өзбекстан алқаптарының 112 мың гектары, Мақтааралда 136 мың гектар егiстiк суарылады. Комитет төрағасының айтуынша, бұрын көршiлер өздерiнiң гидробекеттерiне ешкiмдi жолатпайтын. Ендi, мiне, келiсiм бойынша екi ел арасында түсiнiстiк орнап, аталған гидробекеттердi қадағалап, тексерiп отыру жөнiнде уағдаластыққа қол жеткiзiлген.

Айта кету керек, былтыр Мақтаарал ауданында 50 мың гектарға су жетiспедi. Соның кесiрiнен диқандар мақтаны 40 мың тоннаға кем жинап, шығынға батты. Биыл судан ешқандай қиындық болған жоқ.

«Бұл жазда су бейпiл болып тұр. Мақтамыз толықтай бiрiншi суын iшiп бiттi. Ендi екiншi мәрте суаруға кiрiсiп жатырмыз» дейдi 120 гектар мақта алқабын игерiп отырған шаруа Нұрлан Арызқұлов.

Ә.НҰРЖIГIТҰЛЫ.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper