"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


КӨРШI ЕЛМЕН САУДАМЫЗ ҚАЛАЙ?

Сейсенбі, 22 Тамыз 2017 10:14
КӨРШI ЕЛМЕН САУДАМЫЗ ҚАЛАЙ?

 

Ауылы аралас, қойы қоралас қазақ пен өзбек ертеден ағайын, бауыр. Қос халықты жақындастыратын – ортақ дiн, бастауын бiр бұлақтан алатын тiлiмiз бен салт-дәстүрiмiздiң ұқсастығы.

 

Өткен ғасырдың бас шенiнде қазақ та, өзбек те небiр дүрбелеңдердi бастан кешiрдi. Бiрақ не болса да бауырмашылдықтарынан ажырамады. Кешегi Кеңес Одағы тұсында Ташкент бiздiң облыстың тұрғындары үшiн өзiнiң туған қаласындай ыстық болды. Сол кездердi халық әлi де сағынышпен еске алады. Олай дейтiн себебiмiз, КСРО тарап, тәуелсiздiкке қол жеткiзген шақта бауырлас қос ел нағыз ағайындардай араласып-құраласа алмады. Бiздiң пайымдауымызша, әлемдiк терроризм қаупi көршi елдi шекараны шегендеп, айналасындағы мемлекеттермен қарым-қатынаста өзiн оқшаулап ұстауға мәжбүр еткен сыңайлы.

Өзбекстан басшылығына Шавкат Мирзиёев келген сәттен бастап көршi елдiң саяси бағыты өзгере бастағанын баршамыз жақсы бiлемiз. Есте болса, Өзбекстан президентi ең алғашқы ресми сапарын Қазақстанға арнап, Елбасымен екi бiрдей кездесу өткiзген едi. Сол жүздесуде қос елдiң өзара сауда-саттық көлемiн 1,5 миллиардтан 5 миллиард долларға дейiн жеткiзуге уағдаласқан болатын.

Ал, оның шарапатын бiрiншi көретiн өңiр, әрине, Оңтүстiк Қазақстан облысы. Қос ел президенттерiнiң кездесуi көршi елдердiң өңiраралық ынтымақтастығына жол салып бердi. 2016–2017 жылдар бiздiң облыс үшiн Өзбекстанмен арадағы сауда-саттық, мәдени-гуманитарлық салалар бойынша байланыстарды жандандырған кезең ретiнде есте қалмақ.

Айталық, мамыр айында Ташкент қаласы әкiмшiлiгiнiң делегациясы облыс әкiмi Жансейiт Түймебаевпен ресми кездесу өткiздi. Осы кездесу аясында өзбекстандық тауар өндiрушiлердiң көрмесi ұйымдастырылды. Онда оңтүстiкқазақстандықтар көршi елде шығарылған ең сапалы тауарлармен танысуға мүмкiншiлiк алды.

Мiне, осындай өзара байланыстардың жандана түсуiнiң арқасында қос елдiң шекарасындағы сауда бiртiндеп күшейiп келедi. Мемлекеттер қарым-қатынасында жылымық орнағандығы себептi шекара маңындағы елдi мекендердi дамыту жөнiндегi кешендi iс-шаралар жоспары түзiлiп, тiптi облыс әкiмiнiң бұл мәселе бойынша арнайы қаулысы қабылданған. Облыстық кәсiпкерлiк, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының мәлiметiне сүйенсек, бүгiнде Өзбекстанмен шекаралас аудандарда сауда-логистикалық орталықтарды құру арқылы өңiрде туризм мен сауда саласын алға жылжыту көзделуде. Мәселен, Мақтаарал ауданында 9 гектар аумақта логистикалық орталық ашылып, 3 кәсiпорын жұмыс iстеп жатыр. Олар ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сақтаумен, сұрыптаумен және тасымалдаумен айналысады. Сарыағаш ауданында да бiраздан берi 3 жекеменшiк сауда-логистикалық орталық халыққа қызмет көрсетiп келедi.

Ал, Қазақстан мен Өзбекстанды жалғап жатқан халықаралық М-39 автомобиль жолының қайта iске қосылуы екi елдiң де тұрғындары үшiн үлкен жаңалық болды. Күре жолды ел игiлiгiне қайта жаратудың арқасында Ташкент пен Самарқанның арасындағы жол 55 шақырымға қысқарды. Жолдың бiраз бөлiгi Қазақстан арқылы өтетiндiктен, оның пайдасын бiздiң ел де көретiнi белгiлi. Бүгiнде «Сырдария» шекаралық өткiзу бекетiнен тәулiгiне 5 мыңдай адам және 200-ден астам автокөлiк өтуде.

Десек те, шекара бекеттерi әлi толықтай ашылып, халық емiн-еркiн өтiп жатқан жоқ. Алдағы қазан айының басында Ташкентте қос елдiң үкiметтiк деңгейдегi тағы бiр отырысы жоспарланған. Мiне, сол жиында жаңағы айтылған мәселе нақты шешiмiн табады деп күтiлуде. Осы ресми басқосулар шеңберiнде қазақстандық тауар өндiрушiлердiң жәрмеңкесi ұйымдастырылмақ.

Ресми ақпарат бойынша Өзбекстан мен Оңтүстiк Қазақстан облысының арасындағы тауар айналымы 532,4 млн. долларға тең. Бұл көрсеткiштi бұдан да өсiре түсу үшiн өңiр басшысы қазақ-өзбек бiрлескен кәсiпорындарын құру керектiгi жөнiнде бiраз мәселе көтердi. Көршi елдiң кәсiпкерлерi облыста жергiлiктi бизнес өкiлдерiмен бiрлесiп кәсiпорын ашса, қосымша жұмыс орындары пайда болып, өндiрiс дамып, бiзге үлкен пайдасын тигiзедi әрi өзбекстандық кәсiпкерлерге де қомақты табыс әкеледi. Өйткенi, Қазақстан арқылы олар 180 миллион тұтынушысы бар Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шығуға мүмкiншiлiк алады. Дегенмен, қазiргi таңда облыста әлi бiрде-бiр бiрлескен кәсiпорынды iске қосу жайлы әңгiме жүрiп жатқан жоқ. Шекара асып келiп жатқан өзбекстандықтардың денi сол баяғы арзан жұмыс күшi.

Қазақ-өзбек қарым-қатынасының дұрыс жолға қойылуының нәтижесiнде көптен берi шешiмi табылмай келе жатқан мәселелер де бiрте-бiрте азая түсуде. Соның нақты бiр мысалы, бұрын Өзбекстан отандық ұнның акциздiк салық мөлшерiн 11 пайызға дейiн көтерiп жiберген болатын. Осының кесiрiнен ұн тартатын жергiлiктi компаниялар әжептеуiр зиян көрiп жүрдi. Қазiр көршi ел аталған салықты 5 пайызға азайтты. Бұл да қос мемлекеттiң өзара сауда-экономикалық әрiптестiктi күшейту бағытында қолға алған жұмыстарының нақты жемiсi.

Айта кету керек, Қазақстан Өзбекстанға мұнай және мұнай өнiмдерiн, ұн-жарма, астық, қара және түстi металл, цемент, трансформатор, органикалық емес химия және азық-түлiк өнiмдерiн экспорттаса, көршi елден бiз жемiс-жидек, көкөнiс, мақта талшығын, тоқыма өнiмдерiн, тыңайтқыштар, түрлi техникалар, пластмасса бұйымдарын, ағаш, гипс және маталар сатып алады екенбiз.

Сондай-ақ, биыл жыл басынан берi облыс пен Өзбекстан арасындағы жалпы тауар айналымы 278 млн. 342,9 мың долларды құраса, соның 101 млн. 065,8 мыңы – экспорт, қалған 177 млн. 277,1 мың доллары – импорт.

Әнуар ЖҰмашбаев, «Оңтүстiк Қазақстан».

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper