"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 323.2 -1.45   EUR: 395.56 -2.10   RUB: 5.72 -0.02   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


Тракторшы апай

Сейсенбі, 09 Қаңтар 2018 17:25
Тракторшы апай

Ордабасы ауданыныңТөрткүл ауылына барған бір іссапарымызда егістік алқабында тракторымен жер айдап жүрген орта жастағы әйелді кезіктірдік. Сонау кеңестік кезеңнің бейнесін көз алдымызға әкелген бұл  көрініс бізге қызықты әсер қалдырды. Әлгі тракторшы әйелмен тезірек тілдесуге асықтық...

Гүлшат Өмірбекованың жасы елудің бел ортасынан асқан. Көлік жүргізуді 16 жасынан бастап үйреніпті. Және алғашқы айдаған көлігі анау-мынау емес, салмағы ауыр, жүздеген аттың күші бар трактор болыпты. «Мен мектепті бітірген кезде ауылда трактор айдайтын ер азаматтар аз еді. Жастық жігер мен құмарлық техника тілін білетін бір топ құрбыларыммен бірге мені де тракторшы болуға талпындырды. Оның үстіне, аттестатпен бірге берілген көлік жүргізу куәлігінің де пайдасы тиді. Рас, қыз баласы болған соң алғашында көлік айдауды үйрететін сабаққа онша құлық танытпаған едім.  Кейін жұмыс барысында тіркемесі бар Т-25 тракторымен отын тасып жүріп, техниканы жүргізудің қыр-сырын әбден меңгеріп алдым»,-- дейді Гүлшат апай.

Апамыз тракторға отырған алғашқы мезеттерін сағынышпен еске алып, естеліктерімен бөлісті. Бірде парторг «Гүлшат, мына сақырлаған тракторларды жүргізетін адам аз. Сондықтан бұл техникалармен жұмысты сен істейсің» деп тапсырма берген. Сөйтіп шаруаға бойы үйреніп қалған бойжеткен жер өңдейтін культиватор, мақта жинайтын  үш дөңгелекті трактор, Т-4 комбайнын өзі айдады. Ол осы техникалардың барлығымен кезек-кезек жұмыс істеді. Әсіресе, өзімен қатарлас қыз-жігіттердің белсенділігі мұның жұмысқа деген ынтасын оятып, жігерін жаныды. «Менің тракторшы қыз атануыма бір жағынан  Көкарал ауылының жігіттері себепкер болды. Олар секілді мен де техниканы тізгіндеп, шаруашылықтың гүлденуіне үлесімді қосқым келді. Осы арманыма жеткеніме еш өкінбеймін» дейді ол.

Кейіпкеріміз Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтында сырттай білім алған. Өзі құралпы қыздар тракторшылықты басқа мамандыққа ауыстырып жатқанда ол сол кәсібіне адал болып қала берді. Әбден түзде жүріп еңбек етіп үйренген кейіпкеріміз үй шаруасына икемсіз болса керек деген ойдың қылаң бергені де рас. Бірақ шаңырағына бас сұғып, үй іші толған гүлдерді көргенде ол ойымыздан бірден айныдық. Оның түрлі-түрлі тағамдар дайындайтынын да білдік. Төрт түлік мал өсіреді, 1 гектар егістік жері бар. Оған жоңышқа, жүгері егеді. Көктемде астындағы тракторымен жұмысқа кіріседі. Егіс науқанында апайға ауыл-аймақ, тіпті көрші ауылдың шаруалары қолқа салатын көрінеді. Ауылдастарының айтуынша, бұл төңіректе жер өңдейтін  ер азаматтар бар, бірақ көбі жұмыстарын Гүлшат апайдай атқара бермейді. Сондықтан да апайдың қызметіне сұраныс көп. Ауылдастары тракторшы әйелдің жақсы бір қасиетін атап өтті. Ол уақытпен санаспай еңбек етеді. Ауыл жұрты таң атпай егіс алқабында трактордың тарылдаған даусынан оянып, техниканың даусы өшкенде барып кешкі тыныштық құшағына енеді екен.

 «Культивацияны мақтаның құлағы қылтиып шығып келе жатқанда ертерек істеу керек. Болмаса тамырын қиып тастайды. Екінші  культивацияның құны сәл арзандау болады. Бірақ қазір дизель отынының бағасы диқандарға қымбаттау болып тұр» дейді бүгінгі шаруашылық мәселесіне алаңдаған апай. Ол маусымдық жұмыс кезінде 200-300 мың теңге көлемінде табыс табады екен. Кейде техникасы бар болғанымен, жүргізушісі жоқ шаруалардың да комбайнына  отырып, шаруаларға көмектеседі.

Әрине, нәзікжанды адамға таңалакеуімнен қас қарайғанша рөлде отыру оңай емес. «Тракторшы мамандығына қазір қыздар жоламайды. Себебі, бұл техниканы игеруге едәуір күш керек. Жеңіл көлікті жүргізу әлдеқайда оңай, қайта біраз демалып қаласың. Дегенмен, мен секілді қолы ауыр техниканың рөліне үйреніп қалған адамға жылдам қозғалатын жеңіл көлікті сақтықпен айдау керек. Жол ережесіне де аса мұқият болған жөн» дейді.

Біз 40 жылдан бері ауылшаруашылығында тер төгіп жүрген жаннан сол саланың бүгінгі жай-күйі туралы пікірін білгіміз келді. Ол ауыл шаруашылығында техниканың жеткіліксіздігіне және егістік жердің бүгінгі жағдайына көңілі толмайтынын жеткізді. «Қаражаттың аздығы ма, әлде өзіміз  құнттамаймыз ба, әйтеуір, жер тозып барады. Топырақты үнемі құнарландырып отыру керек. Егістікті дұрыс баптамаса, жақсы өнім бермейді. Ал, жер қараусыз қалса, арам шөп пен қамыс басып, тозып кететіні белгілі» деді сөзін түйіндеп. 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper