"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 323.2 -1.45   EUR: 395.56 -2.10   RUB: 5.72 -0.02   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


БЮДЖЕТ БЕРІЛДІ, ЕНДІ АУЫЛ КӨРКЕЙЕ МЕ?

Сейсенбі, 09 Қаңтар 2018 10:31
БЮДЖЕТ БЕРІЛДІ, ЕНДІ АУЫЛ КӨРКЕЙЕ МЕ?

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Жаңа жылдан бастап Сіз төлеген салық өзге емес, өз ауылыңыздың көркеюіне жұмсалады. Салықты уақтылы және толық төлеп тұрсаңыз, Сіз тұратын елді мекеннің көшесі тазарып, коммуналдық мәселелері шешіліп, жасыл желегі жайқалып тұрмақ.

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруге және бюджеттің төртінші деңгейін енгізуге бағытталған реформаны жүзеге асырған билік бізді осыған сендіріп отыр. Енді оның нәтижесі қалай болмақ? Қолына айтарлықтай қомақты қаржы тиген ауыл әкімдері енді ауылды көркейте ала ма?

 

Бұған дейін еліміздің бюджеттік жүйесі үш деңгейден тұрғаны белгілі. Олар республикалық, облыстық (республикалық маңызы бар қаланың) және аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттер болатын. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруге арналған реформа 2013 жылы басталды. Сол жылы алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Сайлау 2017 жылы екінші рет ұйымдастырылғаны белгілі. Ал, 2015 жылдан бастап салықтың

6 түрін ауыл әкімдіктерінің есепшотына түсіруге рұқсат берілді. Дегенмен, өткен 3 жыл бойы есепшотқа қаржы түсіп тұрғанымен, оны толыққанды дербес бюджет деп атауға келмейтін.

Биылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ауыл әкімдерінің де төл бюджеті бар. Елбасы Ұлт Жоспарының 98-ші қадамында «селолық округ, ауыл, село, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу» міндетін қойған болатын. Республикада 2 464 ауыл округі (село мен кенттер және аудандық маңызы бар қалаларды қоса есептегенде) бар. Биылғы 1 қаңтардан бастап тұрғындар саны 2 мыңнан асатын 1 066 ауыл округінде бюджеттің төртінші деңгейі құрылды. Ал, 2020 жылдан бастап бұл жаңалық барлық ауылдарға енгізіледі.

Ауыл бюджеті азаматтардың жеке табыс салығынан, мүлік салығынан, жеке және заңды тұлғалардың көлік, жер салықтарынан, жол бойына орнатылатын сыртқы жарнамадан және өзге де салықтық емес кірістерден толығады. Салықтық емес кіріс дегеніміз – кәдімгі демеушілік. Ауыл әкімдеріне ендігі жерде арнайы есепшот ашып, өзінің туған жер – алтын бесігіне қол ұшын созғысы келетін қалталы азаматтардан демеушілік көмек алуға заң бойынша рұқсат берілді.

Бюджеттің атқарылуын ауыл округінің әкімі мен аппараты өз мойындарына алады. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарының жалпы жиналысына қатысушы белсенді азаматтардан жергілікті комиссия құрылады. Әкім өзі дайындаған бюджетті алдымен сол комиссиямен келісіп алуға міндетті. Бұл тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге араласуына мүмкіндік береді. Содан кейін ғана ауыл бюджетін аудандық мәслихат бекітеді. Бюджеттің дұрыс орындалуы жөнінде ауыл әкімі жергілікті комиссияға есеп беруі тиіс.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бюджеттік саясат және жоспарлау бөлімінің басшысы Ұлжан Серғазиеваның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында 181 ауыл округі, селолар, кенттер мен аудандық маңызға ие қалалар бар.

– Биыл соның 175-інде дербес бюджет енгізіледі. Қалған алтауында тұрғындар саны 2 мың адамға жетпегендіктен, олар 2020 жылға қалдырылып отыр. Аталған 175 дербес бюджеттің жалпы көлемі 25 миллиард 800 миллион теңгені құрайды, – дейді Ұлжан Пернебайқызы.

Оның айтуынша, ауылдардың дербес бюджетін енгізуге өткен жыл бойына үлкен дайындық жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, облыс әкімдігі Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп «Зерде» оқу орталығында ауылдық округ әкімдеріне арналған оқу курстарын ұйымдастырған. Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру топтары барлық аудандарға барып, дербес бюджетті және коммуналдық меншікті енгізу мәселелері бойынша семинарлар өткізіпті. Ал, облыстық мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталығының базасында ауылдық округ әкімдері мен экономика және қаржы бөлімдерінің қызметкерлері, жалпы, 2 мыңнан астам адам оқытылған.

Біз дербес бюджетпен жұмыс істеуге дайындығы қалай екенін білу үшін Мақтаарал ауданы, Асықата кентінің әкімі Бақыт Серіковпен сөйлескен болатынбыз.

– Өткен жылы бюджетіміздің көлемі 12 миллион теңгенің шамасында ғана болған еді. Биыл бұл көрсеткіш 30 миллионға жуықтады. Бұл салық салу базасын нақтылау мақсатында мемлекеттік дерекқорлар туралы мәліметтерді салыстырып, жаңартудың арқасында мүмкін болды. Жылжымайтын мүлік бойынша тіркелмеген нысандардың иелерін әділет органдарына тіркеуіне ықпал еттік. Енді бұл қаржыны кентті көріктендіруге, қоқысты уақтылы шығарып отырып, тазалықты сақтауға, аяқжолдарды қалыпқа келтіруге және кентте мерекелерді жоғары деңгейде ұйымдастыруға жұмсаймыз, – дейді Б.Серіков.

Бақыт Бегімұлының бұл реформаға қатысты ұсыныстары да бар екен. Соның бірі әлеуметтік нысандарды ауыл әкімдіктерінің коммуналдық меншігіне алуға қатысты. Кент әкімінің айтуынша, қазіргі қалыптасып отырған бюджет 15 мыңға тарта тұрғыны бар елді мекендегі барлық әлеуметтік нысандарды ұстап отыруға жеткіліксіз. Мектептерді, балабақшалар мен емханаларды, мәдениет үйлері мен кітапханаларды күрделі жөндеу туралы мүлде айтпауға да болады. Өйткені, осындай бір нысанды күрделі жөндеуден өткізуге әдетте жүздеген миллион қаржы жұмсалатыны белгілі. Расында, 25,8 миллиард дегеніңіз бір қарағанда қомақты қаржы болып көрінгенімен, оны 175 бөлікке бөлген кезде соншалық көп сома болмайды. Сондықтан ауыл, кент әкімдерінің мұндай күрделі шығындарды аудандық, облыстық бюджеттерде қалдыру жөніндегі ұсынысы құлаққа қонатын секілді. Бұл – бір.

Екіншіден, Б.Серіковтің әр ауыл округіне дербес бюджетпен айналысатын маманды жұмысқа қабылдау үшін қосымша бір-бір штаттан берілсе деген ұсынысы да бар екен.

Сонымен жаңа жылдан бастап ауыл округтері әкімдерінің әрқайсысы өз бюджеттері бойынша жұмыс істеуде. Дегенмен, дербес бюджеттердің көлемі шектеулі екенін ескерсек, бірер жылда ауылдың бәрі құлпырып кетеді деп иегімізді қышытпай-ақ қойсақ та болатын сияқты. Сонда да бұл реформаны ауыл-аймақтардың шындап дамуына қарай жасалған алғашқы қадам деп қабылдаған жөн. Біріншіден, ауыл әкімдері бұрынғыдай тек жоғарыға қарай қол жайып, жалтақтап отыра бермейтін болады. Екіншіден, қазақ «Киіз кімдікі болса, білек соныкі» дегенді тегін айтпаған. Енді ауыл әкімдері өзі басқарып отырған аумақта кәсіпкерлік нысандарының көбеюіне, олардың табысты жұмыс істеуіне мүдделі болады. Өйткені, кәсіпкерлік нысандары мен кәсіпорындар көбейген сайын ауыл бюджетінің қоржыны толып, әкімнің қолы ұзара түседі.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper