"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 327.89 -1.52   EUR: 400.91 -3.01   RUB: 5.81 -0.03   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


ТАЛШЫҚ САПАСЫ ЕУРОПАЛЫҚ СТАНДАРТҚА САЙ

Бейсенбі, 04 Қаңтар 2018 11:29
ТАЛШЫҚ САПАСЫ ЕУРОПАЛЫҚ СТАНДАРТҚА САЙ

 

Тарихы облысқа, республикаға белгiлi «Мырзакент» мақта өңдеу зауытының шаңырақ көтергенiне сексен жылға жуық уақыт болды. Осы кезеңде зауыттың материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жақсарып, ауқымы кеңейе түстi. 1961 жылы кәсiпорын қайта жаңғыртылып, жаңа техникалармен жабдықталды. 1978 жылы мақта тазарту зауытына Ташкент тоқыма институтының түлегi Салдар Жамалов басшы болып келдi. Бұған дейiн Тәжiкстандағы жiбек комбинатында 5 жыл жұмыс iстеп, тәжiрибе жинап, одан кейiн Өзбекстандағы Сырдария облысында құрылысы аяқталмаған Баяуыт мақта зауытын аяғынан тұрғызып, облыстық мақта тресi басқармасы бастығының орынбасары, «Пахтакор» мақта зауытының бас инженерi, Ильич мақта зауытының директоры болып қызмет атқарған Салдар Жамалов саланың бiлiктi маманы болғандықтан, жұмысты шырқ үйiрiп әкеттi. Мақта тазарту зауытының өндiрiстiк көрсеткiштерi жыл сайын жоғарылап, атағы дүрiлдеп тұрды. Елiмiз тәуелсiздiк алған кезеңде зауыт «Мырзакент» холдингi деген атауға ие болды.

 

Жаңа заман өзгерiсi кәсiпорынның тыныс-тiршiлiгiне жаңаша леп, үлкен жаңалықтар алып келдi. «Үдемелi индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттiк бағдарламасы аясында 2014 жылы кәсiпорын жаңа технологиялармен қайта жабдықталды. Жаңа жоба бойынша жалпы құны 1 миллиард теңгенi құрайтын Американың «Люммус Корпорейшн» компаниясынан сатып алынған жаңа қондырғылар әкелiнiп, монтаждалды. Пресс жабдықтары Түркияның «Sait Измит» компаниясында жасалған. Зауыттың өндiрiстiк қуаттылығы жылына 60 мың тонна мақта талшығын өндiруге жетедi. Аудандағы басқа мақта зауыттарына қарағанда еңбек өнiмдiлiгi 30 пайызға жоғары. Ал, талшық шығару көрсеткiшi 30 пайызға артық әрi сапалы. Электр қуатын 25-30 пайызға дейiн үнемдейдi. Жаңа инновациялық технологиямен жабдықталған зауыт ТМД елдерi бойынша теңдесi жоқ өндiрiс орны екенiн атап айтуымыз керек. Отандық өнiмдердi өндiруде көш бастап келе жатқан зауыт мақта талшығын Қытай, Ресей, Германия, Швейцария елдерiне экспорттап отыр. Зауытта тәулiгiне 40 тонна мақта талшығы өндiрiледi.

«Мырзакент» холдингi және облыста алғаш рет мақта кластерiн қалыптастырған Салдар Жамаловтың Мақтаарал ауданына сiңiрген еңбегi өлшеусiз. Ол мақта дақылын егiп, өндiруден бастап, оны қайта өңдеу, соңынан жiп иiрiп шығарумен бiрге дайын мақта өнiмiн өндiретiн «Альянс-Казахско-Русский текстиль» зауытын iске қосып, қосымша 500 адамды жұмыспен қамтыды. Кәсiпорын жылдан-жылға дамып, өндiрiсi кеңейiп, өнiмдерiн экспортқа шығаратын iрi өндiрiске айналды. 2005 жылғы көктемде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Оңтүстiк Қазақстан облысына келген сапарында елiмiзде алғаш рет iске қосылған мақта-жiп иiру және тоқыма фабрикасының лентасын қиған болатын. Содан берi фабрика үш ауысымда жұмыс iстеп келедi. Жобаны iске асыру барысында 3,8 млрд. теңге көлемiнде инвестиция тартылған. Нәтижесiнде фабрика жылына 2,3 млн. дана төсек бұйымдарының жинақтамасы мен 10,4 млн. дана түктi бұйым шығаруға мүмкiндiк алды. Жоба бойынша 584 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша бүгiнде мақта шикiзатын толық циклды терең өңдейтiн фабрикаға айналып отыр. Былтырғы көктемде Елбасы осы мекемеге тағы да ат басын бұрып, мақта кластерiнiң жүзеге асып жатқанын көрiп, фабриканың керегесi кеңейiп, iргелi өндiрiс орнына айналғанына куә болды. Бүгiнде кәсiпорынның аты өзгерген, «AZALA Textile» деп аталады. Мұнда мақта-мата өнiмдерiн шығаруда «Benninger» (Швейцария) және «Picanol» (Бельгия) сынды еуропалық компаниялардың жабдықтары қолданылады. Заманауи тоқыма өнеркәсiбiнiң талаптарына сай жiп иiру өндiрiсiнде «Rieter» (Швейцария) фирмасының жабдығы орнатылған. Сонымен қатар, жетекшi еуропалық өндiрушiлердiң «TISS» (Германия), «Zimmer» (Австрия), Manfrost (Германия) және Byanko Line (Италия) жаңа желiлерi бар. Фабриканы шикiзатпен «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты» ЖШС қамтамасыз етедi. Аталған зауыт қытайлық мақта сортын (республикада баламасы жоқ) өсiредi және оны американдық технологиямен қайта өңдейдi.

Бiз жақында «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты» ЖШС директоры Талғат Жексенұлы Үмбетов мырзаға жолығып, кәсiпорынның бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi жайында сұрадық.

– Зауыттың технологиялық жабдықтары мақта талшығын шығаратын әлемдегi алдыңғы қатарлы Америка компаниясында жасалғандықтан, талшықтың сапасы еуропалық стандартқа сай. Сондықтан бiздiң өнiмге деген сұраныс жоғары. Мақта өңдеу процесi толықтай автоматтандырылған. Зауытта мақтаны тазалау-кептiру, престеу, жөндеу-механикалық, техникалық бақылау цехтары, сондай-ақ дайын өнiмдердi тасымалдау және өткiзу, арнайы материалдық қойма, өртке қарсы күрес бөлiмдерi жұмыс iстейдi. Жұмыс тәулiк бойына тоқтаусыз атқарылады. Қазiр мақта тазарту iсiмен 400-ден астам жұмысшы мен қызметкер айналысуда. Ал, жиын-терiм кезiнде мақтаны қабылдау, сақтау жұмыстарына 1000-ға тарта азамат тартылып, науқанды ойдағыдай атқаруға белсене атсалысады. Бұл ретте бiздiң зауыт Мырзакент өңiрi тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған бiрден-бiр кәсiпорын екенiн атап айтуға болады. Осы өңiрдегi 1200-ден астам шаруа қожалығы бiздiң зауыттан қаржы алып, мақтасын осында өткiзiп, бiзбен тығыз байланыс жасап келедi. Аудан бойынша 25, Шардара ауданында 6 мақта қабылдау пунктi науқан кезiнде жұмыс iстейдi. Олар шалғай ауылдардағы мақташылардың өнiмдерiн қабылдап, сақтап, өңдеуден өткiзу үшiн зауытқа тасымалдаумен айналысады. Үстiмiздегi жылы шаруалардан 33 мың тонна мақта қабылдадық. Өңдеуден өткен мақта талшығының бiр бөлiгiн Шымкент қаласындағы тоқыма фабрикасына жiберсек, қалған бөлiгiн шетелдерге экспорттап жатырмыз. Сондай-ақ, мақтадан ажыратылған шиттi Шымкенттегi май комбинатына өткiземiз.

Мұнда тынымсыз еңбек етiп жүрген жұмысшылар мен мамандарға қолайлы әлеуметтiк жағдайлар жасалған. Осында 60 орынды асхана, спорт кешенi, тренажер залы, душ кабиналары ашылған. Спорт кешенiнде спорт жарыстары өткiзiлiп тұрады.

Қазiр нарық мың құбылып тұр емес пе, бұл мақта бағасына әсерiн тигiзбей қоймайды. Мақта талшығының бағасы қымбат болса, диқан үшiн тиiмдi. Бiрақ жылда баға қымбат болады деп айта алмаймыз. Бiр жылдары талшық бағасы түсiп кеттi де, диқандар қолдарына ойдағыдай қаржы ұстай алмады. Сол себептен диқандарға мақтаны талшыққа тапсырыңыз немесе шикiзат күйiнде тапсырыңыз деп айта алмаймыз. Бүгiнде диқандардың көзi ашық. Сондықтан мұны олардың өздерi шешедi. Биыл зауытқа тапсырылған мақтаның 30 пайызын диқандар талшық үшiн тапсырды.

Бiздiң кәсiпорын мамандардың бiлiмiн жетiлдiруге де ерекше көңiл бөледi. Кеңес өкiметi кезеңiнде инженер-технологтарды Ташкент қаласындағы институттарға жiберетiнбiз. Ал, елiмiзде мұндай мүмкiндiктер жоқ. Соған қарамастан бiз тәжiрибелi мамандарды шақырып, инженер-технологтардың олардан iлiм үйренуiне бар жағдайды жасап жатырмыз, –дейдi Талғат Жексенұлы.

Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» атты Жолдауында «Шикiзат өндiрiсiнен өңделген өнiм шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана бiз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабiлеттi бола аламыз» деп атап көрсеттi. Зауыт ұжымы осы бағытта жүйелi, тындырымды жұмыс iстеп, Жаңа жылды лайықты табыстармен қарсы алды.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қаңтар 2018 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30 31        
JoomShaper