"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


БИЗНЕС ПЕН БИЛIКТI ЖАҚЫНДАСТЫРҒАН ЖОБА

Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 10:14
БИЗНЕС ПЕН БИЛIКТI ЖАҚЫНДАСТЫРҒАН ЖОБА

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк атқарушы билiктiң құзыретiндегi қызметтердi жеке секторға берiп, мемлекет пен бизнес арасында тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейдi. Ал, бұл жобаны жүзеге асыру жөнiнен Оңтүстiк Қазақстан облысы республикадағы өңiрлер арасында бiрiншi орынға көтерiлдi. Мұндай жетiстiкке жетудiң сырын мамандар тынымсыз еңбек пен iзденiстiң арқасы деп түсiндiредi. Себебi, мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiгi жобасы қолға алынған күннен берi тиiстi сала мамандары мен басшылары арнайы курстарға, семинарларға қатысып, бiлiмдерiн үнемi жетiлдiрумен келдi.

 

Елiмiзде мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк аясында салынып жатқан тұңғыш нысан биыл қараша айында пайдалануға берiледi деп жоспарланып отыр. Ол – Түлкiбас ауданы, Ақбиiк ауылындағы 100 орынды балабақша. Осы ғимараттың арқасында ата-аналар ендi балаларын көршi ауылдағы балабақшаға тасып әуре болмайды. Және 25 орынды шағын орталыққа әрең сыйған бүлдiршiндер де ендi қысылып-қымтырылмайды. Балабақша құрылысына тапсырыс берушi мердiгер компания құрылтайшысы А.Салимов осынау жобаның нәтижесiнде шалғай ауылдарда балабақша, емхана, мектеп және спорттық ғимараттар салынып, елдi мекендердiң әлеуметтiк мәселесi шешiмiн табарына сенiмдi.

Жалпы, мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiктiң келешегi өте зор. Өйткенi, бүгiнде әлеуметтiк нысандар салуға ел қазынасынан қыруар қаржы жұмсалатыны рас, бiрақ кейде бюджет қаражатының жетiспеушiлiгiне байланысты жоспарланған ғимараттарды тұрғызуға мүмкiндiк болмай жатады. Ал, бұл тәсiл бойынша нысанды кәсiпкер әуелi өз ақшасына салады, кейiн ол облыстық әкiмдiк балансына өткiзiледi. Содан соң қайтадан кәсiпкердiң басқаруына 30 жылға берiледi. Осы уақыт аралығында жыл сайын кәсiпкерге сыйақы төленiп отырады және жұмсаған инвестициялық шығындарын толық өтеп алады. Бiрақ нысанды салған инвестордан басқаруды дұрыс ұйымдастыру, жұмысты үйлестiру, табыстарға қол жеткiзу және ешқандай келеңсiз оқиғаларды болдырмау мәселелерi талап етiледi. Сондықтан жекенiң қолына өткен балабақша, емхана, мектептерде қызмет көрсету сапасы жақсарып, өзара бәсекелестiк күшейедi деген үмiт басым. Дегенмен, бұл әлеуметтiк нысандар жеке- меншiкке айналады деген ұғымды бiлдiрмейдi. Барлығы да бұрынғыдай мемлекеттiк тәртiп бойынша тегiн болып қала бередi. Тек жоғарыда айтып өткенiмiздей, қызмет көрсету сапасы барынша жақсара түседi. Өйткенi, әлеуметтiк нысандарды басқару қызметi жеке инвесторлардың қолына көшедi. Мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiктiң тағы бiр артықшылығы, мердiгер компания ертең сол нысанға өзi иелiк етiп, алдағы жұмысына жауапты болған соң құрылысты мүмкiндiгiнше сапалы жүргiзуге тырысады. Тiптi, жобалық-сметалық құжаттамада белгiленген құрылыс материалдарын ең сапалы нұсқаларымен алмастыруға күш салады.

Мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiктiң тиiмдiлiгi бюджет қаржысын үнемдеуде екенi айтылды. Яғни әлеуметтiк ғимараттар салған инвесторларға қазынадағы қаражат кезең-кезеңiмен бөлiнiп төленедi. Осылайша бюджетке түсетiн ауыртпалық та азаяды. Ел қазынасы ортаймаған соң пәленбай миллион теңгеге салынатын бiр мектептiң орнына бiр мезетте осындай бiрнеше бiлiм ошақтарын тұрғызуға мүмкiндiк туады. Мiне, бұл әдiстiң тиiмдiлiгi осында жатыр. Содан кейiн бүгiнгi таңда мемлекет кейбiр басқарушылық мiндеттердi жеке компаниялардың құзыретiне тапсырғанды жөн санайды. Өйткенi, ең нашар менеджер ол мемлекет болып саналады. Дамыған елдер тәжiрибесi көрсеткендей, бәсекелестiк орта бар жерде әрдайым қызмет сапасы да жақсы болады. Сондықтан ел Үкiметiнiң көксеген басты мақсаты да сол, әлеуметтiк маңызды нысандардың қызмет сапасын арттыру.

Бүгiнде Шымкент қаласы әкiмшiлiк-iскерлiк орталығы аумағынан «Атамекен корпорациясы» ЖШС мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк аясында балабақша ғимаратын салып жатыр. Аталмыш корпорация директоры М.Төлтебаевтың айтуынша, нысанды тұрғызуға жұмсалған 540 млн. теңге 6 жыл iшiнде өзiне қайтарылса, тағы жыл сайын сыйақы ретiнде қосымша 30 млн. теңге алып отырады екен.

Осы секiлдi, облыс орталығының «Нұртас» шағынауданынан «Тур-Ахмет и Компания» ЖШС 1,5 млрд. теңгеден астам қаржыға 500 орынды үлкен емхана құрылысын жүргiзiп жатыр. Мұнда да құрылысқа кеткен қаражат мемлекет есебiнен 5 жылда толық өтеп берiледi, бұдан бөлек 19 жыл қатарынан инвесторға жұмсаған инвестициялық шығынының 5 пайызы сыйақы ретiнде төленiп отырады.

Мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiгi жобасын жүзеге асырушы мекеме –«Эксперт» ГЧП» ЖШС. Бұл компания мемлекет пен жеке кәсiпкерлердiң арасын байланыстыратын «алтын көпiр» рөлiн атқарады. Яғни жобаның бүкiл құжаттарын дайындаумен, оған қатысатын инвесторларды тауып, мемлекетпен өзара келiсiм орнатумен айналысады. Осы серiктестiктiң өкiлi О.Молдиевтiң айтуынша, мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiктi дамытуға Елбасының өзi тiкелей тапсырма берген. Осыған орай, 2015 жылы арнайы заң қабылданған. Қазақстан бұл жобаны Оңтүстiк Корея мен Түркия Республикасының тәжiрибелерiне сүйене отырып iске асыруда. Отандық мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiгi үшiн жоғарыда аталған қос елдiң тәжiрибелерi үлгi.

Ресми мәлiметке көз жүгiртсек, осы уақытқа дейiн 8 бiлiм беру, 3 спорт, 2 денсаулық сақтау нысанын салу бойынша жеке инвесторлар анықталып, олармен нақты келiсiмшарттар түзiлген. Жүзеге асуға дайын тұрған 8 жобаның iшiнде Шымкент қаласындағы жедел жәрдем стансасын жаңғырту бар. Бұл жерде аталмыш стансаны басқару түркиялық компанияның еншiсiне берiледi. Шетелдiк инвестор мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiгi аясында 74 жаңа «Жедел жәрдем» көлiгiн сатып алмақ. Және арнайы Call-орталық құрылатын болады. Жаңғыртудың халыққа беретiн пайдасына келсек, «Жедел жәрдем» қызметiне қоңырау шалған тұрғындар бұдан былай бұрынғыдай үйiнiң мекенжайын айтып отырмайды, ол компьютер арқылы бiрден автоматты түрде анықталады.

Сонымен бiрге, мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiгi аясында Шымкентте жаңадан онкологиялық және 200 орынды оңалту орталықтарын салу көзделуде. Мұнан бөлек, Сарыағаш ауданында 9 елдi мекендi таза ауызсумен қамтамасыз ету, Түркiстан қаласының көшелерiн жарықтандыру секiлдi әлеуметтiк маңызы бар жобаларды жүзеге асыру күтiлуде.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper