"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 335.33 0.00   EUR: 395.49 0.00   RUB: 5.7 0.00   

Warning: mysql_fetch_object(): supplied argument is not a valid MySQL result resource in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 712

Warning: mysql_free_result() expects parameter 1 to be resource, boolean given in /var/www/vhosts/v-94371.webspace/www/okg.kz/libraries/joomla/database/database/mysql.php on line 726


«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА» ЖАСАНДЫ КӨЗҚАРАС БОЛМАСЫН

Сенбі, 18 Қараша 2017 10:46
«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА» ЖАСАНДЫ КӨЗҚАРАС БОЛМАСЫН

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Облыс аумағында 18 миллион тонна қоқыс жинақталған. Оның 14 миллион тоннадан астамы өндiрiстiк, ал, 4 миллион тоннасы тұрмыстық қалдықтар. Бұл туралы бейсенбi күнi өткен облыс әкiмдiгiнiң кеңейтiлген мәжiлiсiнде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ильяс Құрамысов мәлiмдедi.

 

Мәжiлiсте «жасыл» экономикаға өту жөнiндегi тұжырымдаманың Оңтүстiк Қазақстан облысында орындалу барысы қаралды. Осы мәселеге қатысты баяндама жасаған И.Құрамысов өңiрде қалдықтарды сұрыптау және оны қайта өңдеу жайы әлi күнге күрделi күйiнде қалып отырғанын айтты.

Бүгiнде облыста 14 миллион тонна өндiрiстiк, тағы 4 миллион тонна тұрмыстық қалдықтар жинақталған. Өндiрiстiк қалдықтардың елеулi бөлiгi Шымкент қаласындағы фосфор және қорғасын зауыттарының аумағында жинақталған. Ал, тұрмыстық қалдықтарға келетiн болсақ, қазiр өңiрiмiзде әр адам жылына орта есеппен 110-130 келi қоқыс шығарады. Халық санының көбеюiне байланысты бұл жағдай жылдан-жылға күрделене түсуде. Қазiр Шымкент, Түркiстан, Кентау қалалары мен Қазығұрт ауданында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын жекелеген кәсiпорындар жұмыс iстеп тұр. Бiрақ, олардың қуаттылығы аз. Биыл шығарылған тұрмыстық қалдықтардың 7,6 пайызы ғана қайта өңделдi, – деген Ильяс Шойбекұлы мұндағы басты проблема қалдықтарды сұрыптап жинаудың жолға қойылмағандығымен байланыстырды.

Облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев бұл алаңдатарлық жағдай екенiн айтып, аудан, қала әкiмдерi мен тиiстi басқармалардың басшыларына нақты шаралар қолдануды жүктедi.

– Әлемдегi өркениеттi елдердiң бiрде бiрiнде мұндай жағдай жоқ. Облыста 18 миллион тонна қалдық жинақталды дегенiмiз бiз қоқыстың арасында отырмыз деген сөз. Қазiр қоқысты қайта өңдеп одан полипропилен, электр тогын, тiптi биогазға дейiн өндiруге болады. Кәрiз қалдықтарынан биогаз өндiретiн осындай кәсiпорынның бiрi жақында Шымкентте ашылмақ. Сондықтан барлық аудан, қала әкiмдiктерi осындай кәсiпорындар салатын инвесторлармен жұмыс iстеуi керек. Иә, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау тұрғындардың мәдениетiне байланысты нәрсе. Бiрақ, халықтан ондай мәдениеттi талап ету үшiн алдымен қалдықтарды бөлiп салатын арнайы жәшiктер орнатуымыз керек қой. Басқаны айтпағанда, Шымкент қаласының өзiнде көпқабатты тұрғын үйлердiң ауласында орналасқан 2 мыңнан астам қоқыс жәшiгiнiң тек 100-i ғана қалдықтарды сұрыптап жинауға арналған. Бұл жағдайды тездетiп түзету қажет, – дедi өңiр басшысы.

«Жасыл» экономикаға көшудегi тағы бiр өзектi мәселе – баламалы көздерден энергия өндiру. Бұл мәселеге қатысты облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым баяндама жасап, өңiрде 4 күн электр стансасы жұмыс iстеп тұрғанын, алдағы уақытта тағы бiрқатар жобалардың жүзеге асатынын және жолдардың бойына күннен қуат алатын электр шамдарының орнатылып жатқанын айтты.

Басқарма басшысының есебiне көңiлi толмаған облыс әкiмi бiрқатар кемшiлiктердi атап көрсеттi.

– Сiздер аудан, қала әкiмдiктерi атқарған азғантай жұмыстар жайлы мағлұматтарды жинап алып есеп берiп отырсыздар. Ал, сiздердiң жұмыстарыңыз қайда? Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында шетелдiк инвесторлардың көмегiмен күн электр стансасы салынып жатқанынан басқармадағылардың тiптi хабары жоқ. Бiз айтқан соң есептерiне қосып отыр. Басқаны айтпағанда, күннен қуат алатын шамдарды әр аудан әртүрлi компаниялардан сатып алады, сөйтiп қателiктерге ұрынады. Басқарма ең сапалы тауарды анықтап, аймақтарға ұсынып отыруы тиiс, – дедi Жансейiт Қансейiтұлы.

Облыс әкiмi бүгiнде баламалы қуат өндiру 2009 жылғымен салыстырғанда 4 есе арзанға түсетiнiн айтты. Технологиялар жетiлген сайын оның тиiмдiлiгi арта түсуде. Облыс басшысы басқарма тұрмыс жағдайында дәстүрлi энергия мен баламалы қуатты пайдаланудың бағасын салыстыратын кесте жасауы керектiгiн айтты. Әкiмнiң айтуынша, күн батареяларын сатып алған адам жарыққа төлейтiн ақшадан құтылып, соның есебiнен құрал-жабдық орнатуға жұмсаған қаржысын 2-3 жылда-ақ қайтарып алады. Ал, одан ары қарай электр қуатын тегiн пайдалана алады. Облыс басшысы осы мәселелердi халыққа кеңiнен түсiндiрумен және ең тиiмдi құралдарды сатумен айналысатын орталық құруды тапсырды.

Мұнан кейiн облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серiк Тұрбеков баяндама жасады. Бұл мәселеге қатысты Ж.Түймебаев агросектордағы «жасыл» технологиялардың ең маңыздысы жылыжайлар екенiн айтты. Биыл облыс бойынша 200 гектар жылыжай салу жоспарланғанын, бұл өте аз көрсеткiш екенiн айтқан әкiм Отырар, Бәйдiбек, Төлеби аудандарында сол аз жоспардың өзi орындалмай қалғанын сынға алды. Облыс басшысы келесi жылдан бастап, әсiресе, үйiргелiк жер телiмдерiнде жылыжай салуға баса назар аудару қажеттiгiн ескерттi.

Мәжiлiстiң күн тәртiбiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған мiндеттердiң орындалу мәселесi талқыланды. Облыстық мәдениет басқармасы басшысының мiндетiн атқарушы Асылхан Темiрхан мен өңiрлiк жобалық кеңсенiң басшысы Бақытжан Әшiрбековтiң баяндамаларын тыңдаған облыс әкiмi Ж.Түймебаев оларды «бухгалтерлiк есеп» деп атады.

– Мiнбеге шығып алып рухани жаңғыру жөнiнде жаттанды, жадағай, жалпылама сөздермен сартылдатып баяндама жасайтын басшылар көбейiп барады. Солардың көбi Елбасының мақаласын толық оқымаған, мәнiн түсiнбейтiн секiлдi. Сiздердiң де баяндамаларыңыз бухгалтерлiк есеп сияқты сандар мен пайыздарға толы. Рухани жаңғыру дегенiмiз ұлтымыздың тарих сахнасында қалу, қалмауын белгiлейтiн мәселе. Оған қатысты жиындарды баяғы компартия съездерiне ұқсатып, жалаң ұрандармен өткiзуге болмайды, – деген Жансейiт Қансейiтұлы 6 айда бiр ғана ауданға iссапармен барған өңiрлiк жобалық кеңсе басшысының жұмысын сынға алды.

Айта кетейiк, облыс әкiмдiгi кеңейтiлген мәжiлiсiнiң күн тәртiбiнде өңiрде бiлiм беру саласын дамыту мәселелерi де талқыға салынды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкiмi Ж.Түймебаев қаралған мәселелердiң барлығы өте маңызды екенiн айтып, салалық басқармалардың атқарған жұмысына қанағаттанарлықсыз деп баға бердi және олардың есебi қабылданбағанын айтты. Сондай-ақ, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар бере отырып, жiберiлген кемшiлiктер қысқа мерзiмде түзетiлмесе, өз мiндеттерiн толық орындай алмайтын басшылардың қызметтiк мәселесi қаралатынын ескерттi.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Желтоқсан 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31
JoomShaper