"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


«ТIЛДIК ЗАҢДЫЛЫҚТАР ТҮГЕЛ САҚТАЛЫНУЫ ТИIС»

Бейсенбі, 14 Қыркүйек 2017 10:31
«ТIЛДIК ЗАҢДЫЛЫҚТАР ТҮГЕЛ САҚТАЛЫНУЫ ТИIС»

 

Кеше Шымкент қаласындағы «Отырар» облыстық кiтапханасында «Мемлекеттiк тiлдiң латын графикасындағы әлiпбиiнiң бiрыңғай стандарттарын енгiзу мәселелерi» жөнiнде жиын өттi. Оған облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев, басқарма басшылары, зиялы қауым өкiлдерi, ғалымдар, тiл мамандары мен студенттер қатысты.

Басқосуда сөз алған өңiр басшысы латын графикасына негiзделген жаңа әлiпбидi енгiзудiң ерекше маңызға ие екенiне тоқталды.

 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзiнiң «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тiлiнiң 2025 жылға дейiн бiртiндеп латын графикасына негiзделген жаңа әлiпбиге көшуi керектiгiн, оның бiрыңғай стандарттарын биылдан қалдырмай бекiтуiмiз керектiгiн айтқан болатын. Соған сәйкес апта басында Парламентте жұмыс тобы жаңа әлiпбидiң жобасын таныстырды. Бүгiнде бүкiл елде осы мәселе бойынша қызу талқылау жүрiп жатыр, – деген Жансейiт Қансейiтұлы ел басқарып жүрген азамат және тiл бiлiмi саласының бiлiктi маманы, ғалым ретiнде өзiнiң құнды пiкiрлерiмен бөлiстi. –Әлiпби ауыстыру аса тиянақтылықты қажет ететiн шаруа. Өйткенi, әр тiлдiң өзiнiң ерекшелiктерi, заңдылықтары болады. Жаңа жазуға көшкен кезде қазақ тiлiндегi фонетикалық, морфологиялық, синтаксистiк заңдылықтар сақталуы керек. Қазақ тiлiнде, әсiресе, фонетикалық заңдылықтардың, оның iшiнде сингарманизм, ассимляция заңдарының маңызы зор. Жаңа әлiпби осы заңдылықтардың барлығын сақтауға мүмкiндiк берсе ғана оны халық қабылдап, келер ұрпақтарға жетедi.

Облыс басшысы жаңа әлiпбидiң қандай талаптарға сәйкес болуы керектiгiн де атап өттi.

– Қазiр жаңа әлiпби жобасындағы диграфтар қоғамда қызу талқыланып жатыр. Олар бiздегi кейбiр дыбыстардың транскрипциясы ғана. Әлiпби, ең алдымен, икемдi, жазуға ыңғайлы болуы керек. Екiншiден, әлiпби тiлiмiздiң барлық дыбыстарын қамтып, олардың нақты, айқын бейнеленуiне мүмкiндiк туғызуы тиiс. Үшiншiден, бұл әлiпби шетелдiктердiң қазақ тiлiн үйренуiн, қазақша оқуын жеңiлдетуге ықпал етуi тиiс. Ол үшiн бiз латын әлiпбиiнде жоқ әрiптердi шұбыртып ойдан жасай беруден аулақ болуымыз керек. Бiрақ, көп дыбыстарды диграфтар арқылы таңбалауға да тым әуестенiп кетпеуге тиiспiз, – дедi Ж.Түймебаев.

Мұнан кейiн облысқа белгiлi ғалымдар өз ойларын ортаға салып, ұсыныс-пiкiрлерiн жеткiздi. Солардың бiрi филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Мекемтас Мырзахметов латын графикасына негiзделген жаңа әлiпбиге көшудi толық қолдайтынын айтты.

– Латын әлiпбиiне көшуден бiз ұтылмаймыз, тек ұтамыз. Қараңыз, әлем халықтарының 70 пайыздан астамы осы әлiпбидi қолданады. Қазiргi тез өзгерiп жатқан жаһандағы ғылым-бiлiмнiң, техника мен технологияның басым бөлiгi ағылшын тiлi мен латын әлiпбиiнiң негiзiнде жасалған. Сондықтан қазақ өз ғылымын, экономикасын дамытқысы келсе, өркениет көшiне iлесудi қаласа, латын әлiпбиiне көшуi шарт. Қазiр мектепте балаларға ағылшын тiлiн оқытып жатыр ғой. Оларға латын әлiпбиi жат емес, тез үйренiп кетедi. Демек, ештеңеге алаңдамай тезiрек жаңа әлiпби жасауға тиiспiз. Оның үстiне латын әлiпбиi бiздiң санамызды отарсыздандырып, рухани серпiлiс әкеледi, – деген ғалым қазақ тiлiне тән төл дыбыстарға жеке таңба енгiзiлсе деген ұсынысын айтты.

Ал, М.Әуезов атындағы ОҚМУ филология факултетiнiң деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Тiлеубердиев латын әлiпбиiне көшу арқылы кирилл жазуына өткен кезде кеткен қателiктердi түзетуге болатынын айтты.

– Қазақ тiлi жалғамалы тiл, оның негiзгi заңы – сингармонизм. Яғни сөздер қалай дыбысталса, солай таңбаланады, әрi жұрнақтар мен жалғаулар сөздiң айтылуындағы әуездiлiгiн бұзбайтындай етiп жалғануы тиiс. Қатаң дауыссыздан кейiн қатаң, ұяң дауыссыздан кейiн ұяң дыбыстар жалғануы тиiс. Осындай ерекшелiктерiнiң арқасында қазақ тiлi әлемдегi ең әуездi, құлаққа жағымды тiлдердiң бiрi болып саналады. Отарлаушылар 1940 жылы орыс графикасын енгiзумен шектелмедi. Оны бiраз орнықтырып алған соң емле ережелерiне реформа жасап, орфографикалық және орфоэпиялық заңдылықтар дегендi сылтауратып тiлдiк иiрiмдерiмiздi бұзып жiбердi. «Қалай дыбысталса солай жазуымыз керек» дегендердi сауатсыз деп айыптады. Соның салдарынан қазiргi замандастарымыздың көбi қалай жазылса, солай сөйлеп, тiлдiк орамдарымызды бұзып жүр. Бiз латын графикасына негiзделген жаңа әлiпбидi бекiту арқылы сол олқылықтардың орнын толтыра аламыз. Сондықтан Елбасының бұл бастамасын толықтай қолдаймын, – дедi Б.Тiлеубердиев.

Белгiлi жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегерi Мархабат Байғұттың айтуынша, кейбiр шетелдiк саясаткерлер қазақ тiлiнiң латын графикасына көшуiнен саяси астар iздеп жатқан көрiнедi. Ал, шын мәнiнде бұл бiлiм беру жүйесiн, ғылым мен технологияны дамыту мақсатында туындап отырған қажеттiлiк. Сол латын әлiпбиiне, оның iшiнде диграфтарға қатысты пiкiрталастар қоғамды бөлiну мен жiктелуге әкелмеуi тиiс.

– Бiр дыбысты екi немесе үш әрiппен таңбалау әлемдiк тәжiрибеде кеңiнен қолданылады. Мәселен, немiс тiлiнде солай. Одан немiстер күйреп, тiлдерi жойылып кетiп жатқан жоқ қой, – дедi М.Байғұт. Сондай-ақ, басқосуда Құлбек Ергөбек, Нариман Нұрпейiсов сынды ғалымдар мен ақын Абай Қалшабек өздерiнiң ұсыныс-пiкiрлерiн ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкiмi Қазақстан әлемдiк қауымдастықтың тең дәрежелi мүшесi ретiндегi орнын нығайта түсуi үшiн, шетелдегi қандастармен және бауырлас түркi халықтарымен байланыстарды бекемдей түсу үшiн әлем елдерiнiң 70 пайызы пайдаланып отырған, ғылым мен технология саласында кең қолданысқа ие болған латын әлiпбиiне көшуi керектiгiн тағы бiр қадап айтты.

Облыс басшысы өңiр ғалымдарының пiкiрлерi ескерусiз қалмайтынын, сондықтан олардың өз ұсыныстарын нақтылап, ғылыми негiзге түсiрiп, жазбаша түрде жеткiзуi қажеттiгiн айтты. Ол үшiн өңiрдегi iргелi жоғары оқу орындарының ғалымдары арнайы бас қосып, пiкiр алмасуы тиiстiгiн жеткiздi.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper