"Оңтүстік Қазақстан" газетінің ресми сайты

USD: 341.61 +0.66   EUR: 410.27 +1.54   RUB: 5.9 +0.03   


ТҮРКIСТАНДА ҚОНЫС ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

Бейсенбі, 07 Қыркүйек 2017 11:48
ТҮРКIСТАНДА ҚОНЫС ТОЙЫ ТОЙЛАНДЫ

 

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстiк Қазақстан».

Осыдан бiрнеше жыл бұрын ғана Түркiстан қаласының кiреберiсi иен жатқан дала едi. Қазiр қала кеңейiп, сол аумақтарға көпқабатты үйлер салына бастады. Түркiстанның кiреберiс қақпасынан оңға бұрылған жақта аз уақыттың iшiнде «Отырар» деген шағынаудан пайда болды. Сейсенбi күнi Түркiстанға жұмыс сапарымен барған облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев аталған шағынауданға ат басын бұрып, тұрғындарға жаңа пәтер кiлттерiн салтанатты түрде тапсырды.

 – Бiр күнде 480 пәтердiң берiлуi ол бiр Түркiстан емес, бүкiл облысымыз үшiн үлкен оқиға деп айтуға болады. Ендi мұнда жаңадан 480 отбасы, яғни үш мыңдай азамат өмiр сүретiн болады. Елбасы тапсырмасымен тұрғын үй құрылысына қаржы тоқтаусыз бөлiнiп жатыр. Аудан, қалаларда көпқабатты үйлер салынуда. Түркiстандағы үйлер уақтылы пайдалануға берiлiп отыр. Бұл қала әкiмiнiң алымды да шалымды маман екендiгiн бiлдiредi. Былтыр облыста 460 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлсе, биыл оны 700 мың шаршы метрге жеткiземiз деген ой бар. Әр адамның ең басты армандарының бiрi – баспаналы болу. Бүгiн бiрқатар тұрғындар осы армандарына қол жеткiзiп отыр. Баспаналарыңыздың қызығын көрiңiздер, әр шаңыраққа бiрлiк пен береке тiлеймiн, –дедi облыс әкiмi.

Пәтерлер баспана кезегiнде тұрған көпбалалы отбасыларға, мүгедек және әлеуметтiк жағдайы төмен тұрғындарға, сондай-ақ, арендалық үйге құжат тапсырған бюджеттiк мекеме қызметкерлерiне берiлдi. Биыл пайдалануға берiлген көпқабатты 8 үй «Өңiрлердi дамыту» бағдарламасы бойынша салынған. Құрылыс жұмыстарын облыс бюджетiнен бөлiнген 3 млрд. 109 млн. теңгеге «Ныш-Ер» ЖШС-i жүргiзген. Ендi «Отырар» шағынауданы маңынан 280 орынды балабақша мен 900 орынды мектеп салынбақ. Сонымен қатар, балаларға арналған 200 орынды психологиялық-түзеу орталығы бой көтермек. Салтанатты шарада түркiстандық тұрғындар мен ел ағалары баспана мәселесiн шындап қолға алған облыс және қала әкiмдерiне, құрылысшыларға алғыстарын айтты.

Өңiр басшысы одан кейiн «Сауран» шағынауданындағы Н.Төреқұлов атындағы мектепке барып, жаңадан бой көтерген 200 орынды ғимараттың ашылуына қатысты. Типтiк оқу ғимаратында 10 сынып бөлмесi, асхана, спорт залы, медициналық бекет және мәжiлiс залы бар. Сонау 1933 жылы ашылған бұл бiлiм ұясы талай жылдан берi жөндеу көрмеген едi. Оның үстiне оқушылар саны да арта түскен. Жаңа ғимарат бiраз мәселенi шешуге сеп болады. Облыс әкiмi мектеп ұжымы мен оқушыларға сәттiлiк тiлеп, «бiлiм мен ғылым кеңiстiгiнде жұлдыздарыңыз жарқырай берсiн» деген тiлегiн жеткiздi.

Соңғы жылдары Түркiстанда шағын кәсiпкерлiк пен жеңiл өнеркәсiп жақсы дамып жатыр. Соның бiр дәлелi ретiнде «Мұзды тау» балмұздақ шығаратын кәсiпорнын айтуға болады. 2013 жылдан берi жұмыс iстейтiн кәсiпорында балмұздақтың 30 түрi шығарылып, 5 облысқа жiберiледi. 50 адам жұмыспен қамтылған кәсiпорын жылына 900 тонна балмұздақ шығаруға қабiлеттi. Биыл 140 млн. теңгенiң өнiмiн өндiрудi межелеген өндiрiс орнының басшылығы «Даму» кәсiпкерлiктi дамыту қоры арқылы және «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша да көмекке қол жеткiзгенiн айтты. Облыс әкiмi кәсiптi дөңгелетiп отырған азаматтарға оң бағасын берiп, осындай жобаларды көптеп қолға алу керектiгiн жеткiздi.

Осы iссапарында облыс әкiмi Құмтиын елдi мекенiндегi «Құлыншақ» балабақшасының ашылу салтанатына да қатысты. 120 орынды типтiк балабақшаға жергiлiктi тұрғындар ризашылықтарын бiлдiрдi. Сонымен қатар, Жансейiт Түймебаев Түркiстан қаласының жарықтандыру мәселесi бойынша атқарылған жұмыстармен танысты. Соңғы үш жылда қаланың 20 шақырымға жуық орталық көшелерi мен даңғылдары толық жарықтандырылса, электр бағаналарына ұлттық нақыштағы 580 белгi орнатылған.

comments powered by HyperComments

Газеттің жаңа номері

"Оңтүстік Қазақстан" газетінің PDF нұсқасы

Көшіру

Архив

« Қыркүйек 2017 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб. Жк
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  
JoomShaper