
Ұлт Көшбасшысы – ел кемеңгері
Қымбатты отандастар!
Құрметті Түркістан облысының
тұрғындары!
Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан
Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
1991 жылдың 1 желтоқсанында
Қазақстанда тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлау өтті. Онда халықтың басым
көпшілігінің қолдауына ие болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеңіске жетті.
Қазақстан халқы осынау тарихи таңдауы арқылы тәуелсіз мемлекетіміздің даму
жолындағы алғашқы қадамын жасады. Демек, бұл – тарихымыздың жаңа дәуірі
басталған күн. Бұл мереке – халқымыздың бірлігін нығайтып, берекесін молайтып,
мемлекеттің мерейін асыратын мереке.
Ұлт Көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев бүкіл саналы ғұмырын жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалауға
арнады. Қай уақытта да Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға, Ата Заңның
бұлжымастығын қорғауға, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және адам құқықтарын
қорғауға бар күш-жігерін салды.
Елбасы көрегенділігінің арқасында
еліміз сыртқы және ішкі саясатта көптеген белестерді бағындырды. Қазақстанның
түрлі халықаралық ұйымдарға мүше болып қана қоймай, оған төрағалық етуі,
ғаламдық деңгейдегі күрделі проблемалардың Астана алаңында талқылануы –
сөзіміздің айғағы.
Тұңғыш Президентіміздің Семей
полигонын жабу, ядролық қарудан өз еркімен бас тарту жөніндегі батыл да көреген
шешімдерінің арқасында бүгінде халықаралық қауымдастық Қазақстанды ядролық
қарусыз әлем құру бағытындағы көшбасшы әрі бейбітшілік сүйгіш мемлекет ретінде
таниды.
Экономика дамып, шекарамыз
шегенделді. Бар-жоғы жиырма жылдың ішінде бой түзеген
Нұр-Сұлтан қаласы ел дамуының
қозғаушы күшіне айналды. Елбасының қажыр-қайратының арқасында бой түзеген бұл
қала миллиондаған отандастарымыздың қиялына қанат бітіріп, көңілдеріне ертеңгі
күнге деген сенім ұялатты.
Құрметті жерлестер!
Тұңғыш Президентіміз Қазақстанды
саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамытумен шектелмей, халқымыздың
ХХІ ғасырдың талаптарына сай рухани-мәдени тұрғыда кемелденуіне баса назар
аударып келеді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті
қыры» атты сүбелі еңбектері сөзіміздің айғағы. Олардың қай-қайсысы да ұлттық
тарихымызды түгендей отырып, халықтың санасын жаңғыртуға негіз болмақ.
Түркістан облысын құрып, оның
орталығы ретінде тарихи қаланы белгілеу арқылы Ұлт Көшбасшысы өзінің алысты
болжай білетін кемеңгер саясаткер екенін тағы бір рет дәлелдеді.
Өздеріңізге белгілі, биыл наурыз
айында Елбасы өзінің Президент ретіндегі өкілеттілігін тоқтату туралы тарихи
шешімін жариялады. Нұрсұлтан Әбішұлы осынау шешімі арқылы ұлт болашағының
шынайы жанашыры екенін дәлелдей түсті. Бүкілхалықтық сайлаудың нәтижесінде
Президент атанған Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы салған сара жолдың сабақтастығын
сақтай отырып, Қазақстанды дамудың жаңа белестеріне қарай бастап барады. Осының
барлығы халықтың ауызбірлігі мен ынтымағының жемісі. Олай болса, әрдайым
бірлігіміз бекем болсын!
Осындай атаулы күні Сіздерге зор
денсаулық, кәсіби табыс, отбасыларыңызға амандық және берекелі келешек
тілейміз!
Елімізде бейбітшілік пен келісім
мәңгі сақталып, тәуелсіздігіміз баянды болғай!
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ
ШӨКЕЕВ.
Түркістан облыстық мәслихатының
хатшысы Қайрат БАЛАБИЕВ.
Пікіріңізді қалдырыңыз