
«Қарашаңырақта қаламым ұшталғанын мақтан тұтамын»
Айгүл ҚАПБАРОВА, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
Жүз жылдық межеге жақындап, тоқсан бес
белесті артқа қалдырған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тамыры тереңнен бастау
алады. Ғасырға жуық жасаған басылымнан ел тарихын айқын көруге болады.
Ашаршылық, зұлмат, соғыс, тың игеру, тәуелсіздік белестері сияқты шежірелі
жылдар, зар заман кезеңінен айналып өтпеген. Алғаш «Ақ жол» атауымен жарық көре
бастаған басылым мұрағаты құнды деректерге бай.
Қазақ баспасөзінде орны ерекше оңтүстіктің
сөз ұстар қарашаңырағы ұлт мүддесі жолында аянбай қызмет етіп келе жатыр. Мен
өзімнің еңбек жолымда ерекше із қалдырған «Оңтүстік Қазақстан» газетінде
қаламымды ұштап, саясат сахнасындағы алғашқы қадамымды осы басылым қабырғасынан
бастағанымды мақтан тұтамын. Редакцияның саясат бөлімінің тілшісі, бөлім
меңгерушісі болып еңбек еткен жылдар мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Жас
журналистердің ұстаханасына айналған ұжымда бұл үрдіс берік қалыптасқан.
Ұлт шежіресін тұтас ғасыр тасқа қашаған
«Оңтүстік Қазақстанның» дәуір тынысын бедерлеудегі тарихы мен тағлымы
теңдессіз. Алаш аманатын абыроймен арқалап, болашаққа бағдар бұрған ұлт
үнпарағын ғасыр биігіне жақындаған мерейлі мерекесімен шын жүректен
құттықтаймын! Тоқсан бестің төріне шыққан оңтүстіктің бас басылымы ел газетіне
айналып, рух мұзартынан үздіксіз үн қата бергей!
Пікіріңізді қалдырыңыз