
Жобалық Кеңсе 1,5 мыңға жуық жобаны бақылауға алған
Жобалық Кеңсе облыстағы бастамалар мен жобаларды іске асыруда өзіндік үлесін қосып жүр
Түркістан
қаласының облыс орталығы болғанына да 1,5 жыл болды. Қала күннен күнге
көркейіп, түрленіп келеді. Осы бағытта түрлі мекемелер құрылып, өңірдің
дамуына, экономикасының өсуіне едәуір үлес қосуда. Соның бірі – Түркістан
облысының Жобалық кеңсесі. Біз Кеңсе жетекшісі Асхат Махинді әңгімеге
тартқанбыз.
--Асхат Мухаммедғалиұлы, Жобалық Кеңсенің өңірімізде
құрылғанына да көп бола қойған жоқ. Жалпы, облыстағы бастамалар мен жобаларды
іске асыруда өзіндік үлесін қосып жүрген Жобалық Кеңсенің негізгі міндетін
көпшілік әлі түсіне бермейді. Бізге таратып айтып берсеңіз...
-- Жобалық Кеңсе мекемесінің негізгі мақсаты -- Түркістан
облысының аумағын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасын және
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейінгі Кешенді
жоспарын уақытылы әрі тиімді, неғұрлым оңтайлы жолдармен іске асыру болып
табылады. Яғни Жобалық Кеңсе кешенді
жоспарларға жоғары дәрежеде қол жеткізу үшін құрылған. «Open space» форматында
барлығын бір тілде, бір бағытта дамыту. Түркістан облысының Жобалық Кеңсесі
қазіргі таңда 1,5 мыңға таяу жобаны іске асыруда. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің
бастамасымен Жобалық Кеңсенің нормативтік базасы да құрылған. Сонымен бірге, негізгі
бағытымыздың бірі аудандардың жобаларын басқару барысында «action-learning»
әдісімен оларды жобалық тәсілге үйрету болып табылады. Заманауи жобалық
тәсілдерді практикада қолдана отырып, мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу де
Жобалық Кеңсенің басты міндеті.
--Қателеспесем, әлемдік тәжірибеде кездесетін бұл Жобалық
кеңсе елімізде алғаш рет Түркістан облысында құрылды. Не себепті алғаш рет
біздің өңір таңдалды? Бүгінде басқа өңірлерде құрылды ма? Олармен қарым-қатынас
жасайсыздар ма?
--Түркістан облыстық Жобалық Кеңсесі облыс әкімі Өмірзақ
Естайұлы Шөкеевтың өкімімен осы жылдың мамыр айында құрылды. Қазақстан бойынша
облыс шеңберінде бұл алғашқы тәжірибе екені рас. Алайда бұған дейін ҚР Ауыл
шаруашылығы министрлігінде осы бағыттағы Жобалық кеңсе жұмыс істеген болатын. Бүгінде
біздің базаға сәйкестендіріліп Шымкент қаласында және Жамбыл облысында дәл осындай кеңсе құру қолға алынуда. Солтүстік Қазақстан
өңіріндегі кейбір орталықтарда жергілікті басқару өкілдерімен келіссөздер
жүргізілуде. Мұндай жобаның Түркістан облысынан бастау алған себебі – облыс
жаңадан құрылған. Бізде алдымен мұндай үлкен жобаны қалай басқару қажет, деген сұрақ
туындады. Қазіргі таңда әлемдік үрдіс бойынша бәсекелестік тек тауарлар мен
қызметтер арасында ғана шектелмейді. Басқару тәсілдері де бәсекелестікке
түсуде. Сол себепті басқарудың ең жақсы, тиімді, әрі оңтайлы түрі болып Жобалық
басқару менеджменті мен принциптері басымдыққа алынды.
-
Демек,
кеңсе қызметкерлері мықты менеджмент болуы тиіс деген талап қойылады ғой... Жалпы
ұжым қызметкерлерінің міндеті не?
--Бүгінде Жобалық кеңсенің жетекшісі қызметін атқарып
жүргеніммен мұндағы барлық шаралар Арман Қайратұлы Евниевтің бағыттауымен,
нұсқауымен жүргізіліп отырғанын ерекше атап өткен жөн. Жобалық менеджмент
процесі тікелей осы кісінің қадағалауында. Сонымен қатар, жобалық принциптерге
сәйкес Басқарушы кеңес құрылып, оған облыс әкімінің орынбасарлары төрағалық
етуде. Мұнда жұмыс істейтін 20 маман өздерінің ағымдағы жұмыстарынан толығымен
босатылып, іс-сапар негізінде өздерінің бағыттары бойынша жобаларды саралап,
талдап отырады. Атап өтсек, «Инфраструктураның дамуы», «Адами капитал», «Кәсіпкерлік
және индустрия», «Агроөнеркәсіп кешені», «Мемлекеттік сектор, мемлекеттік
қызмет көрсету және қауіпсіздік» атты базалық бағыттардан құралған. Әр бағытқа
облыс әкімінің орынбасарлары бекітілген. Сонымен қатар, әр бағыттың өз топ
жетекшісі бар.
Мәселен, «Агроөнеркәсіп
кешені» базалық бағытының мақсаты – еңбек өнімділігін және өңделген ауыл
шаруашылығы өнімін 5 жыл ішінде 2017 жылмен салыстырғанда кемінде 2,5 есе
ұлғайтуды көздейді. Еңбек өнімділігін 2017 жылғы 1,76 млн.тг.-ден 2022 жылы 4,4
млн.тг.-ге арттыру. Ал, өңделген өнім
экспортын 2017 жылғы 231,5 млн. АҚШ долларынан 2022 жылы 578,8 млн. АҚШ
долларына ұлғайту болып табылады. Сол секілді, «Кәсіпкерлік және индустрия»
базалық бағытында да жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 2024
жылға қарай 40 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Өнеркәсіптік өндіріс
өнімдерін сату көлемінің жылына 10 пайыздан кем емес өсуін қамтамасыз етеді. Инвестиция
көлемін негізгі капиталға жылына 10 пайыздан кем емес ұлғайтуды, экспорт көлемінің
өсуін мақсат етеді. Туристік қызмет көлемі де жылына кемінде 10 пайызға ұлғаюы
тиіс.
-
Өңірімізде
Жобалық кеңсе құрылғалы қандай да бір жетістіктер болды ма? Жалпы, кеңсенің
тиімділігі байқала ма?
––Бүгінде Жобалық Кеңсенің бақылауында 1,5 мыңға жуық
жоба бар. Оны тікелей қадағалап отырмыз. Қазіргі таңда өзіміздің нормативтік
базамыз аясында құрылған ереже мен өкім бойынша жұмыстар атқарылып келеді. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында
әлеуметтік желіде арнайы парақша ашып, жиі
ақпарат жариялап келеміз. Алдағы уақытта Жобалық Кеңсе сайтын құру жоспарда бар.
Сонымен қатар, Түркістан және Кентау қалаларында пилоттық режимде кішігірім
кеңселер аштық. 200-ге жуық адамға тренинг, дәріс өткізіп, оларға жобалық
менеджмент қағидалары, ұстанымдары жайлы түсіндірілді. Әртүрлі деңгейдегі, яғни облыс, аудан әкімдігінің мамандары, басшыларынан
қарапайым сарапшыға дейін осы оқу-дәрісінен өтуде. Жыл соңына дейін дәріс
алғандар қатары бұдан да артады. Біз негізінен толығымен Жобаларды басқару
ақпараттық жүйесінде жұмыс істейміз, ол – «Easy Project» деп аталады. Аталмыш
бағдарламада онлайн режимде жобаларды бақылап, мониторинг жасауға болады. Бұл
бағдарламамен кез келген жерден ұялы телефон, планшет, ноутбук және тағы да
басқа құрылғылар арқылы кіріп, өз жобасын бақылап, тиісті өзгерістер енгізіп,
жұмыс барысын реттей алады. Бұл бағдарламамен жұмыс істеу өте ыңғайлы. Облыс
әкімі, оның орынбасаралары және басқарма басшыларының қатысумен кездесулер
өткізіліп тұрады. Облыс әкімінің қатысумен өңірдегі күрделі мәселелердің
шешілуіне өз тарапымыздан үлесімізді қостық. Негізгі мақсатымыз да
қазақстандықтардың өмірін жақсарту болып табылады. Ал, міндетіміз – облысты
дамытудағы идеялар мен бастамаларды қолдау. Нақты істерді сөзбен емес, іспен
көрсете алатын - барлық қатысушы жобаларды жүзеге асыру. Сонымен бірге, қазіргі
таңда Түркістан облысының дамуының 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын дайындап
жатырмыз.
Осы уақытқа дейін біздің Жобалық Кеңсеге ҚР Сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Жоғарғы сот
төрағасы Жақып Асанов және елімізге белгілі бірнеше бизнес өкілдері,
инвесторлар арнайы келіп, кеңсе жұмысына оң бағасын беріп кетті.
-
Сіздердің
қызметтеріңізге кімдер келіп жүгіне алады? Келушілер сіздерді қайдан табады?
Осыған тоқталып өтсеңіз...
––Жобалық Кеңсе Түркістан қаласының Алматы алаңы 3
үйінде орналасқан. Қызметкерлер әр
базалық бағыттың міндеті мен ұстанымына сай өзіндік графигімен мамандармен бірлесе
жобаларды пысықтап, мәселелерін шешумен айналысады. Қазіргі таңда облыста
газдандыру жұмыстары жанданып, инфрақұрылым мәселесі дұрыс жолға қойылып
келеді. Автомобиль жолдары мен елді-мекен көшелерінің дер кезінде реттеліп келе
жатқанына да осы Жобалық Кеңсе едәуір үлес қосуда. Облыс шеңберінде біз барлық
жоба жетекшілерімен тығыз байланыс орнаттық. Егер тұрғындар тарапынан білімі
мен тәжірибесін қолданып, жүзеге асыратын идеясы болса оған қолұшын беруге әзірміз.
Есігіміз әрдайым ашық. Түркістан облысын дамытуға үлес қосамын деген кез келген
жобаны дамытуға әрдайым дайынбыз.
––Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕКОВА.
Пікіріңізді қалдырыңыз