
Тұрарды тұғырға көтергендер
1937 жылғы қуғын-сүргін жылдары партия, cовет қызметкерлері, әскери адамдар мен жай азаматтар «халық жауы» деген айыппен бірінен кейін бірі қамалып жатты, атылды, асылды. Солардың бірі — РСФСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов еді. Ол 1937 жылы 21 мамырда Кисловодск қаласында әйелі Әзиза Түбекқызымен бірге демалыста жүргенінде тұтқындалып, арнайы күзетпен Мәскеуге жеткізілген. Сегіз ай бойы азапты тергеуді басынан өткеріп, 1938 жылдың 10 ақпанында «халық жауы» деген айыппен атылған.
Тұрар
ұсталғаннан кейін әйелі Әзиза Түбекқызы да қамауға
алынады. Аяғы ауыр Әзиза қызы Риданы 1937 жылдың 30 маусымында түрмеде босанады (Рида Рысқұлова 2009
жылы желтоқсанда Мәскеу қаласында
қайтыс болды). 1933 жылы дүниеге келген қызы
Сәуле мен нәресте Рида елдің әр
қиырындағы балалар үйінде тәрбиеленеді (Сәуле
Рысқұлова 2013 жылы
қаңтарда Алматы қаласында өмірден өтті). Әзиза Рысқұлова туған анасымен
бірге 10 жылға сотталып,
Қазақстандағы «АЛЖИР» лагерінде болады, анасы
сол жерде өмірден өтеді. Рысқұловтың 17 жасар
ұлы Ескендір де тұтқындалып, Карелияның «Онега» лагеріне жіберіледі. Суық өңірдегі лагерьдің
адамды титықтататын ауыр жұмысына
шыдамаған жасөспірім өкпесіне суық тиіп, ауыр науқасқа шалдығады. Кеселіне байланысты 1939 жылы
қамаудан босатылғанымен,
1940 жылы ауру бәрібір алып
тынады.
1953 жылы
5 наурызда И.В.Сталин қайтыс
болғаннан кейін қоғамда «1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырағандар
шын мәнінде халық
жауы ма, әлде қуғын-сүргін құрбандары ма?» деген мәселе
көтеріле бастайды. КОКП-нің 1956 жылдың ақпан айында өткен съезінде «Сталиннің жеке басына
табынушылық және оның зардаптарын жою туралы» мәселе қаралып, Сталиннің
партиялық нормаларды бұзғаны,
заңсыздыққа жол бергені атап көрсетіледі. КОКП-нің ХХ съезінен кейін
саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың қылмысты істері сотта қайта қаралып, алды ақтала
бастады. Ірі мемлекет, қоғам
қайраткері Тұрар Рысқұловты ақтау
жөніндегі материалды дайындаған тарих ғылымдарының докторы, мәскеулік профессор
Виктор Михайлович Устинов болатын. Ол
1954 жылы Орталық
партия архиві институтында
саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды
ақтау жөніндегі анықтама
тобында жұмыс атқарып
жүргенде әскери прокуратурадан Т.Рысқұловтың саяси үш парақтан тұратын қылмысты
ісі қолына түседі. Істе
Рысқұловты қамауға алу
қаулысы, «үштіктің» ату
жазасына берген үкімінің
көшірмесі және үкімнің орындалуы туралы мәлімет тіркелген. Осыдан
бастап Рысқұловқа байланысты бірнеше одақтық
республикалардың архив құжаттарын ақтарып, Американың бірнеше архивінде
болады. Рысқұловтың қызметі 1916 жылы
патша өкіметіне қарсы Әулиеата көтерілісін
ұйымдастырумен басталып,
РСФСР Халық Комиссарлар
Кеңесі төрағасының орынбасары
қызметін 1926 жылдан бастап атқарып жүргенінде, яғни 1937 жылы қамауға
алынған, 1938 жылы 10 ақпанда
атылған кезеңдерін қамтитын
архив құжаттарын зерттеп, Рысқұловты
толық ақтауға жататынын дәлелдеп, анықтама дайындаған. Осы анықтама
негізінде КСРО Жоғарғы Соты
әскери коллегиясының қаулысымен
Рысқұлов 1956 жылы 8
желтоқсанда ақталды.
1994
жылы қазан айында Түлкібас ауданында өткен Тұрар Рысқұловтың
100 жылдық мерейтойына мәскеулік ғалым В.М.Устинов қонақ ретінде
қатысты. Қазақстанның белгілі
журналисі, «Заң және заман»
газетінің бас редакторы
Нури Муфтах В.М.Устиновқа
Рысқұлов туралы бірнеше
сұрақ қойған болатын. Енді
Устиновтың орыс тілінде берген жауабынан аудармасыз үзінді
келтірейік:
«Турар был выдающимся государственным
деятелем..., более того, судя по трудам Турара Рыскуловича, он был
энциклопедически образованным
человеком. Он много
уделял внимания и
времени самообразованию. Он
прекрасно знал русскую
литературу и ее
классиков. Поражает то,
что он писал
без ошибок и был
поражен, что он
был намного грамотнее,
чем наши современные
руководители. Но его грамотность, интеллигентность определяются
не только по
широким спекторам его
взглядов. Он владел
многими языками, как, например, английским, арабским и языками средне-азиатских народов».
Бұл алғашқы тұрартанушы
ғалымның берген бағасы еді (В.М.Устинов Т.Рысқұловтың өмірі мен
қызметін зерттеу нәтижесінде 1984
жылы «Служение народу»
деген өмірбаяндық кітап
жазып шықты).
Рысқұловтың ақталғаны
туралы дерек түлкібастық
туыстарына бірден жете қойған
жоқ. Дегенмен, елуінші жылдары ауыл
қарттарының Тұрар мен оның әкесі
Рысқұл туралы аса
сақтықпен айтқан әңгімелерін
тыңдап, Тұрардың кім
екенін біле бастадық. «Социалистік Қазақстан»
газетінің 1960 жылғы 19
қазандағы санында Рахмалы Байжасаровтың «Тұрар Ырысқұлов» атты
Тұрардың суреті берілген
көлемді мақаласы басылды (мақаланың газеттегі
қиындысы менде әлі сақтаулы). Мақалада патша
өкіметіне қарсылықтың бір
көрінісі ретінде 1905
жылы Алматының шығысындағы
Қараш елінің болысы
Саймасай Үшкемпіровті кедей
жалшы Жылқайдаров Рысқұлдың
атып өлтіргені, содан патша жандармдарының қолына
түсіп, сотталып, Сахалин
аралына айдалғаны, осы
оқиға жазушы М.Әуезовтің
«Қараш-қараш оқиғасы» атты
шығармасына арқау болғаны айтылған. Рысқұлдың түрме бастығы Приходькоға
өтініш айтып жүріп,
10 жасар ұлы Тұрарды қасына алдырғаны, жас баланың түрменің қара
жұмысына жегіле жүріп хат танығаны,
әкесінің айдалып кетуіне байланысты
Мерке ауданындағы нағашыларын
паналап, Қырғызбаев деген
бөтен фамилиямен 1907–1910
жылдары Меркі бастауыш
мектебін, 1910–1914 жылдары
Піспек (Фрунзе, қазіргі
Бішкек) қаласында ауыл
шаруашылығы мектебін бітіріп, 1915 жылы
Ташкент қаласына келгені
және Октябрь төңкерісінен
кейін 1917–1937 жылдар
аралығында Тұрардың атқарған қызметтері баяндалған. Бұл мақала
арқылы оқырмандар Т.Рысқұловтың кім екенінен
біршама хабардар болды.
Осы мақала жайында Қазақстанның халық
жазушысы Шерхан Мұртаза
былай деп еске
алады: «Сол, 1960 жыл
болатын. «Социалистік
Қазақстан» газетінің кіші
әдеби қызметкерімін. Секретариатта
Ким дейтін қартаңдау
келген ретушер бар
еді. Бір күні
бөлмесіне бас сұқсам,
ол кісі шеті
жеміріліп сынып кеткен ескі
суретті жамап-жасқап отыр
екен. Әуесқойлықпен үңіліп
қарап едім «Сто
не уснаесь?» деді. Бұл Ким
ағайдың «Что, не узнаешь?»
дегені, «нет» дедім
мен, «Рисыкулов» деді ол
кісі жұмысынан бас
алмаған күйі, естілер-естілмес дауыспен
жай ғана. Жүрегім
шым ете қалды. Газеттің нөмірі
жарыққа шыққаннан кейін
«осы суретті – түпнұсқаны маған
беріңіз» деп қолқа
салдым ретушер қартқа. «Не
снаю» – деді сол тұқшыңдаған
қалпы Ким ағай. Ақыры
отырып-отырып «ладно» – деді.
«Только никому не
покасывай» – деді. Міне, Тұрар
Рысқұлов туралы менің
қолыма түскен тұңғыш
дерек осы еді
(«Халық кеңесі» газеті, 29
маусым, 1994 жыл.)
Мақаланың авторы Р.Байжарасов кім болған? Ол Алматы
облысы, Қарасай ауданының тумасы.
Кеңес өкіметі тұсында комсомол, партия
қызметін атқарған, Қарағанды
облыстық партия комитетінің екінші хатшысы
қызметінде жүргенінде 1937 жылы
«халық жауы» деген
жаламен ұсталып, көп жыл айдауда
болып қайтқан. 1960
жылдардың соңында өмірден
озған қарт журналист
еліміздің аяулы азаматтарының
бірі еді.
Еліміздің
бас газетіне жазылған Т.Рысқұлов туралы мақаланың қуанышы
ұзаққа бармады. «Рысқұлов
ақталғанымен, оның ұлт
мәселесі жөніндегі іс-әрекетіне кешірім жоқ» деп Қазақстан КП Орталық
Комитетінің бюросында талқыланып, қаулы қабылдаған. Қаулыда «жөнсіз
әрекет ретінде республикалық партия
ұйымының идеологиялық жұмысына және
еңбекшілерді
интернационалдық рухта тәрбиелеу
ісіне үлкен нұсқан
келтіретін «Тұрар Рысқұлов» мақаласын жариялаған «Социалистік
Қазақстан» газеті редакциясының әрекеті
айыпталсын. Қ.Шәріпов жолдас «Социалистік
Қазақстан» газеті редакторы және
коллегия мүшесі қызметінен
босатылсын» деп көрсеткен.
Білікті қайраткер ретінде
көрініп жүрген газет
редакторы Қасым Шәріповті
қызметінен алған (Қасым Шәріпов 1912 жылы Қызылорда
облысы, Тереңөзек ауданында
туған. Ұлы Отан соғысына
қатысқан, 1955–1960 жылдары
«Социалистік Қазақстан» газетінің
редакторы болған), ал, мақала
авторы Р.Байжарасовқа моральдық
тұрғыдан қысым жасалған.
Кеңестік
жүйе Т.Рысқұловты партиялық ақтауға, жарыққа шығаруға асықпады, шындықты бүркемелеп бақты.
Дегенмен, Қазақстан КП Орталық Комитетінің
бірінші хатшысы Д.А.Қонаев Рысқұлов
туралы мәселені шешуді
Қазақстан КП Орталық Комитетінің
бюро мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі
Президиумының Төрағасы С.Ниязбековке жүктеген (Сабыр
Біләлұлы Ниязбеков 1912
жылы Ақмола облысы,
Астрахань ауданында туған,
ауылдық Кеңес хатшылығынан сатылап өсіп, Қазақ
КСР Жоғарғы Кеңесі
Президиумының Төрағасы қызметін
1965–1978 жылдары атқарған). Ол
кісі Рысқұлов туралы одақтық, республикалық архивтерден
алдырған құжаттарды және
Қауіпсіздік комитетінің құпия
құжаттарымен ұзақ уақыт
танысып, тағылған «айыптардың»
негізсіз қолдан жасалғанын дәйектеп, Ғылым Академиясы мүшелері қатысқан кеңейтілген кеңесте бүкіл
жұртшылықтың алдында тарихи
шындықтың бетін ашып, Рысқұловты саяси
тұрғыдан да, партиялық
тұрғыдан да ақтаған
және оны ұлтымыздың
жарық жұлдыздарының бірі
және бірегейі деп
мәлімдеген.
Сол жылдары
Қазақ КСР Жоғарғы
Кеңесі Президиумының хатшысы
болған мемлекет және
қоғам қайраткері Бижамал
Рамазанова «Т.Рысқұлов жөнінде жалтармай, жасқанбай, тұңғыш рет
қалың жұртшылыққа істің ақиқатын
жеткізген адам С.Б.Ниязбеков еді» деп «Егемен Қазақстан» газетінде
2012 жылы 7 желтоқсанда жазды.
Сталиндік зұлматтың
құрбаны болған Т.Рысқұловты
ақтап алу ұзаққа
созылғанымен, тарихи шындықтың беті ашылып, оның көрнекті мемлекет
және қоғам қайраткері
екенін дәлелдеп биік тұғырға
көтерген орыс ұлтының
өкілі В.М.Устиновқа; өзі де
қуғын-сүргін көргенімен, Тұрар
және оның әкесі Рысқұл туралы тұңғыш рет мақала жазып,
«Социалистік Қазақстан» газетіне
суретін жариялаған Р.Байжасаровқа; өзіне сөз
келетінін біле тұра
Тұрар туралы шындық
мақаланы газетке жариялаған редактор
Қ.Шәріповке; Тұрар туралы тарихи
шындықтың бетін ашып,
саяси тұрғыдан да ақтап,
халыққа жариялаған Д.А.Қонаев
пен С.Б.Ниязбековке қазақ халқының алғысы шексіз.
Т.Рысқұлов туралы
Қазақстанның халық жазушысы
Ш.Мұртаза көп томдық
«Қызыл жебе», жазушы
Т.Нұртазин «Тұрардың анты»,
Е.Күзембаев «Тұрар» атты
романдар жазды. Тарихшы ғалымдарымыз
көптеген зерттеу мақалалар
жазды, әлі де
жазып келеді, оның
ішінде тарих ғылымдарының
кандидаты Ордалы Қоңыратбаевтың Т.Рысқұловтың өмірі мен
қызметі туралы 2015 жылы «Түркістан
жинағы» журналында жарияланған
көлемді очеркі өте
дәлдікпен, құжаттарға
негізделіп жазылған құнды
еңбек екен.
Дегенмен,
Т.Рысқұловты зерттеу әлі
де аяқталмақ емес. Ғалымдардың айтуына
қарағанда, оның жазған
еңбектері 30 томды
құрауы мүмкін. Сондай-ақ,
Тұрар ұсталған кезде
«Қазақстан тарихы» туралы
үлкен еңбегі тәркіленіпті деседі, ол еңбек әлі
де іздестірілуде. Қысқасы,
Рысқұлов ғылыми тұрғыда
күрделі зерттеуді талап
ететін ірі тұлға.
Тұрар
«Біздің түпкі мақсатымыз – ұлттың тәуелсіздігі,
халқымның берекелі өмірі» деген.
Қазақ халқы Тұрар айтқан
тәуелсіздікке қол жеткізді,
енді оны баянды
ұстап тұру берекелі
өмір сүру келешек жас ұрпақтың
қасиетті міндеті бола бермек.
Өміртай
ҚАЛЫҚҰЛОВ, Сарыағаш, Түлкібас, Келес аудандарының құрметті азаматы.
Пікіріңізді қалдырыңыз