
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайды
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы, ұлттық рухымызды асқақтата түсетін маңызды дүние деп есептеймін.
«Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы Қазақстан тарихын зерттеу және ұлттық мұрамызды паш етуге бағытталған ірі алты жобаны таныстырып, мән-маңызына тоқталды. Ұлт тарихының әлемдік өркениеттегі орны мен рөліне терең мән беріп, жас ұрпақтың зердесіне тоқуға міндетті екендігімізді еске салады. Мақала тарих ғылымын, тарихи-археологиялық зерттеулерді, мұражай ісін, фольклорлық- этнографиялық бағытты, киноиндустрия, музыка салаларын дамытуға үлкен серпіліс береді.
«Архив – 2025» бағдарламасын жасауды ұсына отырып, «қай жағынан болсын бұл жұмыс мемлекет есебінен атқарылатын «академиялық туризмге» айналмауы тиіс. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру керек» деп біздің архив қызметкерлерінің алдына жаңа міндеттер жүктеді. Жас ұрпақтың өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, отаншылдық тәрбие беру мектеп қабырғасынан басталуы қажеттігін айтқан Елбасы осы орайда мектептер мен өлкетану мұражайларының жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құрудың маңыздылығына тоқталды.
Иә, өскелең ұрпаққа өз ұлтының тарихын, әдебиетін, мәдениетін жүйелі түрде насихаттап, тарихи санамыздың жаңғыруына, ұлттық құндылықтарымыздың ұлықталуына баршамыз бір кісідей атсалысуымыз керек. Сонда ғана біздің елдігіміздің келешегі кемел, ұлтымыздың мерейі асқақ болады.
Әлия МАМАТАЕВА, Түлкібас аудандық мемлекеттік архивінің директоры.
Пікіріңізді қалдырыңыз