
Кәсiпкерлер көмексiз қалмайды
Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай жергілікті тұрғындарға жеңіл тимегені белгілі. Алайда, арыстық ағайынның басына күн туғанда халық та, мемлекет те қарап қалмады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектен бөлек, тұралап қалған кәсібін одан әрі дөңгелетуге, жаңа кәсіп бастауға ниетті арыстықтарға жеңілдетілген несиелер беру жұмыстары басталып кетті. Біз осы мәселе төңірегінде «Ырыс» шағын несие ұйымының басшысы Данияр Арынғазинды әңгімеге шақырғанбыз.
– Иә, арыстық ағайынның жағдайы барлығымыздың да жанымызға батты. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев күн-түн демей Арыс қаласы тұрғындарының жанына жалау болып, олардың әлеуметтік және басқа да мәселелерін шешудің қамымен жүр. Арыс кәсіпкерлері үшін арнайы бағдарлама құрылып, осы бағытта қаржылық ұйымдар да уақытпен санаспай жұмыс істеп келеді.
– Данияр Манатжанұлы, арыстықтардың жағдайын жақсарту бағытында алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылмақ?
– Өздеріңіз білетіндей, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы жергілікті тұрғындарға Арыс қаласында бір ай тұруға сөз беріп, сол уәдесін орындады. Облыс басшысы Арыста атқарылып жатқан барлық құрылыс жұмыстарын бастан-аяқ қатаң бақылауына алып отыр. Арыстағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқаны да қатаң бақылаудың арқасы десек болады. Жарамсыз ретінде тіркелген үйлердің қысқа уақытта жөнделіп бітуі оңай шаруа емес. Бұған облыс орталығы болғанына 1 жыл енді толған Түркістан қаласындағы қызу құрылысты қосыңыз. Демек, дәл қазір облыс үшін нағыз сынақ сәті болып тұр.
Біздің қызметкерлер де осындай сәтте күн сайын Арыс қаласына барып, тұрғындармен тілдесіп, қажетті құжаттарын қабылдап жатыр. Алғашқы күндері Түркістан–Шымкент–Арыс қалаларының арасын күні-түні жол қылдық. Тәулігіне бар-жоғы 2 сағат көз шырымын алған кездер де болды. Бұл менің ғана басымдағы шаруа емес. Облыстағы барлық мекеме басшылары мен қызметкерлері дәл осындай күй кешті. Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету барысында «Оңтүстік» АИО» мен «Ырыс» микроқаржы ұйымының ұжымдары жалақыларының 50 пайызы мөлшерінде қаржы аударды. «Қаржыгерлер штабы» құрылып, қызметкерлер жергілікті кәсіпкерлердің өтініштерін қабылдап, тиісті кеңестер беріп, дұрыс жолдарды көрсетуде. Облыс әкімдігінің қолдауымен арыстықтарға арналған «Қамқор» бағдарламасы ашылып, оның орындалуын «Ырыс» шағын несие ұйымы жүзеге асыруда.
– «Қамқор» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып кетсеңіз...
– «Қамқор» бағдарламасымен арыстық кәсіпкерлер сыйақы мөлшерлемесі 1 пайыздық жеңілдікпен 48 айға 5 миллион теңгеге дейін кепілсіз несие ала алады. Қазіргі таңда 103 өтініш қабылданып, оның 50-ге жуығына қаржы бөлу үшін құжаттарын дайындап жатырмыз. Осы жерде айта кетейін, бұл тек Арыс қаласының кәсіпкерлеріне арналған бағдарлама болғандықтан қалаға жақын орналасқан ауылдарға жеңілдетілген несие берілмейді. Бүгінде менеджерлер құжаттарды тиянақты тексеріп, комиссия мүшелері қаржыны мейлінше қайтарымы жоғары жобаларға беруге тырысуда. Бүгінге дейін арыстық алты кәсіпкерге 15 миллион теңгенің қаржысы берілді. Ал, «Ырыс» мекемесі көмекке өз бюджеті есебінен 200 миллион теңге бөліп отыр. Жеңілдетілген несиеге өтініш берушілер көп. Алайда, бөлінген қаржы барлығына да жете бермеуі мүмкін. Сондықтан бұған түсіністікпен қараған жөн.
– «Ырыстың» облыстағы кәсіп бастауға ниеттеніп жүрген жандарды жеңілдетілген несиемен қамтып жүргенін білеміз. Айтыңызшы, жалпы жыл басынан бері осы бағытта қандай жұмыстар атқардыңыздар?
– «Ырыс» МҚҰ» ЖШС мемлекетіміздің «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл сайын қаржыландырылып отырған жобаларды көбейтіп жатыр. Мәселен, «Ырыс» микроқаржы ұйымы осы бағдарлама бойынша бірінші жартыжылдықта 581,5 млн. теңгеге 102 жобаға несие беріп, 200 адамды жұмыспен қамтыды.
«Аграрлық» несие корпорациясынан келіп түскен 1,69 млрд. теңгені шаруаларға дер кезінде таратып үлгердік. «Еңбек» бағдарламасына бөлінген 185 миллион теңге де мақсатына қарай жаңартылды. Кәсіпкерлерді қолдау үшін «Даму» қорынан бөлінген 407 миллион теңге толық игерілді. Жуырда қордан тағы да қосымша 568 миллион теңге қарастырылды. Жалпы, бөлінген қаржылар жыл соңына дейін толық игеріледі.
– Жалпы, қандай бағдарламаларды жүзеге асырасыздар? Биыл кәсіпкерлерді нендай ерекше жаңалықтармен қуантпақсыздар?
– Биыл көп балалы аналарға арналған «Кәсіпкер ана» бағдарламасы жүзеге асуда. Бұдан бөлек, 2017 жылдан бері қолға алынған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы да көптеген жұмыссыз жасқа қанат бітірді. Аталған екі бағдарламаның да шарттары бірдей. Онда жылдық мөлшерлемесі 1 пайыздық жеңілдік қарастырылған. 2 миллион теңгеге дейін несие беріліп, оны 60 айда қайтаруы тиіс. Бүгінгі таңда 4 кәсіпкер ана мен 24 жас кәсіпкер 56 миллион теңге көлемінде 1 пайыздық несиеге қол жеткізді. Осы сұхбатты пайдаланып, тұрғындарға Түркістан облысының барлық ауданында «Ырыс» мекемесінің аймақтың менеджерлері қызмет атқаратынын еске салғым келеді.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan».
Пікіріңізді қалдырыңыз