
Елбасы бастамалары сәттi жүзеге асуда
Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Түркістан облысында ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы кешенді шаралар бағдарламаның негізгі 6 басымдығын негізге ала отырып әзірленген және 7 арнайы жоба шеңберінде атқарылуда. Сонымен қатар, Ұлт Көшбасшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында белгіленген ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған нақты 6 тапсырманы орындау бойынша да жүйелі жұмыс жүріп жатыр.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық жобалық кеңсенің мәліметтеріне сүйенсек, өңірімізде тұрақты түрде өткізіліп отыратын кешенді шаралар бар. Мәселен, Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атқа міну мәдениетіне ерекше тоқталғаны белгілі. Осыған орай Түркістан өңірінде «Салбурын –мереке ғой саятшыға» атты шара жүйелі өткізіліп келеді. Шараның негізгі мақсаты – ұлттық рухты жас ұрпақтың бойына сіңіру. Сондай-ақ, Түлкібас ауданында орналасқан Шұбайқызыл шоқысында жылдағы дәстүрге сәйкес «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы!» атты қызғалдақ фестивалі биыл да жоғары дәрежеде өтті.
Еліміздің белгілі өлкетанушыларының қатысуымен сәуір айында «Номад ЭСКПЛОЛЕР – Оңтүстік аңыздары» шарасы ұйымдастырылды. Оған қоғам қайраткерлері, журналистер, блогерлер, қарапайым тұрғындар – барлығы 9 мыңнан астам адам қатысып, облыстағы киелі орындарды аралады. Саяхат барысында түрлі сайыстар, іс-шаралар өткізілді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2 томдық «Түркістан облысының киелі жерлерінің географиясы» жинағы мен «Тамыры терең Түркістан» ғылыми-танымдық альбом сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында шығарылған 10 жаңа кітап таныстырылды.
Мұнан бөлек, Түркістан қаласында «Ордабасы – бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы», «Түркістан» тарихи анимациялық фильмдерінің және 10 сериялы «Төле би» тарихи көркем фильмінің тұсаукесері өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 2019 жылы құны 29 млрд. 767 млн. теңгені құрайтын жоба мен шаралар жүзеге асуда. Бүгінгі таңға құны 234,85 млн. Теңгені құрайтын 54 жоба қолға алынды.
«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында облыстың білім беру мекемелерінде 798 іс-шара өткізіліп, оған 467 983 оқушы мен 120 мыңнан астам студент қамтылды.
Облыстағы мектептерде республикалық 18 жобамен қатар, облыстық жобалық кеңсе бастамасымен «Абай даналығы», «Өнегелі бір сағат», «Лидер Reader», «Сіз тұратын көше», «Туған жерге туыңды тік», «Рухани жаңғыру дәрістері», «Әдеп пен әдет» жобаларының кешенді іс-шараларына жалпы 280 мыңнан астам оқушы қатысты. Оған қоса 2 785 адамның қатысуымен облыстық деңгейде 12 іс-шара өткізілді.
«Рухани қазына» кіші бағдарламасының аясында есепті мерзімде облыстағы 3 кәсіби театрда 4 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 177 спектакль қойылды, бұл сахналық қойылымдарды 44 515 көрермен тамашалады.
Есепті мерзімде 24 кинокөрсетілім ұйымдастырылып, 5243 көрермен қамтылды. Ағымдағы жылы «Ахмет Ясауи» телесериалын, «Әл-Фараби» көркем фильмін, «Қамбар батыр», «Сауран қалашығы» анимациялық фильмдерін түсіру жоспарлануда.
Пікіріңізді қалдырыңыз