
Таңғы сегіз – диқандар үшін талтүс
Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan».
Дәл қазір барлық ауылда шаруаның тірлігі қызып тұрған шақ. Егінге орақ түскен. Комбайндардың даусын таңалакеуімнен қас қарайғанға дейін естисіз. Төлеби ауданының Кемеқалған ауылдық округіндегі «Нұрдәулет» шаруа қожалығының егін алқабына таңғы сағат 8-дерде жеттік. Қаланың адамдары бұл кезде жұмысқа үйлерімен енді шығып жатады. Ал, шаруалар үшін бұл мезгіл – талтүс.
Ауыл орталығынан күтіп алған қожалық төрағасы Заузат Қайыпбеков 2500 гектар алқапты алып жатқан ауыл шетіндегі егістікке алып барды. Даусы сонадайдан естілген 2 комбайн ерсілі-қарсылы бидай орып барады. Ал, алқап шетіндегі вагон үйде кезек күтіп, тағы екі механизатор демалып отыр. Аспаз оларға ас-ауқат әзірлеуде.
Механизатор Ерсінбек Жұмабековтің комбайнды тізгіндегеніне 20 жылға жуықтапты. Осы шаруашылықта жұмыс істеп жүргеніне 10 жыл болыпты. «Бізге күннің ыстығы мен суығы білінбейді. Комбайн жаңа, кабинада салқындатқыш қойылған. Таңғы 5-те тұрып, шай-суымызды ішіп алған соң жұмысты 6-дан бастап кетеміз. Комбайнның жағдайына қарай барынша тоқтамай жұмыс істеуге тырысамыз. Егер шаршасақ орын алмастыратын комбайншы бар» дейді ол. Олар егіс алқабының басында жата қонып жұмыс істейді екен. Механизатордың айтуынша, тоқтамай жұмыс істегенде бір күнде 20 гектар алқапты орып тастауға болады. Жалақы да істеген жұмысқа қарай төленеді. Сондықтан механизаторлар да маусым кезінде жұмыстың ауырлығына қарамай қимылдап қалуға тырысады. Бір маусымда миллион теңгеге дейін табыс табатынын айтқан ол түнгі 10-11-ге дейін жұмыс жалғасады дейді. Қожалықта егін орағы 25 маусымда басталыпты. Егін орағы қара күзге дейін созылмақ. Арпаны бітіп, жақында бидай оруға кірісіпті. Бұдан кейін мақсарыға көшеді, жоңышқасы тағы бар. Ерсінбек Рахманқұлұлы қыста гаражда техникаларды жөндеу жұмыстарымен айналысады.
«Биылғы түсім жаман емес. Егінге орақ түскелі 600 гектардай жер орылды» дейді қожалық төрағасы Заузат Әбдірәшұлы. – Жалпы, егіннің жақсы шығуы ауа райына байланысты ғой. Былтыр құрғақшылық болып шығынданып қалғанбыз. Гектарына 6 центнерден ғана алдық. Тіпті, өнім өте сирек болып, шығынымызды өтемейтін болған соң аяқ жағында егінді ормай, тастап та кеттік. Биыл 15 центнерден аламыз ба деген үмітіміз бар. Дегенмен, биыл қыс жайлы болып, көктем жаңбырлы болғанымен, шаруаға егіске қолайлы мамыр айының соңында күн суып кетті. Жер қызбай, біраз бидай, арпамыз ауып кетті. Оны диқандар ғана түсінеді. Алайда, күн қатты ысығанда жұмысты тоқтатамыз. Себебі, комбайнның моторына артық күш түседі, сонымен қатар ұшқын шықса от тұтанып кетуі әбден мүмкін. Қайбір күндері күннің қызуы 45-48 градусқа дейін көтерілгенде жұмысты тоқтаттық. Көрші егістікте өрт шығып, 7 гектар арпа алқабы отқа оранды. Ал, көрші шаруаның 20 гектар бидайы өртеніп кетті. Егінге түскен тілсіз жауды ауыздықтау өте қиын» дейді қожалық төрағасы.
Аталмыш шаруа қожалығы биыл Сарыағаш ауданының диқандарымен бірігіп егін еккен. Алдымен Сарыағаштағы егінге орақ салған. Мақсарыны Шымкент қаласындағы май сығатын зауытқа өткізсе, бидай мен шөп, арпа қожалықтағы жер үлесі бар 100 шақты отбасыға пай үлесі ретінде бөлінеді. Қалғанын сатуға шығарады.
Негізін 1995 жылы қалаған шаруа қожалығы алғашқыда 10 үй бірігіп жұмысын бастаған. Бүгінде пай үлестері бар қожалық саны 100-ге жетті. Шаруашылықта егіннен бөлек мал да бар. Техника да көбейді. Қазіргі таңда аудандағы ең ірі шаруашылықтардың бірі. Көрші ауылдағы егістікке де көмекке комбайн жіберіп тұрады. Жыл сайын өтетін шаруалардың «Алтын күз» мерекесінде аудан, облыс көлеміндегі сый-сияпаттардан құр қалған емес.
Алайда, қожалық төрағасы Заузат Қайыпбеков қазіргі жастардың мал бағу, егін егу сынды ауыл шаруашылығы саласына жолай бермейтініне қынжылады. Маман тапшы. Әзірге жұмысымызға жастары қырықтан асқандар жарап тұр.
Айта кетейік, биыл Төлеби ауданы бойынша 14 мың гектарға жуық егістік алқапқа күздік бидай егілсе, бүгінде соның 6000-ға жуығы орылған. Сонымен бірге, қазір 6500 гектар алқапқа егілген арпа мен 12500 гектар алқапқа егілген мақсарыны ору жұмыстары жүріп жатыр.
Пікіріңізді қалдырыңыз